Kyzylorda-news.kz Әр кәсіптің өз қадір-қасиеті бар. Оның ұшқыны ұрпақтан ұрпаққа жалғасып  жатуы, ол да заңдылық. Жетпісінші жылдардан танымал «Жаңақорған» конфетінің нарық сөресінде сақталып қалуына қажырлы тер төгіп келе жатқан Әмина Бекбосынованың еңбегі көпке үлгі. Ол бұл кәсіпті анасы Гүлсарадан үйренгенін айтады. Бұдан жарты ғасыр бұрын ауданымызда өндіріс комбинатының жанында кәмпит цехы жұмыс істеді. Аудан тұрғындары осы цехтан шыққан өнімдерді молынан тұтынды. Цех жұмысын басқарған Гүлсара Молдағалиқызының (суретте) қарамағында 70-80 жұмысшы екі ауысымда жұмыс атқарған екен. Гүлсара апайдың жұмысына деген жауапкершілігі жөнінде көзін көргендер сүйсіне әңгімелейді.

Аудандық халықтың тұрмысын өтеу комбинатының бастығы Ахмадияр Пахырдинов өте қатал жан болғанын айтады көпшілік. Гүлсара апайдың сол талапқа сай тәртіптілік пен адалдықты бірінші орынға қойғаны жөнінде өзінің қызы Әмина апай былай дейді:

– Біз ол кезде 5-6 сыныпта оқимыз. Сабақтан шыға сала әжеміз дайындап қойған ыстық тамақты анамызға апарып беретін едік. Цехқа кірген

 сәтте-ақ тәттінің иісі есімізді алып, қызу еңбектің ортасына кіріп кетеміз. Апаларымыздың қызу тірлігіне сыртынан қызығып қарап тұратынбыз. Есімізді білгеннен кәмпит цехтың ортасында жүргендіктен бе, қызығушылығымыз оянып,  уақыт өте келе төл кәсібімізге айналып кетті ғой, – деп еске алады Әмина.

Міне, бала күннен бауыр басқан кәсіп Әминаның бүкіл өмірлік бағытын айқындап, оның тағдырындағы басты арнаға айналды. Алайда бұл жолды жалғау жеңіл болған жоқ. Тоқсаныншы жылдар – ел тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі еді. Экономикалық дағдарыс, жаппай жұмыссыздық, кәсіпорындардың жабылуы – бәрі де халықтың тұрмысын күрт төмендетіп, талай отбасының тіршілігін тығырыққа тіреді. Бұрынғы аудандық өндіріс комбинатына қарасты кәмпит цехы да нарықтың дауылына төтеп бере алмай, біртіндеп әлсіреп, ақыры жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жылдар Әмина мен оның бауырлары үшін екі есе ауыр еді. 1994 жылы аналары мәңгілікке озып, отбасы болып дағдарып қалды. Бір кездегі қайнаған өндіріс, тәтті иіс тараған цех бөлмелері иесіз қалғандай күйге түсті.

«Анамыздың маңдай тері сіңген орынның осылайша бос қалуы жүрегімізді ауыртты» дейді Әмина сол жылдарды еске алып. 

Дегенмен, Гүлсара апа көзі тірісінде ұрпаққа қалдырар ең үлкен аманатына алдын-ала қам қылып, 26 бекетте «Ақерке» атты жеке кондитерлік цех ашып, барлық құжаттарын заңды түрде рәсімдеп үлгерген екен. Бұл – оның өмір бойғы еңбегінің жалғасы әрі балаларына қалдырған мұрасы болатын. Перзенттері сол аманатқа қолымыздан келгенше ие болайық деп, Ұлы Мәнсүр мен күйеу баласы Сүлеймен мен қызы Амина берекелі еңбек етті. Күн-түн демей еңбектеніп, кәмпит қайнатып, өнім түрін көбейтіп, анасының ісін өлтірмей өркендетуге тырысты. «Ақерке» цехының өнімдері көп ұзамай аудан асып, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы қалаларына дейін жөнелтіле бастады. Өнімі тәтті, еңбегі берекелі бұл отбасы өздері жасаған кәмпит арқылы талай шаңырақтың дастарқанын тәттіге толтырды. Сұраныс артқан сайын үмітте күшейді. Алайда жұмыстың қарқыны өскен сайын жұмыс қолының тапшылығы сезілді. Техниканың да, маманның да жетіспеуі өндірісті тоқтатуға мәжбүр етті. 

«Қанша талпынып, қанша еңбек етсек те, жұмысшы табылмай, өндіріс тоқтап қала берді», – дейді Әмина өкінішпен.

Осылайша, Гүлсара ана тұғырын тіктеген «Ақерке» цехы аудандағы белгілі өндіріс орны болып тұрғанымен, жұмыс күші мен қолдаудың жоқтығынан жабылып қалған. Бірақ отбасының жүрегінде ол цехтың орны бөлек. Олар үшін бұл өндіріс – жай кәсіп емес, ананың аманаты, өткеннің естелігі, еңбектің қадірін ұғындырған өмірлік мектеп сынды. Әйтсе де үйренген кәсіптен қол үзу мүмкін емес екен. Цех жабылғанымен, тәтті жасау өнері бұл отбасы мүшелерінің дағдысынан қалмады. Әмина бастаған бауырлары бұл жұмысты үй жағдайында жалғастырып, кәмпит жасауды күнделікті ісіне айналдырды. Әмина Бекбосынова бүгінде кәмпит жасаудың нағыз шебері. Оның қолынан шыққан кәмпиттің дәмі бөлек, иісі ерекше, бағалы да қымбат емес.

– Бұл – анамыздың бізге қалдырған ең үлкен мұрасы. Қолымыздан шыққан әрбір кәмпиттің дәмінде, әр қасық шәрбатында, әрбір қайнатымында анамыздың маңдай тері мен жүрек жылуы бар деп ойлаймын. Өйткені, ол кісінің еңбегі – жай бір кәсіп емес, өмірге деген адалдығының, мейірімі мен төзімінің көрінісі еді. Бала күнімізде анамыз таңмен таласа тұрып, от жағып, шекер қайнатқанда бұл іске ақырына дейін мұқият болмау, істі бүлдіретінін ұқтырудан жалықпайтын, – дейді ол.

Кәмпит жасау – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, технологиясы өте күрделі, мұқияттылық пен табандылықты талап ететін іс. 

«Кәмпит жасаудың өзіне тән технологиясы бар. Бір сәтке алаңдасаң, шәрбаттың қоюлығы өзгеріп кетеді. Бір минутқа кеш қимылдасаң, дәмі бұзылады. Яғни оны тек қолмен емес, көңілмен жасамасаң бейнетің бекер. Анамыз бізге осылай дейтін. «Істі жүрекпен істеу керек, сонда ғана оның берекесі болады», деп үйретті – дейді ол.

Оның сөзінше, төл кәсібі – өткенге деген құрмет, ананың аманатын абыроймен жалғастыру. 

«Бұл кәсіп балалық күндерімізді, анамыздың дауысын әкелгендей болады. Сол үшін жанымызға ерекше жақын. Біз анадан қалған осы өнерді жоғалтпай, ұрпағымызға да тап-таза күйінде жеткізуді парыз санаймыз», – дейді ол тебірене.

Әмина үйінің бір бөлмесін шағын цехқа айналдырып қойыпты. Күні бойы еңбектеніп жүрген Әмина әпкенің тәттілері бүгін де сұранысқа ие. Сүйікті кәсібі – жай ғана табыс көзі емес, бала күннен бойына сіңген өнер, өмірінің мәні мен қуаты. Әминаның қолынан шыққан өнімдерде адалдықтың, ұқыптылықтың, анасының үйреткен тәртібі мен тағылымының иісі бар. Бүгінде ол үй жағдайында кәмпиттің бірнеше түрін дайындап, ауыл-аймаққа танымал өнімге айналдырып отыр. Күнделікті тірлігін балаларына үлгі етіп, еңбекпен келген ырыстың қадірін ұқтырып келеді.

Адам өмірінде мұраның маңызы зор. Еңбекпен келген кәсіп, ананың адал жолы – бүкіл ұрпаққа бағалы қазына. Әмина Бекбосынова жалғап отырған кәмпит өндірісі – тағдырдың талай сынынан өткен, ананың алақан жылуымен басталып, бүгінге дейін сақталған шежіре. Бұл – тағдырдың тәтті жемісі. Бұл – ананың аманаты.

Кәсіп.jpeg

Әсел РЗАЕВА

Фото: автордікі

Тағы да оқыңыз: