Kyzylorda-news.kz. Соңғы күндері егістікке аяқ су жеткізу мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Судың тапшылығы, әсіресе дария деңгейінің төмен түсуі шаруалардың әбден мазасын алып, дала еңбеккерлерінің түн ұйқысын төрт бөлуде. Күрішпен күнелтіп отырған ауыл халқына бұл қиын шаруа болғалы тұр. Бұл жөнінде диқан қауымның уайымы заңды. Біз жауапты мамандарға жолығып, сырқатты сауалға жауап алуға тырыстық. Алдымен ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөліміне бас сұғып, мән-жайды зерделедік.

Сырдың бас дақылы – күріш дәл осы айда судан тарықпағаны абзал. Өйткені, ала жаздай суда тұратын дәнді дақыл сүт (дән) байлайды. Егер су жеткіліксіз мөлшерде болса дән күрмекке айналып, диқанның еңбегі зая кетеді. Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзенінің суы жыл өткен сайын азайып, қайыр жерлер көбейді. Биыл да судың деңгейі кемелінде дей алмаймыз. 
Біздің алаңдауымызға негіз бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, биыл Тоқтағұл су қоймасының көлемі соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткіште су жиналды. Жасанды көл 15 млрд. текше метр суды қабылдай алса, қазір не бәрі 8,7 млрд. текше метр су жиналды. Шардара су қоймасында өткен жылмен салыстырғанда су аз түсті. Мәселенің мәні қайда жатыр? Егер су қоймаларынан тиісті мөлшерде су жіберілмесе, дариядағы қайырлар өткелге айналуы әбден мүмкін.

Былтыр диқандар су тапшылығын сезініп, атыздан шыққан суды атызға құйып, дәнді дақылды жинап алған-ды. Соның салдарынан былтырғы 8346 гектар күріштіктің көлемі 7000 гектарға қысқартылды.Диқандар шіліңгір шілдеден өтіп, тамыз айы келгеннен орағын қамдап, астық жинау науқанына дайындалады. Иә, тамыздың бел ортасы ауғанда күріштің суын тарта бастайды.Аудандық мәслихаттың депутаты, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесі бастығының орынбасары Баянбек Халжанов:

– Қазір Сырдария өзенінен Шардара су қоймасына 550 метр куб су келуде. Ал, Шардараның жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метр болса, қазір 3,9 миллиард текше метр су жиналды. Көксарай су реттегіші 3 миллиард текше метр су қабылдауға мүмкіндік бар, онда 1 миллиард текше метр су бар деген сөз. Дәл қазір Сырдария өзенінде 250 метр куб су ағуда. Бұл – жылдағы су мөлшерінен бірнеше есе төмен. Әйткенмен, осы су деңгейімен егінді жинап алуға мүмкіндік бар, – деді.
Ауылшаруашылығы саласын¬да табыс табудың жолы – нарықты терең зерттеп, егінді әртараптандыру маңызды. Бұл сөзімізді «ҒӨ Агротехнология» ЖШС төрағасы Керімхан Егізбаев та қуаттап:

– Бүгінде суды аз талап ететін техникалық дақылдар, бау-бақша өнімдерін өсіруге басымдық бергеніміз абзал. Әйткенмен, күріштен мүлдем бас тартуға болмайды. Біздің топырақ тұзды. Күріш егу арқылы топырақтың жарамсыз болуынан сақтаймыз, – дейді.

Егін шаруашылығы саласын әртараптандырудың маңызын жыл өткен сайын сезініп келеміз.

– Қазір су тапшылығы қатты байқалуда. Бұдан түйетініміз, егін шаруашылығы саласын әртараптандыру маңызды. Біздің диқандар көкеніс түрлері мен бұршақ тұқымдасына, майлы дақыл түрлерін игеріп, өзіміздің нарықты игеруі тиіс. Шиелі ауданы күрішпен қатар қызанақ экспорттап отырғанын айтуға болады, – деді аудандық ауылшаруашылығы бөлі¬мінің гидротехник маманы Жасұлан Тұрапов.

Дағдылы кәсіптен өзгесіне ауысу оңай емес. Күріш шаруашылығы да дәл сондай. Бүгінде күрішті Қырғызстан, Өзбекстан және т.б елдерге экспорттайтын шаруашылықтар бар. Олар дақылдың басқа түрін игеруге ниет танытпайтыны айтпаса да түсінікті.
Биылғы аяқ судың дегейі жеткілікті ме, диқандардан осыны сұрадық. «Аден» шаруа қожалығының төрағасы Әбдірахман Сапарбаев:

– Соңғы екі-үш жылдан су тапшылығын көріп келеміз. Күріш өзі суды көп қажет ететін дақыл ғой. 56 гектарға күріш ектім. Дәл қазіргі уақытта судан тапшылық жоқ. Бұйырса, тамыздың жиырмасынан кейін егінді жинаймыз. Оған дейін су бірқалыпты болады деген сенімдеміз, – дейді ол.

Ырзық несібесін жерден табатын ауыл тұрғындарының әлеуеті егіннің шығымына байланысты, сондықтан су жеткізуден қиындық туындаса есіл еңбектің бәрі зая кететіні сөзсіз. Ал, «Алшынбай Ш» шаруа қожалығының иесі Бағлан Ерімовтен де егіннің жайын сұрап білген едік.

– Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Бұл сала мемлекеттің қолдауына ие. Ал, егінді әртараптандыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі әрі біздерге де осы бағытта ізденіп, еңбектенеміз. 100 гектарға күріш ектім. Әзірге судан ешқандай таршылық көріп жатқанымыз жоқ. Бізге егінді жинап алғанша әр күніміз қымбат, – дейді диқан.

Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Президент өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Күрішті суға бастырудың науқаны тоқтатылыпты. Өйткені, бұдан артық егуге келешекте су тауып беру қиынға соғатын түрі бар. Бұл жөнінде бөлім басшысы Талғат Зейдалиев нақты жауап берді.

– Бекітілген күріш егу және суға бастырудың 5 күндік графигіне сәйкес бүгінгі таңда межеленген 8346 гектар күріштің 7428 гектары егіліп, 7151 гектары суға бастырылды. Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 35 насос қондырғысы бар. Оның ішінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат ресурстарын реттеу басқармасы арқылы 20 насос, «Қазсушар» РМК филиалы арқылы 7 насос және шаруашылықтардың өз есебінде 8 насос қондырғысы іске қосылған.

Ауданда ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымдары болса, соның 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш еккелі отыр. Биылғы жылы күріш 8346 гектарға, күздік бидай 3151 гектарға, жаздық бидай 194 гектарға, жаздық арпа 30 гектар, тары 260 гектарға, дәндік жүгері 700 гектарға, күнбағыс 46 гектар, жоңышқа 5000 гектар, сүрлемдік жүгері 30 гектар, қант қызылшасы 5 гектар, картоп 580 гектар, көкөніс 616 гектар, бақша 2095 гектар жерге орналастырылғалы отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытында қосымша жерлер ашылып 295 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда, – деді хабарламашы.

Түсінгеніміз, биыл облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша ауыл халқының азық-түліктік дақылдармен өз-өзін қамтамасыз ету әлеуетін арттыру талабына оң басымдықтар беріліп отыр екен. Отбасылар ынтымақтасып егістікпен айналысып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасап алуы алдағы уақытта да нарық саясатының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен сеп. Осы бағытта шаруашылықтарда 150 га жер шеңгелден тазартылып 90 га жер сақадай-сай тұр. Ауданда 2087 тонна күріш тұқымы дайын. Басқа дақылдар тұқымдығы да жеткілікті Минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер де қажетті деңгейде бөлінуде. Техника, жанар-жағар май мәселесінде іркіліс болмауы үшін қажетті жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта 1422 тонна дизель отыны бөлініпті. Оның 200 тоннаға жуығы шаруашылықтарға таратылып берілмек.Осы мәселелер туралы айтқан бөлім басшысының хабарламасынан соң аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысындағы басты олқылықтар – егістіктерге су баратын каналдардың талапқа сай тазаланбауын сынға алды. Осы бағыттағы қаперсіздіктен алдағы уақытта алдымыздан шығар кедергілерді ескертіп, жауапты тұлғаларды орнынан тұрғызды.

Ауданда екі-үш жылдан бері күріштің көлемі 6 мың гектардың айналасынан аспауы көптің көңілін күпті етіп, шаруа қожалықтары мен қарапайым шаруалардың қайта-қайта қолқалауымен жоғары орындарға шығып, биылғы жылы аудан аумағында күріш егуді арттыруға қол жеткізген әкім егістікке су баратын каналдар жайы жалғыз-жарымның емес, жалпының еңбегін еш, тұзын сор етерін, сондықтан бүгіннен бастап бір кісідей ынтымақты тірлік қажет екенін ескертті.

Шаруашылықтардың барлығы ұйымдаса отырып, осы аумақтағы жерге нақты су баратындай етуге ерте көктемнен әрекетке көшкені жөн. Хабарламада тазалауды қажет ететін каналдар жайы талқыланды, Түгіскен ауылында канал сағасында лайқа басқан 41 шақырым жер демеушілер күшімен қазылып басталғаны жөнінде білдік. Өйткені канал бойында 370 га егістік жерге су уақтылы баруы керек. Елдікке сын болар алдағы науқанда ауызбіршілікпен қимылдағандар ғана ұтады. Бұған дейін жұмысты дұрыс ұйымдастырмай, салбөкселікке салынған Қожакент, Өзгент, Машбек ауылы атқа мінерлеріне де осы талапты қойды әкім. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығына осы жұмыстардың барлығын қадағалауды тапсырды.
Әкімдік мәжілісінде жергілікті жердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін оларға ауыл шаруашылық дақылдарын егіп алуға жан-жақты жанашырлықпен жасалған жұмыс жайына тоқталды. Бұл ізгі ниеттің де ізденушілері кем болып тұр. Мәселен, Сүттіқұдық ауылында 800 га жерді меншіктеп, мемлекеттен қаржы бөліп, он бір скважина қаздырып, жарық жүргізіп, су келтірген енапат еңбектің шырайын кіргізер шынайы егелері нақтыланбай тұр. Ауылда басы артық жұмыс көзі жоқ, жым-жырт қалғыған қарапайым тұрмысқа жан бітіріп, туған жер топырағын түлетуде тілек қосып, қимылдайтын-ақ кез. Бұл агроаймаққа ауыл халқы ғана емес, кент тұрғындары да егінін егіп, несібесін теріп алуына мол мүмкіндік бар. Скважина іске қосылып, жұмыс болмаған жағдайда құмға көміліп, көзі тұншығады. Осы мәселені ескерткен әкім халықтық бастаманы тиісті мәреге апаруға дәрменсіздік танытып отырған ауыл әкімдерін қатты сынға алды. Төменарық, Қожамберді, Сунақата және Екпінді, Жайылма ауылдық округінде ниеттенген отбасылардың барынСүтт іқұдық ауылында 40 гектар жердің ғана игерілгенін білдік. Әр скважина қасында 3-4 га жерге түрен салынып, қоршауын жүргізу басталыпты. Жалпы бұл жұмыстарды мамыр айына дейін бітіру тапсырылды. Агрозонасы жоқ Қыраш, Қосүйеңкі, Манап елді мекендерінде әкімдердің ұйымдастыруымен осындай қимыл-әрекеттің қажеттігі айтылды. Осы бағытта аудан бойынша 295 гектар жердің ғана игерілуі көңілді көншітпейді. Екпінді, Еңбек, Жайылма, Жаңақорғанның да ынталы азаматтары арнайы агрозонада бас біріктіріп берекелі кәсіпті қарқындатар болса ауыл халқын жұмыспен қамтудың бір көзі осы.

Әкім келесі кезекте ауыл әкімдеріне шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағар майдың, несиелердің уақытында бөлінуіне ықпал етуді тапсырды. Егістікке керекті дизель отыны 20 шаруашылыққа 240 теңгеден беріліп отыр. Енді алдағы уақытта осының тапшылығын болдырмау бағытында зерттеп-зерделеп, қажетті шараларды қабылдау жөнінде кәсіпкерлік бөліміне тапсырма берді. Дизель отыны мен бензиннің қосымша қорын қамдау жөнінде ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалуы бойынша Жаңақорған ауданы қорғаныс бөлімі бастығы Нұрбол Есенәлиев баяндады. Ол қазірде 3185 азамат аудандық қорғаныс бөлімінде тіркеуде, оның ішінде 1292 азамат мерзімді әскери қызмет жасында, 1893 азамат түрлі себептермен шақырудан босатылғанын айтты. Осы шақыруда 134 азамат әскерге жөнелтілу керек. Осыған орай барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берілген. Дәрігерлік сараптамадан өткізуге 1517 шақырту қағазы жібертілген. Соның ішінде 119 бала комиссиядан өтті. Бұл жұмыстарда Жаңақорған кенті мен Көктөбе, Шалқия ауылдық округтері алда келеді екен, керісінше Аққорған, Қожакент, Ақүйік, Жаңарық, Өзгент, Жайылма, Байкенже ауылдық округтері көштің соңында қалыпты.

Қорғаныс бөлімі басшысы жалпы еліміз бойынша шекара қызметіне 400 баланың орны толмай тұрғаны, оның ішінде Қызылорда облысының үлесі 27-ні көрсетіп тұрғанын айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстың орындалуына әкімдер бізбен бірігіп жұмыс жасаса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ауданда сарбаздарды дәрігерлік тексерістен өткізуде облыс бойынша тек біздің ауданымызда нақтылық пен жүйелілік сақталып келе жатқанын, қорғаныс министрінің №727 бұйрығы бойынша шақырылушы азаматтардың ішкі құрылысын және жүректі УДЗ-дан тексеру қосылғанын, бізде бұл мәселелер де толық шешімін тапқанын айтып, сала басшысына рахметін жеткізді. Бір кілтипан, әскерге барудан жалтарған бала, жіберуге қарсы ата-ана көп. Бұл орайда аудан әкімі «Мұнымен әр ата-ана баласына жақсылық жасадым деуі қате. Қиындықта қайралмаған, Отанын қорғаудан қашатын жанның ертеңі не болады? Ер емес, ез тәрбиелеп шығарып жатырмыз. Денсаулығы жақсы баланың бетін қайтармау керек» деді. Бұл бағытта аудандық ішкі істер бөліміне қорғаныс бөлімімен бірге жоспарды орындауды тапсырды.

Үшінші мәселе, кент және елді мекендердің санитарлық тазалығы туралы арнайы слайдта аудан әкімі жанынан тағайындалған арнайы комиссияның ауылдарды аралағандағы бейне түсірілімдері назарға ұсынылды. Сунақата, Екпінді, Шалқия, Ақүйік, Қаратөбе ауылдық округінің атына сындар айтылып, қатаң ескертулер жасалды. Одан әрі облыста бір жылға екі рет «Үлгілі ауыл» номинациясы белгіленгенін, қай аудан таза болса сол өңірге погрузчик, су себетін машина, мусоровоз, басқа да құралдар берілетінін айтты. Сондықтан елді мекендерді де ретке келтіру, аркаларын жаңалау, жарықтандыру мәселесінің өзектілігін қаперге салды. Осы орайда әкімнің орынбасарларына бекітілген территориялар бойынша жауапкершілік сұралатынын ескертті. Кәсіпкерлік бөліміне орталық көшелердегі дүкендердің алдына егелерінің жарық орнатуын міндеттеуді тапсырды. Бұл бағытта ауданның тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобилль жолдары мекемесі басшылығына да нақты тапсырмалар жүктелді.

Ендігі мәселе су тапшылығы, рас қазір аяқ су өте күрделініп барады. Осының алдын алу бойынша күріш көлемін қысқарту жөнінде шаруаларға ескертілді. Күріш дәл қазір жоспарға сай егілді, егер бұдан артық егетін болсақ вегетациялық кезеңнен алып шыға алмаймыз. Бұл кезең 90-110 күн аралығында жүреді.

– Ал, суға бастырылған күріш алдағы уақытта судан таршылық көрмей ме?

– Тамыз айының 10-нан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне берілетін нақты 250 кубтан 100 кубқа дейін азаятын болады. Осы кезеңде егілген күрішке суды жеткізіп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде 6 кубтан 12 куб су берілді, соның өзін әрең дегенде жеткізудеміз. Сондықтан алдағы уақытта да осы межені ұстап тұру үшін облысқа тиісті хаттетеді. Көктөбе ауылынан 6 шақырым қосымша арна қазу бойынша құжат сараптамада. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асса онда бізге 10 кубтай су қосылады. Ол да уақыттың еншісінде. Қазіргі міндет келген суға бақылау жасап, тұру

– Кейбір шаруалар сусыз қалғанын алға тартуда. Мұны қалай түсінеміз?

– Жоғарыда айтқандай бірінші біз ескерту арқылы жоспарды жүйеледік. Оның ішінде дәнді су көздерінен қашық, биік танаптарға орналастырмау және ротацияны бұзбау жөнінде де нақты айтылды. Осыған қарамастан ротация бұзылып, Қожакент пен Сунақата межені артығымен орындады. Бұл өз кезегінде су тапшылығына әкеледі. Ал, осы күнге дейін суға бастырылған өнім енді барынша күтімге алынады.

– Каналдарды тазалау қалай жүргізілді?

– Биыл ішкі 145 шақырым каналдардың 54 шақырымы тазалану керек болса, соның 48-і ғана іске асырылды. Аққорған ауылдық округінде “Р-11” каналының 6 шақырымы тазаланбай, соның салдарынан күріш егу жоспары кемітілді.
2023 жылы су нысандарын тазалау жұмыстары бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсам. Қыркеңсе ауылдық округіндегі «ОК-1-3» су қашыртқысына 59,5 млн. теңге және Байкенже ауылдық округінен «Дөңбай» каналына 23,7 млн теңге тазалау жұмыстарына бөлінді. Бүгінде осы каналдарға «Табиғат» МКК-мен мемлекеттік сатып алу заңдылығы бойынша тазалау жұмыстарын жүргізу үшін келісім шарттар жасалуда. Су шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен М.Нәлібаев ауылдық округіндегі «К-2-6-1» су қашыртқысына 1,134 млн теңге, «К-2- 6-2-1» су қашыртқысына 0,96 млн теңге қаралды. Аққорған ауылдық округіндегі «Р-16-2-1» каналына 1,2 млн теңге, «Р-16-2» каналына 1,16 млн теңге қаражат бөлінді.

Жалпы каналдар 3 бағытқа бөлінеді. Бірінші, Келінтөбе және Сунақата магистралды каналдары республикалық табиғи су ресурстар комитетінің теңгерімінде.

– Каналдард Ал, “Р-16” сипатындағы каналдар, басқа да су көздері облыстық табиғи су ресурстарының теңгерімінде болса, “Р-11” сипатындағы каналдар ауыл әкімінің иелігінде. Оны жергілікті бюджеттен сметалық құжаты жасалып, облыстық бюджеттен құрылыс монтаждау жұмыстары қаралады. Сондай-ақ, ішкі, яғни, атыз-атыз, каналдар арасындағы су жолдарын жеке шаруалардың өз қаражаттарына тазалануы тиіс.

Сонымен аяқ судың тапшылығын реттеу тек келетін суды бақылаумен ғана шектелмейтінін білеміз. Әрекет ету аса маңызды, бұл бойынша жауапты мекемелер жұмыс жасаудамыз дейді. Дұрыс, десе де ерте қамданғанның ұтары көп. Мұны мамандар жақсы біледі. Ендеше, биылғы егістік бітік шықсын деп тілейік

Тағы да оқыңыз: