Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев қытайлық China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының Орталық Азия бойынша басшысы Фэн Янаньмен кездесті.
China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. – энергетика саласындағы халықаралық инвестициялық компания және China Huadian Corporation құрамына кіреді. Компанияның негізгі бағыттарына электр энергетикасы нысандарын салу және пайдалану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу жатады.
2030 жылға қарай еліміз энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ағымдағы 4,5%-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Облыс аумағында жалпы қуаттылығы 130 мегаватты құрайтын 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде 4 ірі станция шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Соның бірі – «Хуадиан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған, қуаттылығы 40 МВт болатын «Тесис» серіктестігінің күн электр станциясы. Жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге.
Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 80 гектар жер телімі беріліп, станция жергілікті тұрғындар үшін 10 жаңа жұмыс орнын ашты.
Алдағы уақытта қуаттылығы 260,5 мегаваттан астам 6 күн және 2 жел электр станциясы іске қосылады. Өңірдегі жасыл энергетиканың әлеуеті әлі де толық игерілмеген. Қазіргі таңда 500 мегаваттқа дейін электр энергиясын қабылдауға қабілетті дайын энергетикалық инфрақұрылым бар.
Атап өту керек, облыстың энергияға қажеттілігі күніне 203 мегаватты құраса, аталған жобалар іске қосылғанда өңір толықтай жасыл энергиямен қамтамасыз етіледі.
Кездесу барысында Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздері бойынша жаңа жобаны іске асыру мәселесі талқыланды.
Аталған бастама өңірдің энергетикалық әлеуетін одан әрі арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
