Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде жастар саясатының жүзеге асырылуында аймаққа қарасты әр аудан, әр ауылдың белсенді, тұлға ретінде қалыптасқан жастарының өзіндік үлесі бар.

Осы орайда Қазалы аудандық «жастар ресурстық орталығының» мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы үшін жасап жатқан жобалары, жастар арасындағы өзекті мәселелер мен олардың шешілу жолдарын тарқататын боламыз.

Бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылуы, пайдалы дүниемен айналысу – қоғамға ортақ мәселе. Аудан жастарының бос уақыты қалай ұйымдастырылуда? «Ауданымызда 23907 жас бар. Ол аудан халқының 29,9% құрап отыр.  Соның ішінде 22 822 ауыл жастары болса, 1085-і Қазалы қаласында тұрады. 

Біз ұйымдастырған шаралардың негізгі бағыты – жастардың әл-ауқатын көтеру мен шығармашылығын шыңдау, оларды патриоттыққа баулуға бағытталған. Айта кетейін, жыл басынан бері 30 мәдени шара, 17 спорттық сайыс, 6 кеңес беру акциясы, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыты бойынша 30-дан астам қоғамдық рейдтік шара ұйымдастырылып, «жастарға кеңес» акциясы аясында 800 жасқа кеңес берілді. Сонымен қатар ауданымызда жастарды қолдау мақсатында  «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған барлығы 157 жас қатыстырылып, 4 бағытқа бөлінді. Нәтижесінде ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылған  жеңімпаздарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  оқу гранты  және оқу ақысына  50%, 25% жеңілдікпен оқитын сертифиаттары, бағыттарына байланысты барлығы 300 мың теңгенің көлемінде қаржылай  сыйақылар табысталды. Бұл аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ еріктілердің ұйымдастыруымен маусым-тамыз айларында жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында елдімекендерде «Жастар керуені» атты кешкілік концерттік бағдарламалар қойылмақ. Көшпелі қоғамдық қабылдауларды  ұйымдастыру жоспарлануда», – дейді аудандық жастар орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.

NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, олармен диалог орнату – мемлекет алдындағы ортақ міндет. Ал ауданда бұл бағытта қандай шаралар қолға алынуда? Ресми мәліметке сүйенсек, аудан бойынша NEET санатында 829 жас бар. Жастардың дерекқорын анықтау мақсатында сәуір айының 7-14 күндері ауданаралық аурухананың арнайы РПН базасы, жұмыспен қамту орталығының базасы, Қазалы ауданының полиция бөліміндегі көші-қонның базасы бойынша және учаскелік полиция қызметкерлерінің қызметтік планшеттенжеке сәйкестендіру номерлері арқылы нақты байланыс құралдары мен мекен-жайлары анықталды. Осы бойынша адрестік, базалық жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі таңда аудан бойынша «Отбасылық цифрлық карта» базасында 829 жас өзектендіріліп, 100 пайыз ақпараттары енгізілді. Оның ішінде мектепте оқып жатқаны – 1, ЖОО студенті – 23, колледж студенті – 10 жас, шетелде білім алатын – 1 жас, тіркелмеген жұмыссыз – 146, бейресми жалдамалы жұмысшы – 394, бала күтімінде, үй шаруасында – 64, оқуды жалғастырғысы келмейтін, білімі жоқ – 1, өзге қалаға қоныс аударғаны – 15, 35 жасқа толған – 174 жас бар.

«Бұдан бөлек пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда 30 жас тіркеуде тұр. Оның 3-еуі – студент. Алдағы уақытта да барлық елдімекендерде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламаға кеңінен тарту, ауданның шығармашыл жастары мен ауыл жастарының арасында байланыс орнату, ауыл жастарының еркін ұсыныс-пікірін тыңдау шаралары жүзеге асырылатын болады», – дейді жастардың көшбасшысы.

Сонымен қатар осы жылы наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін не бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Бұл бағдарлама 2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі. Бағдарламаға сәйкес жұмысшы топ құрылып, аудан көлеміндегі барлық дербес бөлімдер, мекемелерге, білім саласындағы жас мамандарға және жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде қазіргі таңда ауданнан 5 қазалылық жас 3 және 5 миллион теңге көлемінде кәсіп ашу үшін бағдарлама арқылы қаржыландыруға мүмкіндік алды.

Қоғамдық-саяси маңызды шараларға да тоқталсақ. 2022 жылы ауданда күнтізбелік жоспар бойынша барлығы 1 халықаралық, 9 республикалық, 1 аймақтық, 18 облыстық, 24 мерейтойлық, 10 еске алу, 18 спорттық және 120 рухани, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ 118 іс-шараға қаржы қаралса, 6 шара бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен өткізілді.

Барлық жоспарланған шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылып, қажеттілігіне қарай форматына өзгерістер енгізіліп отырды. 2023 жылға арналған аудандық қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына 208 іс-шара енгізілді. Оның ішінде «Қазалы ауданы көлемінде қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі бойынша 86 кешенді іс-шараларға (ұлттық, мемлекеттік, кәсіби мерекелер мен датылы күндер, мәдени-көпшілік іс-шараларға, т.б.)  аудандық бюджеттен 13652,8 мың теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

«Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімі» КММ-нің 2023 жылға арналған әлеуметтік желілерде «Қазалы ауданы бойынша қоғамдық-саяси ахуалды, қоғамдық пікірді зерттеу, талдау» қызметі бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жарияланған конкурс нәтижесінде «Қазалы Жомарт» қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасалған.

Жыл басынан бері позитивті жарияланымдар бойынша республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 21, сайттарда 37, жергілікті газеттерде мен интернет ресурстарында 340, әлеуметтік желілерде 580 материалдар топтамасы (мақала, пост, бейнежазба, инфографика) жарияланған.

Сондай-ақ, негативті жарияланымдар бойынша республикалық және облыстық БАҚ құралдарында 3, интернет ресурстарында 6, жергілікті газеттер мен газет сайттарында 13, әлеуметтік желілердегі парақшаларда сыни бағытта 62 материал, пост, бейнежазба, т.б. жария болған. «Бөлім тарапынан сыни ақпаратты тез әрі жылдам алып, дер кезінде тұрғындармен, аудан жастарымен кері байланыс орнату, пікірлер жазуды ұйымдастыру үшін мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмі бойынша жұмыстар үйлестірілуде. Аудан орталығында тұратын немесе ауылдық жердегі жастармен де тығыз байланыстамыз. Кез келген уақытта кез келген мәселесін келіп жеткізуіне, әлеуметтік желідегі парақшаларға жазып қалдыруына мүмкіндік бар», – дейді жастардың көшбасшысы.

Тағы да оқыңыз: