Kyzylorda-news.kz. Оқу жылы аяқталған соң орта білім беру ұйымдарының базаларында 26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8, 10 сыныптағы білім алушылар үшін жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Бұл туралы брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді.
Жазғы мектеп жұмысында үлгерімі төмен білім алушыларға күрделі пәндерді игеруіне айрықша басымдық берілетін болады және бұл кезеңде үй тапсырмасы берілмейді. Сонымен қатар білім алушылар үшін еркін киім үлгісін киюге рұқсат беріледі. Оқыту процесін жүргізу үшін волонтерларды немесе студенттерді тартуға да болады.
«ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 26 мамырдағы №240 бұйрығына сәйкес, жазғы мектепті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар барлық білім беру ұйымдарына бүгінде жолданды. Әдістемелік ұсынымдар оқыту сапасын арттыру, білім алушылардың, оның ішінде үлгерімі төмен білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру және білімін толықтыру мақсатында әзірленді», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Айта кету керек, білім беру ұйымдарында жазғы мектептің сабақ кестесі мен жұмыс жоспары бекітіліп, топтардағы немесе сыныптардағы толымдылық – 25 адамнан аспайтын болады. Топтармен сабақтар өткізуге рұқсат етіліп, күніне 3-4 сабақтан оқу пәндері бойынша сабақ уақыты 40 минут болады. Сондай-ақ, кестеге балалардың оқу әдетін қалыптастыратын күнделікті 20-30 минуттық кітап оқуды қосу ұсынылды.