Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданынан шалғай жатқан жаңадарияда халық саны аз болғанымен кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бұл жұмыстар – елді мекеннің еңсесін тіктеуде таптырмас мүмкіндік. Рас, бұл жақта басқа ауылдардай егіс алқабы жоқ. Бірақ жайылымдық жері мол болғандықтан мал шаруашылығын дамытамын деушілер үшін қолайлы болып отыр. Жергілікті халық та осыған бейімделген. Қазір бұл ауылда қорасында мал ұстамайтын үй жоқтың қасы. Адал еңбекпен ата кәсіпті алға оздырған жаңадариялықтар осылайша бастаған ісімен ауылдың берекесін тасытып отыр. 

Осыдан 4 жыл бұрын «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаншама жалағаштық қайтарымсыз қаржыға қол жеткізсе, олардың ішінде жаңадариялықтардың үлесі басым болды. Бірі – тігін цехын ашып, тапсырыс аясында табысқа кенелуді көздесе, енді бірі – дәнекерлеу ісін қолға алуға талаптанды. Қазір бұл жобалар да ауылдың әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. 

Аталған мемлекеттік бағдарлама биыл тағы да жұмыссыз азаматтарды қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз етті. Жыл аяғына дейін жалғасатын мемлекеттік бағдарламаның алғашқы комиссия отырысына жаңадариялық Дидар Есқалиев та өз жобасын алып келген болатын. Іс бастауға талапты ауыл тұрғынын комиссия мүшелері бір ауыздан қолдап, Дидарға 583 мың теңге қайтарымсыз қаржы берілді.

Кейіпкеріміз тиісті қаражатпен ауылда уақ мал өсіру ісін қолға алмақ. Яғни 583 мың теңгеге 16 бас қой алып, олардың санын көбейту арқылы өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етпек. Былтыр ауыл іргесіндегі жайылымдық жерден өзіне қажетті алқапты алуға талаптанған жаңадариялықтың бір рет тауы шағылыпты. Мұнымен тоқтап қалар Дидар жоқ. Яғни жайылымдық жер алуға қайта талаптанып, бір жағынан жоңышқа егу де жоспарында бар екен. Дидардың бұл бастаманы қолға алатындай реті бар. Себебі малдың жаздық азығынан мәселе болмағанымен қысқа қажетті азық мәселесін осылайша шешуді жөн деп тапқан.

– Қаражат қолыма тиді. Кеше базар бағасын бір бағамдап қайттым. Яғни бұл қаржыға мен базардан 16 бас қой сатып ала алмайды екенмін. Енді көрші ауылдардағы уақ мал өсіруді қолға алған шаруашылықтардан аламын деп шештім. Әзірге өзіме тиесілі жерге қол жеткізе алмадым. Сондықтан уақ малды уақытша ауылда қалыптасқан қой кезекке қосамын. Егер мен өзіме қажетті жерге қол жеткізсем, жоңышқа өсіруді қолға алар едім. Бұл бір жағынан менің мал азығы мәселесін шешуіме де септігін тигізер еді. Жобамның бастамасы әзірге осы. Бірақ кейін пайыздық үстемақысы төмен несие алып, төрт түліктің басқа да түрлерін көбейтуді қолға аламын. Осылайша ірі қара бордақылап, табыс табуға кірісемін. Кешегі комиссия отырысында мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жандарға үлкен қолдау барына көз жеткіздім. Ауылдастарымды да кәсіп ашуға шақырамын. Бұл – біз үшін таптырмас мүмкіндік, – дейді жоба авторы. 

Уақ мал өсіру ісі – кейіпкеріміздің алға қойған мақсатының бірі ғана. Төл басын арттыруды көздеген Дидар кейін сиыр алып, оның сүтін де, етін де нарыққа шығару арқылы табыс табуды мақсат етіп отыр. кәсіпкерлікке енді аяқ басып жатқан кейіпкеріміз осылайша саланың серпін алуына өз үлесін қоспақшы. 

Жалпы Дидардың жобасының жұмыс жасауына ауыл әкімі Ғалым Жаңашов та көмектесетінін айтады. Яғни мемлекеттік бағдарламамен пайыздық үстемақысы төмен несие алып беру үшін мамандар кеңесіне бірге жүгініп, мейлінше қолдайтынын айтады. Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына зер салған ауыл әкімінің бұл сөзіне біз де риза болдық. Әр ауылда тұрғындарды кәсіпкерлікке бейімдеуде осындай жұмыстар жүргізілсе, ауданда аталған сала көп ұзамай әлі де алға басары анық. 

Жоба авторы мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінуде осыған дейін қайтарымсыз қаржыға ие болған ауыл тұрғындары да үлгі болғанын айтады. Көш жүре түзеледі дегендей, бір-біріне қарап бой түзеген бірлігі бекем жаңадариялықтардың бұл ісіне көз сүйсінеді. Қазірдің өзінде аталған бағдарламамен ауылда бірнеше жоба өз жұмысын бастап кетті. Мәселен, халық саны бұл ауылдан 2-3 есе көп ауылдар болғанымен ол елді мекендердің кебйірінде кәсіпкерлер саны Жаңадарияға жете алмай отыр. Бұл жағынан ауыл тұрғындарының көпшілікке үлгі болатындай жүйелі жұмысы барын айта кеткен артық болмас.

Тағы да оқыңыз: