Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте әріптестері облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымын абыроймен атқарған Олжас Искаковты республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының басшысы қызметіне шығарып салды.
Аймақ басшысы Олжас Ермекұлының адал қызметі мен салаға сіңірген еңбегін атап өтіп, алғыс білдірді.
«Әріптесіміз Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Емдеу ісі», Қарағанды Қазтұтынуодағы университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған. «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша іскерлік әкімшілік магистрі. Еңбек жолын облыс орталығындағы №3 қалалық емхананың аймақтық терапевт дәрігеріболып бастап, осы емхананың бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарықызметтерін атқарған. Әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы, департаментдиректорының орынбасары болған. Олжас Ермекұлы денсаулық сақтау саласын басқарған кезеңде нақты әрі жүйелі қадамдар жасап, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы 3 жылда облыста жалпы өлім-жітім 5,6 пайыз, ана өлімі 12 есе, сәби өлімі 37 пайыз, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 11,6 пайыз, өлім-жітім көрсеткіші 9 пайыз, қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 19,6 пайыз төмендеді. Бұған дейін орталықта қызмет атқарып, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін танытқанының арқасында Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыс орнатты, бірқатар жобаның табысты жүзеге асуына ықпал етті», –деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында денсаулық сақтау саласының ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматыТұрғанбай Маханов пен медицина саласының ардагері Абдулла Шүленбаев, Наурызбай Байқадамов - Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры ізгі тілектерін жеткізді.
Олжас Ермекұлына «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі, Құрмет грамотасы, облыс әкімінң Алғыс хаты табысталды.
Өз кезегінде Олжас Искаков әріптестеріне алғысын, туған жердің өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді.
