Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жақсы қамқорлық жасалып келеді. Ауданда жанары жасты, жүрегі жүдеу кәмелетке толмаған қамқоршылық және қорғаншылық есепте тұратын 44 бала бар. Оның 35-і мектеп жасындағы балалар. Жалпы, қамқоршы – 14 жастан асқан балаларға, ал қорғаншы – 14 жасқа дейінгі балаларға тағайындалады. 

Жетім балалар үйінен бала асырап алуды патронат дейді. Енді осы балаларды ой таразысына салып көрейік. Бүгінде олар үкімет пен туған-туыс қамқорлығында. Кәмелетке толғанша мемлекеттен жәрдемақы алады дейік. Ал, 18-ге толған бала болашақта барар жері мен басар тауын қайдан іздейді. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ халқы байырғы ұстанымдарынан әлдеқашан арылғанына куәміз. Бұл - қоғамда етек алған мәселенің бірі болып отырғаны да жасырын емес.

Хош. Енді цифрларды сөйлетсек. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, аудан бойынша 21 тұл жетім және 24 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олар «Неке (ерлізайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне сәйкес қорғаншы, қамқоршы және патронаттық тәрбиеге, яғни отбасылық тәрбиеге берілген. Оның ішінде патронаттық тәрбиедегі бір балаға 1 тәрбиеші тағайындалған. Ал, қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиедегі 44 баланың 20-сы жетім, 24-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Оларға 30 тәрбиеші тағайындалған.

Аудан бойынша жетім балалардың 35-і мектеп оқушысы болса, 4 бала коледжде білім алуда. Жоғарғы оқу орнында 1 бала білім алып жатса, мектепке дейінгі мекемеде 2 бала, құлағы ауыр балаларға арналған мектеп интернатында 1 бала, емдеу орнында 1 бала, 3 жасқа дейінгі бір бала бар. Барлығы оқумен қамтылған. Олар 2022-2023 оқу жылында ыстық тамақпен, киім-кешекпен, жазғы лагерьмен, кітап қорымен қамтамасыз етілген. Бұл балалардың ешқайсысы ішкі істер бөлімінде есепке алынбаған. Республикалық деректер базасына атаана қадағалауынсыз қалған балалар мен 45 жетім бала толығымен тіркеуге енгізілген. Олар қазіргі уақытта туыстары мен ата-әжесінің тәрбиесіне  беріліп отыр, - дейді ауданның бас ұстазы.

Аудандық білім бөлімі басшысының сөзінше, білім беру ұйымдары жылына 2 рет патронаттық, қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиедегі балалардың отбасына зерттеу актілерін жүргізіп отырады. 2011 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Неке және отбасы туралы» Кодекске сәйкес патронат, қорғаншы және қамқоршы тәрбиешілер баланы асырап бағуға бөлінген қаражаттың есебін жылына екі рет қорғаншылық және қамқоршылық органына тапсырады. Баланы қамқорлығына алған азаматтар «Тұрғын үй қатынастары туралы» КҚ 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 Заңының 71-бабына сәйкес қамқоршы, қорғаншылық пен паронаттық тәрбиедегі балалардың барлығы тұрғын үй алу үшін кезекке қойылған және «Отбасы» банктен шот аштырылып, ай сайын толықтыру аталап етілуде.
Айта кетейік, «Мемлекетті қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №382 Қаулысына сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың ата-аналарынан мұрагерлікпен қалған жылжымайтын мүліктерін сатуға, қайта рәсімдеуге және сыйға тартуға әділет басқармасына сақтау хат жолдау арқылы тыйым салынған. Демек, жетім баланың мүлкіне ешкімнің қол сұғуына рұқсат жоқ.

Балалар баспанамен қамтыла ма?

«Жетім көрсең – жебей жүр» деген дана халқымыз. Осы тұста, аудан халқының жетімін жатбауыр қылып арнайы орынға өткізбей, өз қамқорлығына алғанын жоғарыдағы мәліметтен аңғардық. Десе де, бала өскен соң өз үйі, өз өмірі болғаны абзал. 23 жасқа дейін ғана мемлекеттен көмек алатын жетім балалардың одан кейінгі өмірінің мәнді болуы баспанасының болуына да тікелей байланысты. Осы орайда біздің ауданнан 2022 жылы 18 жастан асқан, ата-ана қамқолығынсыз қалған 4 балаға тұрғын үй берілген. Тағы да 102 бала баспана кезегінде тұр.

«ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегіне дара, яғни бөлек тізім жүргізіледі. Қазіргі таңда аудан бойынша осы санаттағы 1260 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 101-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 71-бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекпен үй берілген уақытта мемлекеттен беріліп жатқан үйдің жалпы санының 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.

Оның мәліметінше, 2013 жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасымен Саяжай мөлтек ауданынан екі арендалық тұрғын үй салынып, пайдалануға берілгенде кезекте тұрған Қамбар Жансая мен Рамазан Тілеубергеновке үйдің кілті табысталды. Ал, 2014 жылы МАИ бекеті мөлтек ауданынан салынған екі бөлмелі 12 арендалық тұрғын үйден жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған коммуналдық тұрғын үйлерді бөлу жөніндегі комиссия шешімі негізінде 2 баспана Дамир Тұрсынханов пен Абылайхан Абраймовқа берілген.

Сондай-ақ, 2022 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Саяжай мөлтек ауданынан салынған 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйден жетім және атаанасының қамқолығынсыз қалған Айжан Бибатыр, Гүлсезім Тілеубергенова, Әсел Смадияр және Жандос Увайдаев есімді азаматтарға баспан кілті табысталды.

– Өткен жылы мемлекеттің көмегімен арендалық негізде Саяжай мөлтек ауданынан салынған үш қабатты үйден бір бөлмелі пәтер алдым. Бұл мен үшін өте үлкен көмек болды. Үйдің коммуналдық ақысына айына 8 мың теңгеге жуық төлеп отырамын. Мемлекет тарапынан берілетін осындай баспаналар біз үшін үлкен қолдау, – дейді кент тұрғыны Жандос Увайдаев.

P.S.: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (ағаіні) боламыз», – деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Имам Ибн Мажәһ риуаят етуінше: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй» – деген.

Демек, «Жетім қозы – жатауыр» демей, асыраушысынан айрылған туыстарын бауырына басқан азаматтардың шексіз сауапқа кенеліп, әрі құлшылық екендігін айта кеткен жөн. Ешкім де алғы өмірінің, ұрпағының ешнәрседен кемдік көрмей, төрт құбыласы түгел боларына кепілдік бере алмайды.

Сондықтан, әрбір атқан таңымыз, аманкөрген жанымыз үшін Құдіретке тәубе етіп, арамыздағы ата-ана, жақынжуығынан айрылған жарғам көңіл жандарға жүрек жылуымызды түсіріп, қарайласа білсек адамдықтың биік шыңы – осы.

Тағы да оқыңыз: