Kyzylorda-news.kz «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен бастау алған «Жауқазын жүрек» І облыстық (өңірлік) балалар шығармашылығын дамытуға арналған көшпелі әдеби алаң 15 наурыз күні Шиелі ауданында өтті.  Күн көтеріле М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицей базасында басталған дода түс ауа аяқталды.

Әдеби алаңды «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Г.Ізбасарова мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Т.Бөпежанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әдеби алаңға облыстың әр ауданынан әңгіме жазу бойынша бақ сынасуға 40 үміткер қатысты.

Шарада қатысушыларға жергілікті жазушылар шығармаларынан жинақталған "Әдеби дилижанс" кітап көрмесі, аудандық Оқушылар үйінің "Шебер қолдар" үйірмесінің ұлттық көрмесі таныстырылды. Іріктеу кезеңінен соң үзіліске шыққан үміткерлер мектеп-лицейдің асық алаңында асық ойнап, этноауылда домбырашылардың өнерін тамашалады. Көркемсөз оқушылар алаңға жиналған үміткерлерге жырдан шашу шашып, қадамдарына сәттілік тіледі.

Әдеби алаңның негізгі бөлімінде фасилитатор мамандар Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнар Дүйсебай, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Түменбаева мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дина Жүсіпова сараптама жасап, арнайы бағалау өлшемдерімен бағалап, өз пікірлерін білдірді, бағыт-бағдар жасады. Әдеби алаң үміткерлері «Қауырсын қалам», аудиалды жазылым бойынша «Қиялымды самғаттым...», визуал вайб тапсырмасымен «Суреттер сөйлейді...» кезеңдерінде өз қабілеттерін танытты. Әдеби алаңда сөз маржанын тереңнен теріп, көркем құндылығымен, әңгімедегі оқиға арқауымен тыңдарман қауымды ынтықтыра алған 9 оқушы арнайы номинациялармен марапатталды.

Қызылорда қаласынан келген Жарқын Мұхамбетияр  «Қиялы ұшқыр қаламгер»  атанса, жаңақорғандық Гүлжайна Әжіманова «Көркем сөздің шебері», жалағаштық Ұлболсын Бекзулла «Әсерлі әңгіме қаламгері» атанды. Қазалыдан келген жас қаламгер Әлия Кенжебекқызы «Сырлы сезім иесі» атанса, қос сырдариялық қатысушы Әзиза Әлібекқызы «Уақыттан ойы ұшқыр», Аянат Қуанышқызы «Сара сөздің зергері» номинациясын иеленді. Жерлесіміз Нұрлыжан Сейтомаров «Импровизатор қаламгер» болса, қармақшылық Ердәулет Орынбасаров «Ойы терең, өрнегі өзгеше қаламгер», аралдық Нұрай Маратова «Образ сомдаудың озығы» номинациясына лайық деп танылды.

Әдеби алаң соңында көшпелі «Жауқазын жүрек» статуэткасы Сырдария ауданына табысталды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысып, шабыт алған оқушылар мен жетекшілері шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

Тағы да оқыңыз: