Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында әрбір үшінші адам өзге елге барып жұмыс істеп, көл-көсір ақша тауып, сол арқылы отбасының материалдық жағдайын ретке келтіріп жатқаны туралы мысал келтіріп бере алады. Айталық, Қандөз ауылы жастарының елу пайызға жуығы Ресейде жұмыс істейді. Бұған сенесіз бе?

Шетел асқандардың айтар уәжі – біздегі қаржыға күн көру қиын, тапқан табыс кредиттен артылмайды. Бұл – көрші елде жүрген жерлестердің ортақ пікірі. Ресейдің Амур қаласында жұмыс жасап жүрген Қандөздік Ержан Дәрібаймен телефон арқылы тілдестік. Ол да бала-шаға қамымен шетел асқанын жасырмады.

«Амур қаласында жұмыс жасап жүргеніме 2 жылдың көлемі болды. Онда темір құрастырушы болып жұмыс істеймін. Әрине, Қазақстанда жұмыс жоқ емес, бар. Алайда айлығың шайлығыңнан артылмайды. Ауылдағы 80 мың айлықты жеткізу оңай болмады. Бір айдан, екінші айға жету оңай емес. Оның үстіне, қымбатшылық алқымнан алып барады. Осы себепті шетел астық. Мұнда да барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Қазір 45 градус суықта жұмыс жасаудамыз. Ең бастысы – жалақысы тәуір. Теңгемен шаққанда 350-450 мың жалақы аламын. Бала-шағаңның қасында, үйіңнен кіріп-шығып жұмыс істегенге не жетсін?! Амал жоқ, күнкөрістің қамы», – дейді қандөздік Ержан Дәрібай.

Бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттерді де алқымынан алып тұрғанын анық байқауға болады. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оң шешемінің болмағандығын тілге тиек етуде. Айталық, бауырлас түрік елінде тепсе темір үзетін 4 миллионнан астам жас жұмыссыз екен.

Ал, біздің аудандағы жағдай қалай? Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына 484 жаңақорғандық жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Біз аудандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында қандай жұмыс атқарылып жатқанын білмекке аудандық жұмыспен қамту орталығының есігін аштық. Мұнда мекеме директоры Жаңабек Тұрлыбековке жолығып, мәлімет алдық.

«Биыл 1265 жасқа бағдарлама шеңберінде оқыту курсына жолдама бердік. Оның ішінде, 1029-ін қысқа кәсіптік қайта даярлау курсына жібердік. Жұмыссыз жастардың 132-ін әлеуметтік жұмыс орындарына, 165-ін жастар практикасына жолданды. Жұмыс тәжірибесі барысында өзінің белсенділігін көрсете білген 29 жас маман тұрақты жұмысқа қабылданған. Ал 724 жас қоғамдық ақылы негіздегі жұмысқа тартылды», – дейді Жаңабек Тұрлыбеков.

Орталық басшысының сөзінше, заңгер, экономистке ауданда сұраныс жоқ. Бос орын жұмыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәнекерлеуші, құрылысшы, көлік жүргізуші және т.б мамандық бойынша сұраныс көп болады.

«Аудан орталығындағы кафе мен дәмхана иелері әрбір жәрмеңкеде қарапайым жұмысшыға сұраныс береді. Соған баратын адамдар таппаймыз», – дейді басшы.

Ал, жастар күнұзаққа болмашы қаржыға жұмыс істегенді қаламайды. Олар одан да шетел асып, айына 500 мыңға жуық табыс табуды дұрыс санайды.

Түйіндей айтқанда, жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға тимейтіні анық. Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймайтын, ең өткір мәселе айналды. Бұл жөнінде аудан әкімі Руслан Рүстемовтың пікірін шілде айында өткен аппарат мәжілісінде естідік. Әкім жұмыссыздықпен айналысуы тиіс мекеменің іске қауқарсыздық танытып отырғанын сынға алды.

Шындығында, ауданда жұмыссыздықты жастар практикасы мен ақылы қоғамдық жұмыс есебімен шешуге ниет танытып отыр. Ал, жұмыс берушілермен тікелей жұмыс жасау механизмі әлі жолға қойылмай келеді. Егер өзіміздің жастар уран, тас өндіру және т.б компанияларға жұмысқа орналасудың жолын тапса, шетел асып несі бар?!
Сонда шетелде жүрген жастардың қауіпсіздігіне алаңдамас едік.

Тағы да оқыңыз: