Kyzylorda-news.kz. Биылғы жаз маусымының құрғақ болуының әсері ме, кенеден келген қауіп жылдағыдан еселеп артып, елдің үрейін алып тұр. Жаңақорған ауданы бойынша 2023 жылдың шілде айының 13-ші жұлдызына дейін кене шағудан емдеу орындарына 197 адам қаралған, 2022 жылы осы кезеңде кене шағумен 68 адам қаралса, биыл кене шағу 3 есеге жоғарылап отыр. Себебі кененің көбейетін кезеңі осы айларды құрайды. Осыған орай біз Жаңақорған аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдарованы әңгімеге тартып, бүгінгі ахуал туралы жан-жақты білуге тырыстық.
– Жаз мезгілінде көкке шығып демалушылар да, суға түсушілер де көбейетіндігі белгілі. Көп жағдайда қауіпсіздіктің алдын алмастан опық жеп жататындар бар. Сондықтан да «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы жанымызға жақын ұстағанымыз абзал. Соңғы уақытта кене жәндігінен сақтану шаралары көптің назарынан ұмыт қалуда, – дейді ол.
Бұл аурудың аса қауіпті аталуы егер науқас дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе қанның көп кетуінен өлімге әкелуінде.
Бұл ауру адамға вирусты тасымалдайтын кене шаққанда, сондай-ақ малдағы кенені жалаң қолмен жұлғанда, езіп өлтіргенде, қой қырқу кезінде, кенені қырқып тазартқанда, кененің қаны шашырағанда жұғуы мүмкін. Сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде оның қанымен жанасу болғаннан кейін жұғады. Аурудың жасырын кезеңі 1-7 күннен бастап, 12-14 күнге дейін созылуы мүмкін. Адам ағзасында жалпы улану белгілері пайда болып, науқастың басы қатты ауырады, әлсіздік пайда болып, бұлшық еттері, сүйектері сырқырап ауырады. Ұйқысы бұзылып, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Науқастың белі, іші ауырып, құсу жағдайы да болады. Ине шаншыған жерлер көгеріп, көзі қызарып, ауыз, мұрын қуыстарынан 7-8 –ші күндері қан кетуі мүмкін. Дер кезінде емделмеген жағдайда науқастың қан анализдерінде қанның ұю уақыты ұзарып,қан көп кету жағдайына әкеліп соқтырып, кеш келген науқасты аман алып қалу жағдайы мүмкін болмай қалады. Егер науқас дене қызуы көтерілісімен емдеу орнына қаралып емін дер кезінде алса , науқас қан кету жағдайына жетпей жазылып кетеді де науқаста 5 жылға дейін иммунитет пайда болады. Бұл індетті болдырмас үшін басты жағдай кенелерді жою шараларын жүргізу, мал қораларды көңнен қидан таза ұстау арқылы кенелердің мал қорада ұялап көбеюінің алдын алуды ұйымдастыру қажет. Кенелер малдың қанымен қоректенетіндіктен малға кене жабыспау үшін дәрілеп отыру қажет. Табиғат аясына шыққанда ақ түсті жеңі ұзын киім киіп, балақты шұлықтың ішіне салу қажет.
Егістікке, табиғат аясына және мал қораға барып келген соң сыртқы киімдерді шешіп денені кенеге мұқият тексеру керек;
Аудан тұрғындарының назарына! Егер денеңізге кене жабысқанын байқағанда өз бетіңізше ем жасамай жергілікті медицина маманына қаралуға кеңес береміз.
– Кенеден қалай сақтанамыз?
– Кене буын аяқты қансорғыш жәндік ретінде адам өміріне өте қауіпті – Конго Қырым қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия, рикетсиоз сияқты жұқпалы ауруларды таратады. Қансорғыш буынаяқтылар адам мен малдарға көктем мен ерте жазда шабуыл жасайды. Бір ерекшелігі, оның денеге жабысқаны, шаққаны байқалмайды. Кенелер теріге байқатпай яғни ауыртпай жабысады.Жұқпалы ауру адамға кене шаққан кезде ғана емес, оны денеден сығып алып тастау кезінде, және үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде де жұғады. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резiңке қолғап кию керек, себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруға болады. Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны ажыратқан жөн немесе спирт, иіс су, лосьон тамызуға болады. Вазелинді де қолдануға болады. Түсіріліп алынған кенені ыстық суға салу керек немесе өртеп жіберген дұрыс. Кене шаққан жерді иодпен, спиртпен жақсылап сүртіп, қолды сабындап жуу керек. Кене жоламайтын «Тайга», «Лесная» сияқты майлы заттарды қолдануға болады. Креолин және лизол сияқты май дәрілерінің ерітінділерін түнде мал жататын жерлерді, мал қораларды өңдеу үшін қолданған жөн. Күн жылынып, жер көгере бастағаннанақ қалалықтар мен қала меймандары тауға шығуға, көгалға демалуға ағыла бастайды. Мұндай жағдайда таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтiп, баптаушыларға, жемiс-жидек терушiлерге кенелерден абай болуын ескертемiз.
– Кене шаққанын қалай білуге болады?
– Кененiң шағуы – адамды қауіпті ауруларға және көп жағдайда өлiмге апаруы мүмкiн. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып қан сорғанда мүлде ауырмайды, сондықтан көп жағдайда адамдар кененiң шаққанын байқамайды. Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi, бiрақ ең қауiптi кезең – мамыр, маусым шілде айлары. Ауру белгiлерi, шаққаннан кейiн 2 аптада (7-14 күн) бiлiне бастайды, кейде 1-2 күннен немесе 45 күннен кейiн бiлiнедi. Себебi, ол ағзаға түскен вирустың көлемiне байланысты. Көпшiлiк жағдайда аурудың жеңiл және орташа түрлерi кездеседi.Негізі, кене көптеген жұқпалы аурулардың таратушысы кенелер болып табылады.Аса қауіпті Конго- Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы иксодес тұқымына жататын кенелердің шағуынан таралады. Аудан көлемінде иксод кенелерінің 5-6 түрі кездеседі. Кенелердекөз болмайды,бірақ сезімталдығы өте күшті. Кенелер 5 мыңнан 20 мыңға дейін жұмыртқа салады. Ауру таратушы кене100 пайыз вирусты өз ұрпағына бөледі малға немесе адамға жабысқан кене 6-7 күн қан сорудың арқасында ісінеді. Қан сору кезінде сілекейімен бірге ауру қоздырғышын денеге таратады. Мал немесе адам денесіне жабысқан кенелер тұрғын үй, қораларға әкелінеді. Кейде дененің ашық қалған қолайлы жерлері – қарынға, мойынға, қол-аяққа жабысып қан сорады. Саяжайға, табиғатқа, аң және балық аулауға, егінге, шөп оруға, мал бағуға, су жағажайына демалуға шыққанда, сақтық ережелерінің сақталғаны абзал.
Кененің кездесуі шілде айына дейін, ары қарай күз айларына дейін созылады. Жылы күндері кенелердің белсенділігі таңертеңгі сағат 8-11 аралығында байқалып, түс кезінде бәсеңдеп, кешкі сағат 17-20 аралығында қайта жалғасады. Кене жабысқан малдар әр түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Оны малдың сүтінің азаюынан, арықтауынан, шыдамсыздануынан байқауға болады. Қанға тойынған кене дененің жабысқан жерінен түсіп, көлеңкелі тасалау қуыстарға жасырынып жұмыртқалайды да, келесі көктемде жаңа кенелер пайда болады. Адамның денесіне байқаусыз жабысқан кене, тұмсығын теріге сіңіріп қан сорады. Денеге жабысқан кенені адамдар бірнеше күнге дейін сезбеуі мүмкін. Тек ойда жоқта сезіп, немесе біреудің байқауымен ғана жабысқан кенені аңғаруға болады. Малы бар адамдар көктем-жаз айларында өте сақ болғаны жөн. Өйткені өрістен қайтқан мал кенені өзімен бірге ала келеді. Кене адамға жабысқан жағдайда, оның тұмсығы жабысқан жері тері арасында қалып қойып, кейіннен сол жердің іріңді жараға айналуына әкеп соқтырады. Сондықтан қадалып тұрған кененің тұмсығына тігін жібін орап, арлы- берлі қозғап алу керек. Тек тұмсығы денеде қалып қоймауы керек. Кене алынған жерге йод ерітіндісін жағу керек. Денесінен кене алынған адам 12 күн аралығында дәрігерлік бақылауға алынады.
Конго- Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының кейбір белгілеріне тоқталатын болсақ, жалпы селқостық байқалады да, дененің әр жері қанталап, қан кетуі мүмкін (мұрыннан, тері астынан, ішек-қарыннан, көзден, құлақтан, тіс еттерінен т.б.). Басы қатты ауырып, сүйек буындары сырқырайды. Әсіресе мынаны ескерген жөн. Аурудан аққан қан екінші адамға жұғатын болса, сол екінші адамның да ауруға шалдығуы мүмкін. Көктемгі айларда мал үстіндегі кенені көптеп көреміз. Мал қырқымы кезінде қырықтықпен кенені кесіп кетеді де, оның қаны қырықтықшының қолына жұғып ауруға шалдықтыруы мүмкін. Мал денесіне жабысқан кенені жалаңаш қолмен жұлып алып тастауға мүлдем болмайды. Әркезде есте сақтайтын нәрсе, далада еңбек атқарған да, немесе орман тоғай аралап келгеннен кейін, сыртқы киіміңізді, денеңізді мұқият қарағаныңыз жөн, өйткені кене сол киімге жабысып келуі мүмкін.
– Кененің залалды түрінен жапа шегіп, стационарда жатқан науқастардың шағымынан не түюге болады? Бастысы, қандай сақтық шараны қаперде ұстаған жөн?
– Сырқат жұқтырған үш жағдай ауласында мал-құсы бар, соны қарау кезінде дерт жабысқандығын көрсетті. Ал бір жағдайда үй-іші мал ұстамайды. Дерт қайдан жұғуы мүмкін? Сырқаттың айтуынша, ол аз бұрын ет тілшелеген. Яғни дерт кене шаққан мал етінен адам терісіне қан арқылы жұққан деуге негіз бар. Сондықтан мал сойғанда, ет тілшелегенде пышақ қаны тамырға тиіп, қан бөлінетінін ескеру керек, бұл жұмысты мүмкіндігінше қолға резеңке қолғап киіп атқарған жөн. Дерт жұққанда науқас адамның дене қызуы 38 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Оның ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40 С-қа дейiн көтерiледi, құсқысы келедi, мойнының, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады. Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет. Тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып көрiнiңiз. Сiзге қажеттi көмек көрсетіледi. Кененiң бәрi бiрдей ауру таратпайды. Дегенмен, вирус жұқтырғыш кене мен жұқтырмайтын кененi ажырату қиын. Сондықтан ең дұрысы, кененiң денеге жабысып, терiге тереңдеп енiп кетуiнен сақтанған жөн.
– Кеңесіңізге рахмет.
