Kyzylorda-news.kz. Жаздың басталуына санаулы күндер қалды. Күнге қыздырынып, табиғат аясына шығып, серуендеу, балмұздақ алып, су айдындарына шомылу маусымын көпшілік асыға күтеді. Дегенмен оны қауіпсіз өткізудің жолдарын, сақтық шараларын да ұмытпаған жөн.  

Орманға, саябаққа шығып, қалалық шуылдан бір сәт демалып,  табиғатпен үндесіп, күш пен шабыт жинай аласыз, алайда кенеден келетін кеселді де ұмытпаған дұрыс. Бұл жәндіктер түрлі  инфекциялық аурулар – кене энцефалиті мен «Конго-Қырым» геморрагиялық қызбасының тасымалдаушылары болып табылады. Ал бұл аурулардан қорғану жолдарын Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтып берді.

«Кенелерден сақтану үшін киім біртекті ақшыл түстес болғаны дұрыс, себебі ондай киімнен кененің бар-жоқтығын байқау оңай. Ал шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу керек. Бұл эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінбесі анық, есесіне дененің біраз бөлігі жабық, қауіпсіздікте болады. Бас киім кию. Біріншіден, күннің өтіп кетуінен қорғайды, екіншіден, мойын мен шекені кене шағудан сақтайды. Өзіңізді, достарыңыз бен бірге ертіп жүрген жануарлардың үстін жиі тексеріп отырыңыз. Үйге келгеннен кейін де  өзіңізді бастан-аяқ тексеріп шығыңыз. Табиғат аясына киіп шыққан киіміңізді міндетті түрде тазалап алыңыз», - дейді ол.

Егер өзіңізден кене тауып алған болсаңыз, үрейге бой алдыруға да болмайды. Алдымен тез арада мұқият денеден алып тастау қажет. Май құюдың қажеті жоқ. Ең дұрысы пинцетті немесе дәріханадан кенені алып тастауға арналған құралды пайдаланған абзал. Ал егер Сіз энцефалит немесе боррелиоз аурушаңдығы белсенді таралған аймақтан оралған болсаңыз, кенені сараптауға өткізу керек. Одан бөлек тез арада вакцина қабылдау үшін медициналық мекемеге жүгіну маңызды.

Жаз мезгілінде күннің жылынуына байланысты тағамнан улану деректері жиілей түседі. Медициналық статистикаға жүгінсек, аурушаңдық көрсеткіші 40 және одан да жоғары көрсеткішке арта түседі. Міне, сондықтан аптап ыстықта тез бұзылатын тағамдарды сатып алмаңыз. Соның ішінде ірімшік, сүтқышқылды өнімдер, бәліштер, балық, суши, құйылмалы балмұздақ және майонезі бар салаттар қауіпті.

Тағамдарды сақтау талаптары орындалмайтын, күмән келтіретін жазғы тамақтану орындарынан ауқат сатып алудың да өз қаупі бар. Есте сақтайтын жайт, сіз сатып алатын өнімнің құжатын сұрауға толық құқылысыз.

Бірқатар өнім күн ыстықта өз балғындығын жоғалтып, керісінше денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, мұны кәуапқа етті маринадтау кезінде ескеру керек. Жеміс-жидектерді де мұқият жуу қажет. Егер зиянсыз саңырауқұлақтарды таңдауда тәжірибе болмаса тәуекелге бармаған дұрыс.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары тамақтан уланған жағдай да не істеу керек екенін айтып берді.

«5-7 л көлемінде су ішіп, асқазанды жуу керек, кейін сорбент қабылдауға болады. Тынығу, 2-3 сағат көлемінде тамақтанбауға және тек сұйықтық ішуге кеңес беріледі. Дене қызуын бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда дәрігер көмегіне жүгіну керек. Демалыс-бұл керемет уақыт, ең бастысы күш-жігерді қалпына келтіру үшін қажет. Сондықтан оны қауіпсіз өткізу маңызды», - дейді ол. 

Тағы да оқыңыз: