Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі – электр жарығының жай-күйі. Биылғы қыс электр желісін жаңалау керектігін сездірді. Мұның салмағын аудан басшылары да жақсы түсініп отыр. Расында бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді. Бірақ бір жылда атқарыла қоюы екіталай. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген электр желілері мен бағаналарды жаңалауға қомақты қаржы керек-ақ. Осы жөнінде арнайылап зерделеген едік. 50 жылдан асқан бағаналар мен желінің 70 пайызының тозығы жеткен. Мұны сала мамандары растайды. Бүгінде электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы жиі орын алады. Әсіресе, күздегі жаңбыр, қыстағы қалың қар мен боран кезінде ауылдық округтер түгілі аудан орталығында жиі жарық өшіп, сағаттап күттік…
Рас, жауын жауса немесе өткінші жел тұрса аудан орталығындағы кейбір көшелерде жарық сөнеді. Бұл – ауылдық округтерге де тән құбылыс. Мұны көз көріп, құлақ естіп жүргендіктен жоққа шығара алмайсың. Жыл сайынғы әкімдердің есептік кездесуінде тұрғындардың көтеретін үш мәселесі болса, соның бірі – электр жарығының талапқа сай келмеуі. Бұл мәселенің түйіні қашан тарқатылады? Мұның жауабын жауапты мекеме мамандарынан сұрадық.
Жыл басында Қандөз, Келінтөбе және Аққорғанда өткен есептік кездесуде жарық мәселесі бірінші орынға қойылды. Электр жарығына байланысты кент тұрғындарының да талап-тілегі қағазға түртілді. Халықтың ұсынысы қанағаттандырыла ма? Бұл сұрақты алдымен кент әкімдігіне жолдадық. Олардан кенттің басты көшесі – Хорасан ата мен Аманкелді көшесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы мағлұмат алдық. Ал қалғанына аудандық электр торабы жауап беретінін жеткізді.
«Жалпы кенттегі және елді мекендердегі бағаналар ескірген. Оның барлығын ауыстыру, күрделі жөндеу жүгі ауыр. Барлығы кезең-кезеңімен шешіледі. Ауыз су секілді бізде мемлекеттік бағдарлама жоқ, күрделі жөндеуді «КРЭК» мекемесі өз міндетіне алған, сондықтан барлық мәселе бірден шешіле қоймайды. Дегенмен биыл күрделі және жай жөндеу жұмыстары бойынша біраз жұмыстар атқарылады. Яғни мекеме есебінен аудан бойынша 14 дана қосалқы станциясы жөндеуден өтеді. Негізі жылдық жоспар бойынша да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оқшаулағыштарын тазалау, май құю, әуе желілерін ағаш бұтақтарынан тазалау және т.б жұмыстар үздіксіз жүргізіледі», – деді Жаңақорған аудандық электр торабының бастығы Шалқар Рахышев.
Ашығын айтқанда, бағаналар ғана емес, трансформаторлардың да тозығы жеткені белгілі. Осы ретте, аудан әкімінің жыл басында әкімдер есеп беруінде айтқан сөзін келтіре кетейік: «Біз тариф бойынша жарыққа тиесілі қаржыны, яғни жаққан ақшаны төлейміз. Сондықтан бізге берілетін жарық қуаты соған лайық болуы тиіс» – деп ескерткен еді. Дұрыс талап. Дегенмен көгілдір отынмен мен электр энергиясының коммуналдық төлеміне тұрғындардың қарызы қомақты екенін айта кеткен жөн.
Бұл – бөлек мәселе…
Жыл басында тариф 1 кВт-қа 17 теңге 25 тиын болып өзгерген, баға тұрақты. Мәселе тарифтің құнында емес, жарықтың жиі сөніп қалатынында. Мәселен, желдің тұрмауын тілейтіндердің бірі – Аманкелді көшесінің тұрғындары. Осы көшеде газеттің ғимараты болғандықтан, оны өзіміз де сезініп отырмыз.
Кенттің негізгі көшесіндегі жағдайға байланысты өзге көшелер мен елді мекендердегі жағдайды айтудың өзі артық секілді.
«Шыны керек, қазір бұрынғыдай емес, жағдайымыз түзелді. Жарық бар, газ бен ауыз су келді. Алайда жел тұрса жарықтың сөнетіні белгілі. Менің ойымша кеңестік кезеңде орнатылған бағаналар мен электр жүйесін ауыстыру керек. Әрі бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу керек. Себебі жыл өткен сайын элетр энергиясын тұтыну көлемі артып келеді. Оған кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келе жатқаны дәлел», – деді кент тұрғыны Алтынбек.
Біз шүкіршілікті ұмытпаған халықпыз! Қашанда ұсақ-түйек мәселелер болады, таусылмайды да. Ел ағалары елдегі тыныштық пен тұрақтылықты берекеге балайды. Бірақ Алтынбек қария айтқандай, электр энергиясына сұраныс артып келеді. Соған сай электр бағаналарын жаңғырту, жаңалау жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – уақыт талабы. Осы турасында Жаңақорған аудандық электр торабы мекемесінің басшысынан сұрадық.
«Алдымен кентішілік атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ. Хорасан ата мен Аманкелді көшесін көркейту, абаттандыруға байланысты электр энергиясын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмысы Сапарбеков көшесінде іске асырылуда. Ұзындығы 6,16 шақырым болатын көше бойындағы 13 баған ауысады. Сол секілді Мұсаханов (3,7 шақырым), Сығанақ (5 шақырым, 8 баған) көшесіндегі әуе желілері ауысады. Қошқаров, Байдүйсен көшесі де жоспарға енгізілді. Ал қалған көшелер кезең-кезеңімен реттелетін болады», – деді Шалқар Әбдімәлікұлы.
Оның сөзінше, мекеме теңгерімде 35 киолвольт (Кв) линиядан басталады. Осы белдеуден Ақтас, Жаңақорған, Бірлік, Төменарық күрделі жөндеуден өтеді. Оған қажетті құрал-жабдықтары келді. Енді жарық көп өше бермейді деп сенейік. Ал 10 Кв бойынша қай ауылдар күрделі жөндеуден өтеді?
«10 Кв бойынша Келінтөбе, Екпінді, М.Нәлібаев, Аққорған ауылдық округіне күрделі жөндеу жүргіземіз. Сондай-ақ арыз-шағымның көп түсуіне байланысты Қандөзге 2 қосалқы стансадан таралатын әуе желілері жаңартылады. Түгіскенде 23 бағана ауысады. Қазір ең күрделі мәселесі осы Түгіскен елді мекенінде. Ал Төменарықта 12 столбы ауысады. Жалпы Қожамберді мен Төменарықта барлығы 40-қа жуық бағана ауысады. Расында бағаналардың тозығы жеткен. Тағы айта кетейін, барлығын бірдей ауыстыруға шамамыз келмейді. Бірақ кезең-кезеңімен шешіледі», – деді мекеме басшысы.
Жаңақорған ауданындағы қаншама жылдан бері түйіні шешілмей жүрген жарық мәселесі биыл оң шешімін тапты. Кенттегі көне бағаналар мен электр сымдары, трансформаторлар қайта жаңғыра бастады. Біз алғашқы жұмыс тобын Ордакент көшесінде кезіктірдік. Жаңақорған кентінің электр желілері мен бағаналарын ауыстырудың жобасы дайындалды. Жобаның жалпы құны млрд-тан асады. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы халық алдындағы есеп беру кездесуінде:
«Үлкен жобаны қаржыландыру да оңай болмайды. Сол үшін облыстық мәслихат, және Мәжіліс депутаттарын жұмылдыра отырып, республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қарастыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Аудандық электр тарату торабы биыл өз мүмкіндігімен Қандөз, Келінтөбе, Бесарық, Ақүйік, Сунақата, Сүттіқұдық, М.Нәлібаев ауылдық округінде жөндеу жұмысын қолға алады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады, – деді.
Ірі жобаның нақты межесінен бұрын аудандық электр торабының биылғы жоспар-межесін жүйелеп алайық.
«Жылдық жоспарға сәйкес, биыл аудан орталығы мен елді мекендерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, жоғары кернеулік 35 киловольт (кВ) әуе желісі Жаңарық, Қыркеңсе және М.Нәлібаев ауылдық округіне барар жолға жүргізіледі. Ұзындығы – 18 шақырым болады. Сол секілді Бірлік пен Талап аралығындағы 43 шақырым әуе желісі күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал, Келінтөбе (8,2 шақырым) мен Сунақата ауылдық округіндегі (5,38 шақырым) әуе желісі 10 КВ бойынша күрделі жөндеу жүргізіледі», – деді мекеменің бастығы Шалқар Рахышев.
Құнды құжатта Бірлік (9,2 шақырым), Қыркеңсе (1,78 шақырым), Келінтөбе (4,2 шақырым) және Сунақата (2,1 шақырым) елді мекеніндегі 0,4 кВ әуе желісіне де күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Түгіскен, Еңбек, Ақсуат елді мекені мен Жаңақорған кентіндегі бір-бір дана 10-0,4 кВ электр станцияларына күрделі жұмыс күтіп тұр. Сондай-ақ Қожакентегі 35,10 кВ станциясына да күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Айта кететіні, аудан әкімінің есебінен елді мекендердің жарықтандырылуын қамтамасыз ету бойынша бюджеттік бағдарлама аясында 34 млн 634 мың теңге қаржы қаралатынын естіген едік. Демек жұмыс жүйеленеді дегенді білдіреді. Біздің бір білетініміз, аудандық эклетр торабы мекемесінің қызметкерлерінің межелі жұмысы бар. Ол – аудан халқыны электр жарығын жеткізіп беру. Себебі, кейбір елді мекендерде электр жарығына ұялы байланысты қуаттап алудың өзі мұң болып тұр.Мұндай талапты Қандөз, Аққорған ауылдық округінің тұрғындары қойып, шағымданғаны есімізде.Енді жай жөндеуден өткізілетін округтердегі электр желілеріне кезек берсек.
«35 кВ болатын М.Нәлібаев пен Қожакенттегі ұзындығы 21 шақырым болатын әуе желісі жай жөндеуден өтеді. 10 кВ болатын аудан орталығы мен Сунақата және Талаптағы барлығы 38,9 шақырымды құрайтын әуе желісіне жай жөндеу жүргізіледі. 0,4 кВ болатын Сүттіқұдық, Жайылма, Жаңақорған кенті мен Құттықожа ауылы, Қыраш, Түгіскен және Келінтөбе елді мекендеріне жай жөндеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 10-0,4 кВ болатын кент және ауылдық округтер бойынша 8 электр станциясы жай жөндеуден өткізіледі. Аудан әкімі бастаған жоба мақұлданып, қаржысы қаралса, ең бірінші аудан орталығындағы жарық жаңартылатын болады», – деді Шалқар Әбдімәлікұлы.
Жалпы бұл мекеменің толық межесі емес, бұдан да басқа атқарар жұмыс жетерлік. Ең бастысы, біз күткен ірі бастама ертерек басталып, аудан тұрғындарының игілігіне берілсе дейміз. Аудан басшысы осы мәселенің ертерек шешімін табуын, республикалық қаржының тезірек ауданға келуіне жұмыс жасауға талап қойып отыр. Тұрғындар да берекелі бастаманың оң болуына тілекші. Қалғаны уақыттың еншісінде.
Рас, бүгінге дейін аудан көлеміндегі электр бағаналары мен желілерінің 70 пайызы тозығы жеткен. Көпшілігі өткен ғасырдың 1965-1970 жылдары қойылған бөрене бағаналар, барлығының жарамдылығы тым төмен. Ауа-райының қолайсыздығына сәйкес электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп, тұрғындар тарапынан шағым көп айтылып келді. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін құны 3,4 млрд теңгені құрайтын жоба дайындалғаны айтылған еді. Ауданға әкім болып келген Мұрат Жолкелдіұлы бірінші кезекте осы мәселенің шешілуіне жұмыс жасады.
«2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 898,8 млн теңге бөлініп, жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба 2023 жылы толық аяқталады. Сондай-ақ 9 елді мекеннің (Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, М. Нәлібаев, Қыркеңсе, Манап, Құттықожа, Сунақата, Аққорған) электр желісін жаңғыртуға демеушілер есебінен жоба дайындалып, сараптамадан өткізілді. Республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Аудан орталығындағы жоба келер жылдың соңына дейін толық жүргізілсе, онда кенттегі және кейбір елд мекендердегі жарық мәселесі шешімін табады», – деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Қайрат Сапарбаев.
Ал, жарықтан әбден тарыққан ауылдар уақытша болса да кенттен шыққан жарамды бағаналар мен электр сымдарын қажетіне жарата тұрады. Аудан басшысы осы мәселеге мән беріп, ауылдық округ әкімдеріне қажетті құрал-жабдықтарды уақыт оздырмай ауылға алуды тапсырды.
Иә, биыл кенттегі ауыз су мәселесі шешімін тапса, келер жылы электр жарығы жолға қойылады деп сенім білдіреміз. Ал, сапалы қызметтің басы-қасында жауапты мамандары болары анық. Дегенмен бұл жоба жаңақорғандық жұртқа керек болған соң, тұрғындар да жұмыстың жүйелі болуына мән беруі тиіс.