Kyzylorda-news.kz. Бүгінде қоғамда мектеп оқушылары және жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, оларға қатысты кибербуллинг әрекеттері өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Бүгін осыған орай аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов бастаған арнайы топ мүшелері Әйтеке би кентіндегі білім ошақтарында оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Кездесуде аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғани Құрманалиев бірге жүрді.

М.Матаев атындағы №170, Б.Мергенбаев атындағы №226, Е.Бозғұлов атындағы №249 және Ж.Жабаев атындағы №234 мектептерде өткен кездесулерде Дәурен Оңғарбайұлы ауданда топтық төбелес, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

— Бүгінгі бала – ертеңгі елдің жарқын болашағы. Содан кейін де олардың амандығы, денінің саулығы мен лайықты білім алуына үкімет қолдан келген жағдайды жасап жатыр. Қазіргі таңда ауданымызда арнайы құрылған топтар күн сайын кешкі сағат 22:00-ден бастап осы жасөспірімдер арасындағы түрлі тәртіпсіздіктердің алдын алу мақсатында рейд жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Рейд барысында түнгі уақытта мезгілсіз жүрген жасөспірімдерді полиция бөліміне тапсырып, ата-аналарына тиісінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Салынған айыппұл да аз емес. Соған қарамастан балалардың түнгі мезгілде ретсіз жүруі тоқтамай отыр. Бұл дегеніміз, яғни кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің түнгі мезгілде мезгілсіз жүруі құқықбұзушылыққа алып келері анық. Осы тұста ата-аналар балаларының болашағына көбірек көңіл бөлсе, қауіпсіздігін ойлап, заң талаптарын ұдайы назарда ұстаса екен, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Жиын барасында ата-аналар тарапынан да күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, тиісті жауап берілді.
Кездесуді қорытындылаған Дәурен Оңғарбайұлы бала – біздің болашағымыз екеніндігін айтып, ұрпаққа тәлімді тәрбие беру жолында «Мектеп, ата-ана жане оқушы» үштік одақ болып бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Айта кетейік, алдағы уақытта басқа да білім ошақтарында мұндай кездесулер жалғасатын болады.

Тағы да оқыңыз: