Kyzylorda-news.kz Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапарымен бірқатар ауылда болды. Мақсат – елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйінен хабардар болу. Ол ең алдымен қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов ауылына табан тіреп, елді мекеннің тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының электрмен жабдықтау жұмыстарымен танысты. 

Бүгінде ауылда мердігер мекеме «Энергомера» ЖШС арқылы электр­мен жабдықтау жұмыстары басталған. Жобаның сметалық құны – 423, 871 млн теңге. Оның ішінде құрылыстың сметалық құны – 288, 542 млн теңгені құрайды, жабдықтар – 66, 405 млн теңге. Ал басқа жұмыстар мен шығындар 68, 923 млн теңгені құраған. Желінің ұзындығы ВЛЗ-10 кВ 7 729 м, КЛ-10 кВ 200 м, ВЛИ-0,4 кВ 20 271 метрді құрайды. Қазіргі таңда жоспарланған 314 тұрғын үй тұсына бағана орнату жұмыстары жүргізілуде. 6 айда Т.Жүргенов ауылының тұрғын үй секторларын электрмен жабдықтау жұмыстары толық аяқ­та­лады. 

Елді мекендегі электр же­лі­лерін қайта жаңғырту жұ­мыс­та­ры­мен танысқан аудан әкімі Ардақ Әбдіғап­парұлы әдеттегідей мерді­гер меке­менің назарына әуелі жобаның сапалы аяқталуы қажеттігін салды. Сондай-ақ сала бойынша жауапты бөлім басшыларына елді ме­кен­дегі көптен бері оң шешімін тап­қан, тұр­ғындар сұранысындағы жүйелі істің мер­зімінде, са­палы аяқ­тауын қадағалауды тапсырды. 

Мұнан кейін аудан басшысы  ауыл арда­гер­лерімен пікір алмасып, ұсыныс­тарын тыңдады. Ауылда бастау ал­ған ауқымды жобаның іске асуы бары­сында тұрғындар пікірі маңызды екенін де тілге тиек етті. 

Облыс әкімінің тапсырмасына сәй­кес ауыспалы егісті сақтай оты­рып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруде ау­дан бойынша «Ер-Әлі» шаруа қо­жа­лығы көш бастап тұр. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, қыс бойы өткізілген жәрмеңкелерде аталған шаруашылық картоп, сәбіз және қызылша өнімдерін өндірушіден делдалсыз тұтынушыларға арзан ба­ғада ұсынды. Күрішпен кірісін еселеген Сыр өңірінде соңғы жылдары «Ер-Әлі» шаруа қожалығының алмаба­ғында өскен жемістер «Құрманбай ата алмасы» атауымен нарықта өз орнын қалыптастырып үлгерді. 

Іс-сапар барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов шаруашылық төра­ғасы Әліби Бекжановпен бірге қызу тірліктің куәсі болды. 

Аталған шаруашылық 2017 жыл­дан бастап алма өсіруді қолға алған. «Құрманбай ата» деп аталатын бақтың өнімі бүгінде облыс орталығы мен өзге аудандардағы сауда орталықтарының сөрелерінде сатылымда тұр. 

Былтыр барлығы 5 гектарға егілген 12 600 көшеттен 20 тонна алма жи­налған. Ал биыл шаруашылық төра­ғасының айтуынша, 30-40 тоннаға дейін өнім жинау жоспарда бар. 

Бақта алманың «Гала», «Голден», «Симиринко», «Фуджи» сорттары бар. Тіршілігі тындырымды кәсіп иесі, алмабақтың бағбаны былтыр 310 қаз балапандарын әкелген. 2023 жылы оң нәтижесін берген бұл бас­тама шаруашылықтың құс етін өнді­румен айналысуына сеп болған. 

Аудан әкімі өнімді істің бабын тапқан шаруашылықтың тұрғындарға ұсынған татымды өнімдері мен жаңа жұмыс орындары басқаға үлгі етіп көрсе­терлік іс екенін жеткізді. 

Жалпы бұдан бөлек Темірбек Жүр­генов ауылында 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің бүгінде 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін мен мал шаруашлығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген. Қай саланы алып қарасақ та өрлеу мен өсу бар. Ауылда 1 се­рік­тестік, 10 шаруақожалық егін ша­руа­шылығымен айналысады. Олар былтыр 4 021 гектар жерге егін еккен. Оның 1 896 гектарына Сырдың басты дақылын сепкен. Мұнан бөлек 1 135 гектарға ескі жоңышқа күтімге алы­нып, 492 гектарға жаңа жоңышқа егіл­ген. Нәтижесінде олар мол ас­тық­тан тау тұрғызып, жыл сайын ре­кордтық өнімге қол жеткізіп жүр. 

Аудан басшысы бүгінге дейін ауыл­дарға жасаған жұмыс сапарында әрбір жобаның сапасына мән беру қажеттігін қатаң ескертуден еш жалыққан емес. Бұған дейін Таң ауылдық окру­гіне барған ол ауыл­дың амбулаториясына жөндеу жұмыстарын жасауды, №118 орта мек­тептің абаттандыру жұмыс­та­рын, балалар ойын алаңы мен фут­бол алаңын сапалы жүзеге асыру қа­жеттігін жеткізген болатын. Осы ай­тылған тапсырмалардың орында­луымен танысу үшін ол арнайы Таң ауылдық округіне де табан тіреді. 

Ауылдық округте бастау алған жобалармен танысып шыққан аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларына нәтижелі іс болу үшін қатаң бақылау қажеттігін жеткізіп, ел игілігі үшін салынып жатқан жо­баларды жоғары сапада жүзеге асыруды тапсырды. 

Сондай-ақ ауылдағы көркейту-көгал­дандыру жұмыстарын қарқынды жалғастырып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан кәсіпкерлік мақ­саттағы бастамаларды тиянақты аяқ­тауды міндеттеді.

Жалпы Таң ауылының даму дина­микасына келсек, тарқатып жазар дү­ние көп. Әсіресе мұндағы жарқын жобалардың жүзеге асуы жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсерін тигізуде. Ауыл – тынымсыз тірлік жасап жатқан елді мекендердің бірі. Әсіресе ауылды көркейту, дамыту жо­лында жыл сайын жүйелі жұмыстар атқарылуда. 

Осылайша іргелес жатқан елді мекендердің тыныс-тіршілігімен таны­сып, тұрғындардың талап-тілегіне құ­лақ түрген аудан басшысының жұмыс са­пары ауыл ақсақалдарының бата­сымен қорытындыланды. 

Тағы да оқыңыз: