Kyzylorda-news.kz. Елімізде жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларын үш тілде оқыту алынып тасталды. Енді оқушылар орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқиды. Сонымен қатар жаңа пәндер енгізіледі, деп хабарлайды Stan.kz.

Қазақстанда 2022-2023 оқу жылы 1 қыркүйекте дәстүрлі форматта басталады. Бұған дейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов онлайн форматқа қарағанда дәстүрлі түрде оқу бағытын қолдайтынын айтқан болатын. Бұл министрдің сөзінше, балалардың біліммен ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны танып-біліп, дүниетанымдарын кеңейтіп, дамуына үлкен әсерін тигізеді. 

1-сынып оқушылары шет тілін оқымайды

Министр балалардың 6 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданатынын және осы жылғы өтініштер бойынша мектепке қадам басушы оқушылардың 70%-ы қазақ тілін таңдағаны туралы мәлімет берді. Оқу-ағарту министрінің сөзінше, жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде әліппені оқып, жазып үйренеді. Ал орыс тілі 2-сыныпта, ағылшын тілі 3-сыныпта қосылады. 

Жаңа оқу жылында қазақ сыныптарында «Әліппе» мен «Ана тілі» оқытылады. Ал орыс сыныптары «Казахский язык» и «Букварь/ Обучение грамоте» пәндерімен сауат ашатын болады.

Мектеп формасы қандай болмақ? 

Енді оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгеріске сәйкес формаға қатысты облыс мектептеріне ортақ бір ғана талап болады. Бала облыс аймағында бір мектептен екінші мектепке ауысса, бұрынғы формасын киіп бара алады. Әр облыста өз мектеп формаларының түсі белгіленген. Сондықтан биыл да мектеп формасына байланысты қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Осы орайда ата-аналар балаларына дайындап, қойған немесе бұрын сатып алған формаларын кигізе алады.

Жаңа пәндер

Сенатта өткен парламенттік тыңдауда вице-премьер Ералы Тоғжанов 2022-2023 оқу жылында барлық мектепте еңбекке баулу сабақтары оқытылатынын айтқан болатын.  Мектепке қайта оралатын пән 1-сыныптан бастап оқытылады деген жоспар бар.

Бұдан бөлек, мектептерде кәсіптік бағдар беретін мамандар болады. Олар оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі.

Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда мектеп оқушылары «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курстан өтпек. Бұл туралы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева хабарлаған.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курс 5-11 сынып оқушыларына арналған. Бұл жаңа сабақ 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілмек және ол факультатив форматында оқытылады.

Курс мынадай модульдерден тұрады:

  • «Қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік негіздері»,
  • «Азаматтық»,
  • «Парасаттылық пен әдеп»,
  • «Экология мәдениеті»,
  • «Сыни тұрғыдан ойлау»,
  • «Зайырлылық және дінтану негіздері»,
  • «Медиа сауаттылық».

Сыныптар мен жас ерекшеліктеріне қарай балалар осы бағыттар бойынша бөлініп, оқытылады. 

Тағы бір өзгеріс 2023 жылдан бастап кейбір қазақстандық мектептерде шахмат жаңа факультативтік пән ретінде оқытылады. Жыл сайын мұндай мектептер саны артып, кейіннен шахмат сабағы мектеп бағдарламасына енетін болады.

Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов айтып берді. Федерация 2027 жылға қарай шахмат Қазақстанның барлық аймақтарында міндетті пәнге айналады деп жоспарлап отыр.

Оқу жылы ұзарады

Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзарту іс жүзінде жазғы демалыстың мерзіміне әсер етпейтінін айтты. Енді оқушылар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.

Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады. Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады. 

Енді сапта әнұран орындау міндетті 

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің барлық мектептерінде әнұранды сапта орындауды міндетті етуді ұсынды.

«Жақында ғана біз еліміздің мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын атап өттік. Әрине көп нәрсе білім беру жүйесіне байланысты екенін түсінуіміз керек. Көптеген мектептерде апта сайын сап түзеп, әнұранды орындау бұрыннан жақсы дәстүрге айналған. Менің ойымша бұл біздің барлық мектептер үшін ереже болуы керек. Сондықтан, әріптестер, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруымыз қажет»,  – деді ҚР Білім және ғылым министрі ведомствоның аппараттық отырысында.

Мектеп асханасындағы өзгерістер

Енді қазақстандық оқушылардың ата-аналары енді мектепте қандай ас берілетінін онлайн форматта бақылай алады. Барлық мектептер тамақтандыруды ұйымдастыру туралы ата-аналарға есеп беруге, мектеп асханаларының мәзірін онлайн түрде жариялауға міндеттеледі.

Енді әр білім мекемесі балаларға түскі және бесіндік асқа қандай тағамдар берілетінін ғаламторда жариялауы тиіс. Елімізде бірегей типті ас мәзірін даярлаумен Тамақтану Академиясы айналысады. Кейін оны денсаулық сақтау министрлігі мақұлдайды. Соның негізінде еліміздің барлық мектептері жеке ас карталарын жасайды. 

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктері мектептің типтік мәзірін жаңалауда. 

Мектептердегі қауіпсіздік 

Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынбақ. Қазіргі таңда мектептердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында бюджеттен қосымша қаражат бөлінген. 

Бейнебақылау камераларынан бөлек енді қазақстандық мектептердің кіре берісінде қызметкердің орнына арнайы күзет отыратын болады. 

Білім беру ошақтары арнайы дайындықтан өткендігі туралы сертификаты, қару алып жүруге құқығы және күзет қызметіне рұқсаты бар жеке күзет агенттіктермен жұмыс істеуге көшеді. 

Тұрмысы төмен оқушыларға арналған көмек 

Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 400 мыңнан астам оқушыға берілетін көмек көлемін артқанын мәлімдеді. 

Бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша өзгерістер енгізілді. Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек. 

Сонымен қатар енді бұл ақшаны ата-аналарға қолма-қол беріледі. Осылайша ата-ана баласымен бірге жүріп оған мектеп формасын, кеңсе тауарлары мен мектепке керек-жарағын өздері таңдай алады. Бұған дейін әкімдік көмекті заттай көрсететін. Салдарынан киімдердің өлшемі мен сапасына байланысты мәселелер туындаған.

«Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. материалдық көмек алады.

Ұстаздар тапшылығы 

Енді маман тапшы өңірлерге білікті ұстаздарды жіберу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар бойынша мұғалімдерге лауазымдық жалақының 2,5 есеге жоғары ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жоғары жалақы, үй жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу қарастырылған.

Тағы да оқыңыз: