Kyzylorda-news.kz Жұмыс сапарымен жалағаш аудандық аламесек ауылындағы №124 орта мектебіне келіп, аулада әскери жүріспен жаттығып жүрген оқушыларды көрдік. Оқушы кезіміз есімізге түсіп, біз де жетекшіден рұқсат алып, сапқа тұрдық. «бір, екі, оңға», бір, екі, солға». Ішімізден дәл осы бір сөздер әскери жүрістің көркі іспетті деп қойдық. Бүгінгі кейіпкеріміз болашақ отанға қызмет ететін шәкірттерді тәрбиелеп жүрген білікті маман – ғалымжан баймаханов.
Саптық жүрісті қайталап болғаннан кейін мектепке кіріп, жақында ашылған кадет сыныбына кірдік. Бұл ішкі істер саласында 10 жыл қызмет етіп, аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырған Кеңесбек Әшімов атындағы кадет сыныбы екен. Мұнда болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыратын 7 сыныптан жоғарғы оқушылар қабылданады. Бізбен саптық жүрісте бірге болған оқушылардың бәрі дерлік осы сыныпта білім алушылар екен. Шәкірттеріне қаруды бөлшектеп, құрастыруды үйретіп жатқан Ғалым ағайды әңгімеге тарттық.
– Бала кезімнен әскери қызмет атқаруды армандаушы едім. Міне, үлкен арманым орындалып, Отанға қызмет етіп, қазірде оқушыларға алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Мектепте шәкірт тәрбиелеп қызмет еткеніме 25 жыл болды. Осы уақыт аралығында көптеген оқушының өзіне ұнайтын салада білім алуына көмектестім. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларды патриоттыққа, адалдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, яғни олардың болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыру. Болашақта осы жастардың ішінен халықтың тыныштығын күзетіп, елдің ертеңіне адал қызмет ететін ұрпақ қалыптасатынына сенімім мол, – дейді кейіпкеріміз.
Расында ұстаз сөзінің жаны бар. Ел тыныштығы үшін барын салатын патриоттар мектеп кезінен тәрбиеленері анық. Жалпы бала тәрбиесіне қатысты сыни пікірлер көп айтылады, бірақ біз баланың тәрбиені көру арқылы алатынына мән бермейміз. Яғни біздің оларға айтқан ақылымыз бен ісіміз бір жерден шықпаса, онда берілген тәрбиенің бәрі бекер.
«Алғашқы әскери дайындық» пәні жайында естісек, әлбетте ойымызға алғаш автоматты бөлшектеп, құрастыру келері анық. Ғалым ағай әңгімесін айтып бітпей, 5 секундта автоматты қалай шашып біткенін аңғармай қалдық. Оның оқушылары да қаруды бөлшектеп құрастырудан жылдам екен. Бір оқушысы 6 секундта автоматты бөлшектеп тастаса, енді бірі автоматты жинауға 9-ақ секунд уақытын кетірді.
Айта кетейік, қазірде Ғалымжан ағайдың жетекшілігімен «Жас полиция» кадет сыныбында 16 оқушы білім алуда. Олар аптасына 2 рет түстен кейін ішкі істер органдарының білікті мамандарының сабағына, одан бөлек қоғамдық тәртіпті сақтауға негізделген іс-шараларға қатысады. Қазірде осы сыныптағы Мұхтар Шәмші «Айбын» облыстық әскери-патриоттық жарысына қызу дайындық үстінде.
Біз де Отанға деген патриоттық сезімімізді арттырып Ғалымжан ағаймен әңгімемізді аяқтадық. Ел тыныштығын уақытпен санаспай күзетіп, сол жолда түрлі ерлік көрсетер жастарды тәрбиелеуде кейіпкеріміздің орны ерекше. Оның қолынан алдағы уақытта әлі де қызметтегі ерлігі халық аузында жүретін шәкірттер тәрбиеленеді деп сенеміз.
Бала бойына патриоттық тәлім сіңіру оңай шаруа емес. Оның үстіне оларға әлгіндей қаруларды бөлшектеп жинату да қиынның қиыны. Бірақ кейіпкеріміздің шәкірттері оған дағдыланған. Бұл да оқушылармен қатар ұстаздың шеберлігін аңғартса керек. Қазірдің өзінде Аламесектегі кадет сыныбында оқитын балалар әскери білім алуды мақсат етіп отыр. Ұлағатты ұстаз айтқандай, біздің болашағымыз осындай жастармен тығыз байланысты.