Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіздіктің символы – Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Шаңырақ-Арман» пьесасын аудан жұртшылығы Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында тұңғыш тамашалады.

Пьесаны жазған драматург-жазушы, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген қайраткер, Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Жолтай Әлмашұлымен сұхбаттасып, сәті түскен шығарманың туу тарихынан аз-кем сыр суыртпақтадық.

«Нұрсұлтан қаласында Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің мерекесі аясында Жандарбек Мәлібекұлына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Осы орайда ой түсті. Туған топырақтың қасиетін тұла бойына сіңіріп, ұлттың ұлық құндылықтарын көкірек ұясында қо¬рытып, ажарлы айшықтап, жаңа дәуірге жарқыратып қайта ұсына алған ардақты азаматымызды елден бұрын өзіміз еншілеп, егеленіп, «ер мойнында қыл арқан шірімес» қалпымызды қасиет тұтып, қадірліміздің көңілін қанаттандырып қою міндетіміз ғой. Аудан басшысы қызметін атқарған Рүстемов Руслан інімнің: «Ағаның туған күнімен тұспа-тұс өтетін мерейлі шарада сахналық көрініс шығара алсақ қатып кетер еді-ау» деген қолқасымен жазуға отырдым. «Шаңырақ-Арман» пьесасы осылай туды», – дейді ол.

Жаңа туындыға тәуекел еткен суреткердің сана түкпірінен сырлы шежіре жазылған хаттай қорытылып, жан қинап, маңдай терлетпей-ақ түйдек-түйдек төгіле беруінің сыры мынада: Қонысы қатар қонған қос талант жиі көрісіп тұрады екен. Бір-бірінің шын болмысын жете танып, ағалы-інілі бауырластықтың соңы біртұтас мүддеге айналып, жусаннан аласа, бетегеден биік, жуас мінезді жомарт елдің ортақ жоқшысына айналғалы қашан.

Бұған дейін нешеме тарихи туындылар жазып соның жалғасын пьесаға айналдырған автордың қаламынан Сұлтанбек Қожанов туралы «Сталинмен бетпе-бет», Садықбек Сапарбековтің Сәкенмен кездесуі туралы «Сәкеннің соңғы сапары», біріншісі ел астанасында Оқушылар сарайы театрында, екіншісі Қарағандыда қойылды. Нәзір Төреқұлов туралы пьесаны Түркістан театрында Райымбек Сейтметов сахнаға шығарды. Бұдан өзге Қостанай, Қызылорда, Көкшетау қаласында да сахналанды. Моңғолияның Баян Өлгей аймағында жазушының шығармасы сахналанып, ондағы қандастардың зор қошеметіне кенелді. Авторға осы жолы Моңғолияның «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бүгін, атамекен сахнасында тұңғыш сахналанған «Шаңырақ Арман» пъесасының мән-мазмұны жоғалған шаңырақты төрге оздырып, төбеге шығарған Елтаңба авторының еңбегіне еріксіз бас идірді.Қойылымның басты идеясы «қазақтың болмысын шаңырақтың айналасында біріктіруіміз керек» деген ұстанымнан туды.Киіз үйдің ең қасиетті бөлігі – шаңырақ. Шаңырақтан аспанды көреміз, жұлдыздарды көреміз, әлемді көреміз. Кешегі «Ақтабан шұбырынды, алқакөп сұлама» атанған зұлмат кезеңде қазақ осы шаңырағынан айрылған жоқ па? Ол пъесада былай өрнектеледі: Құздан төмен құлап кеткен баба шаңырағын нешеме жылдардан соң тауып алған ақсақал мен осы бір кенді аймақты иеленгісі келетін арам пыйғылдылар арасында болатын айқас мына тіршілікте әлді мен әлсіздің арпалысына куә етеді. Ақырында әділдік салтанат құрады.

«Шаңырақ сатылмайды. Жер де сатылмайды» деп жар салған ақсақалдың жанайқайы күні бүгін тәуелсіздігін тәу еткен қазақ баласының басты серті. Жүрекпен жазылған шығарманың көбесін сөкпей көрермен көңіліне жеткізе білген туған жер өнер саңлақтары – Дінмұхамед және Балмұхаммед Әбжаппаровтар, Айдарбек Молдабеков, Марғұлан Қалила, Шәкәрім Ибадулла, Тоқтар Әжімұратты жаңа қырынан таныдық. Сәулетші, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген кайраткері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жасқа толу құрметіне арналған салтанатты жиын модераторы, аудан әкімі Руслан Рүстемов сөз алды:

Биыл Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерекесіне орай ауданда бірқатар шаралар өткізілуде. Мем-лекеттік Елтаңба авторы бүгін туған топырағына келіп, «Тағылымы мол тұлға» атты жиынын өткізіп отырмыз, – дей келе арнайы келген қонақтармен таныстырды.

Алғашқы сөзді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жолтай Әлмашұлына берді.

– Ұлттық рәміздер – желбіреген көк Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Сол Елтаңбаны салуға үлкен үлес қосқан, жер-жерден келіп түскен 293 еңбектің ортасынан оза шауып бәйге алған, елдің, халықтың ықыласына бөленген, сол арқылы бас жүлдені жеңіп алған жобаның авторы Жаңақорғанның төл перзенті, Ташкент қаласындағы архитектура-құрылыс институтының түлегі, жерлесіміз Жандарбек Мәлібекұлы. Ұлттық рәміздер – халықтық айбатымыз. Көк туымыз қанымызды тасытатын, жанымызға қосымша қуат беретін құдіретке ие. Көк ту желбіреген кезде әрбір қаны қазақ тебіренбей тұра алмайды, – дей келе Елтаңбаның жеке композициялық құрылымы турасында кең тұрғыда түсінік берді. Көркем шығарманың туу тарихын әңгімеледі.

«Өзі күй қазақтан туды ма, қазақ күйден туды ма», – деп ақын Ұлықбек Есдәулет тебіренгеніндей, алдымен қазақ туды ма, әлде қазақтан бұрын шаңырақ туды ма? Осы ой мені көптен толғандыратын. Елтаңбаның ортасында шаңырақ тұрса біздің еліміздің де еңсесі биік болады. Бұл қазақтың арманы. Шаңырақ шынында да қасиетті ұғым. Шаңырақтан қазақ тараған. Бүкіл түркі жұрты тараған. Елтаңбаның негізгі бөлігін алып тұрған шаңырағымыз аман болсын. Осы идеямызды қолдап, рухани демеу білдірген Руслан Рүстемұлына алғысымды білдіргім келеді, – деп сөзін қорытындылады.

Мұнан әрі сөз алған облыстық ардагерлер Кеңесі төрағасы Серік Дүйсебаев кеше ғана мемлекет басшысының қолынан 1 дәрежелі «Барыс» орденін алған аға мерейі бүкіл Сыр елі үшін үлкен қуаныш болғанын зор ықыластық сезіммен жеткізді. Аға талантына бас иген көпшіліктің қатарында тарихи мұрамызда көрініс алған ұлттық шынайы құндылықтарымыз үшін Елтаңба авторына аллғаусыз алғысын жеткізді. Одан соң сөз алған ел ағасы, қоғам қайраткері Дайрабай Ысқақов Жәкеңнің туған елге деген жүректегі сүйіспеншілігінің көшірмесіндей болған төл тумасының биік танылуына бауырлық қуанышын бөлісті. Елтаңба авторы туралы пьесаны жазып, көп көкірегін телегей-теңіз әсерге бөлеген Жолтай інісіне ризашылығын жеткізді. Талант иелеріне Сыр өңіріндегі аға толқынның атынан сый-құрметін көрсетті.

Мұнан соң сөз алған Еуразия ұлттық университеті құрылыс-сәулет факультетінің деканы Темірхан Әнапияұлы өзі туып-өскен Қандөздің топырағында орта мектепті бітіріп, 1979 жылы елден жырақта Қазақстанның алты облысында еңбек еткен азамат. Бірақ жүрегі туған жер деп соғатын тұлғаның бүгінгі жан толқынысын түсінуге болатындай.

– «Қаратаудың бөктерінде, қанат жайып көкке өрле. Бабалардан қалған белгі – Жаңақорған» деп шырқалған ғажайып өлке бұл. Небір жақсы мен жайсаңдарды дүниеге келтірген. Сол азаматтар арасында небір абыздар ортамызда жүр. Біздің туған жерге ат басын тірегендегі басты мақсатымыз – бүкіл қазақтың мақтанышы Жандарбек Мәлібекұлын қошеметтеп келіп отыр¬мыз. Бұл кісі бүгінде біздің Еуразия ұлттық университетінің профессоры.Биылғы жылы осы оқу орнына 215 талапкер сәулетші боламын деген үмітін үкілеп келіп отыр. Тек қана осы кісінің болмыс-бітімін көзімен көріп, көңілімен ұнатқан ұландардың осы мамандықты таңдауының өзінен алдымызда отырған киелі тұлғаға құдай дарытқан ерекшелікті мойындай беруімізге болады. 30 наурыз күні аталмыш оқу орнында аға мерейтойына орай үлкен жиын өткелі отыр. Соған баршаңызды қадірлі қонақ ретінде шақырамын.

Көрегендік – тектіліктің белгісі дейді. Өзінің ниеттестігін қосып, шараға мән дарытып отырған басшы – Руслан Рүстемовке алғысымыз зор.

Еуразия ұлттық университетінде 30 наурыз күні үлкен ғылыми орталық ашылады. Бұл Елтаңба авторының бала кезгі арманы. Орталықта ұлттық сәулетті жаңарту, еліміздің мәдениетіне ұлттық сипат беруді мақсат етіп отырмыз.Университет қабырғасында оқитын жаңақорғандық түлектерге оқу орны ғылыми кеңестің мүшесі ретінде әлеуметтік жағынан қолдау жа¬сауға дайынмын. Қазір осындай 17 студентті өз қамқорлығымызға алып отырмыз. Жандарбек Мәлібеков ағамыз жақында ғана Мемлекет басшысының стипендиясына ие болды. Зейнетақысынан бөлек ол әлеуметтік жағдайы төмен 2 студентке өзінің стипендиясын тағайындап отыр. Екеуі де жаңақорғандық жастар.

Жиырма бес мыңға жуық жас білім алып, үш мыңға жуық педагог қызмет ететін Қазақстанның №1 жоғары оқу орны атынан сіздерге ыстық ықыласымды және сол университетті басқарып отырған қазақтың тамаша азаматы, ҚР Ғылым Академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Сыдықов мырзаның сәлемін жеткізгім келеді, дей келе, Жаңақорған жұртшылығына және ауданның басшысына университет Гербін табыс етті.

Университет дүние жүзінің 300 үздік оқу орнының қатарына енсек деген талпынысы бар. Аталмыш оқу орнында Жәкеңнің қолынан шыққан Елтаңба макеті сонымен қатар асыл аға өмірге келген Екпінді ауылның әкімі Қайрат Қожамжаровқа табысталды.

Шараға арнайы келген Қазақстан Журналистикасының академигі, «Айғақ» телерадио компаниясы ЖШС-нің бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат На¬зарбекұлы сөз алды:

– Журналист ретінде рәміздерді көп зерттеген адаммын, – деді ол. «Арқадан ауған ауыл» деген мақаланың ізімен зерттеу жүргізіп келе жатып Жандарбек ағаның еңбегіне маңдай тіредім, – деген ол киелі Түркістан қаласы бейнеленген кілемді сыйға тартты. Аға иығына өз атынан шапан жауып, сый-сияпат жасады. Облыстық мәслихат хатшысының Құттықтау хатын табыс етті.
Келесі кезекте жергілікті тарихшы, өлкетанушы Әлімжан Ержанов «Елтаңба – елдіктің белгісі» тақырыбында хабарлама жасады. Ол Елтаңба сөзінің шығу төркінінен бастап түсіндірме жасады. Мәселен Герб – мұра деген мағынаны береді. Орта ғасырларда Еуропада Геральдика деп арнайы Елтаңбаларды зерттейтін ғылымның бір саласы пайда болды. Бүгінде бұл ғылым саласы қарқынды дамып келеді.

Біздің Елтаңбамыздың тарихы өз ата-бабаларымыздың пайдаланған таңбасынан бастау алады. Сонау көне замандарда елімізді мекендеген әрбір тайпа, әрбір рудың өз таңбасы болды. Олар барынша қарапайым болды. Ал бүгінде әрбір елдің таңбасында геральдикалық талаптарға сай сол елдің мәдениеті, тарихы, экономикасы тұтастай көрініс береді.Өз тәуелсіздігін алған мемлекеттер қатарында Қазақ елі 1991 жылы егемен ел ретінде өз рәміздерін жасауға кірісті. Міне, осы тұста Қазақ елі Елтаңбасында алтын түс – жарықты, байлықты, молшылықты білдірсе, аспан түстес көк түс – бостандық, кеңдік, бірлікті білдіреді, – дей келе, егемен мемлекет Елтаңбасының тарихына тоқталды. Ол Елтаңбадағы бесжұлдыз туралы өз өңіріміз – Сығанақ қаласында Өзбек ханның тұсында салынған теңгенің артқы бетінде бес жұлдыз бейнеленгенін айтып, тарихи маңызына тоқталды.Жиында құттықтау сөз алған Елтаңба авторының студент кезден жан досы, ел ағасы Алшынбай Тұртановтың сөзі шынайы жүректен шыққан әсерлілігімен көптің көңілін толқытты.

– Біздің нағыз таза, былғанбаған балалық шағымыз Жандармен бірге өтті. Ол уақыттағы тазалық, отанға деген, қазақ еліне деген, қазаққа деген ықыласымыз ерекше болатын.Жан алып, жан берісуге дейін баратынбыз. Ол кезде Ташкентте 5 академиктің төртеуі қазақ еді. Біздің ректорымыз академик Мұса Оразбаев қазақ группаларын ашқан. Профессор Әлмұхамедов деген ұстаз математикадан сабақ берді. Ол «Қазақстан – заманауи математиканың мекені». Қазақтар туғаннан математик, бұлар Әл-Фарабидің Отанынан келгендер» - деп бірнеше матемитиктің атын атады.Сол кезде төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Өзі Орынбек Жәутіковтың шәкірті екен.

Қазақтың мақалы «Иесіз ел болмайды, киесіз жер болмайды» дейді. Жаңақорған топырағына екінші рет әкім болып қызмет еткен, бүгінде сенат депутаты Руслан Рүстемұлы өңірдің рухани деңгейін өте жақсы көтеріп кетті. Біздің тұлғалы азаматтарымыз ешқайсысы атаусыз қалмады. Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың, қазақ тарихын терең зерттеген ғалым, жазушы Жолтай Әлмашұлының шығармашылық кешін ұйымдастырды. Осындай еңбектеріне қарап бұл кісінің халыққа сіңірген еңбегі көп деп ел атынан рахмет айтамын» деді. Мерейтой иесінің иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Туған халқына жүрекжарды тілегін жеткізген Жандарбек аға өзін қалыптастырған тарихи мекенге мәңгі қарыздар екенін жеткізді. Дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымы тізімінде тұрған Жаңақорған деген атауды тік көтеріп, киесіне кір жуытпауға үндеді. Әзиз басын иіп, барша халқына ризашылығын жеткізді. Ақын Әбілқайыр Сыздықов арнауын оқыды.

Тағы да оқыңыз: