Kyzylorda-news.kz. ҚР Бас санитар дәрігерлі Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы бойынша жолаушы пойыздарына «плацкарт» вагонсыз қатынауға рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жұмыс пойыздарын қоспағанда, жолаушылар пойыздарының құрамында ортақ вагондарды жасақтауды болдырмасын», – деп жазылған жаңа қаулыда.
Сондай-ақ, құжат бойынша облыстарда, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында осы қаулымен бірге берілген №1 және №2 қосымшалардағы тізімге енбеген объектілердің қызметін де қайта бастау тапсырылған. Қаулыда бұдан былай шектеу шараларын қатаңдатуға құзыретті органдардың санаты да берілген.
«Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомстволарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәуекелі жоғары аймақта (қызыл аймақ) орналасқан карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы», – деп жазылған.
Ал облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитар дәрігерлеріне «жасыл» және «сары» аймақтарда орналасқан өңірлерде карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдау құқығы берілмейтін болды.
Қаулы 13 қыркүйек күні сағат 0.00-де күшіне енеді.