Kyzylorda-news.kz Орман – ұлан-байтақ жеріміздің алтын діңгегі әрі табиғи байлықтардың күрделі көзі. Біз тыныстап отырған ауаның тазалығын сақтайды. Топырақ беті, жерасты ағыстарын реттей отырып, су және жер ресурстарының сақталынуында маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда Шиелі ауданы ауыл шаруашылығымен қатар орман шаруашылығына да баса мән беріп келеді. Егер зер салып қарасақ, көп айтыла бермейтін орман шаруашылығының адам өмірі үшін рөлі зор. Осы орайда біз Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекетттік мекемесінің директоры Жандос Жақсылықұлымен шаруашылық жайында арнайы тілдескен едік.

869 272 ГЕКТАР ОРМАНДЫ АЛҚАПТЫ ҚҰРАЙДЫ

Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 107 9187 гектар құраса, оның 869 272 гектар орманды алқап. Ал мекеме 3 орманшылыққа бөлінген. Атап айтар болсақ, Жөлек, Шиелі, Қызылқұм. Бүгінде мекемеде штаттық кестеге сәйкес, 90 қызметкер орманды күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысады. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шиелі орман шаруашылығында орманды күтіп-баптаудың сапасы артып, тұқымбақтар іске қосылды. Тұқымбақ бөлімінде 2024 жыл көктем айында мекемеге қарасты Жөлек орманшылығының жеріне 0,5 гектар жерге сеппе бөлімі және 0,5 гектар жерге мектеп (қаламша) бөлімі отырғызылды. 

Деректерге сүйенсек, Қызылорда облысы аумағының 7 миллион гектар жерін қамтыған жасыл желектің басым бөлігі – сексеуіл. Ал Шиеліде қалай? Сексеуіл тұқымдары қайда жиналып беріледі? Бұл жөнінде мекеме басшысы былай деп жауап берді. 

– Сексеуіл көшеті жалпы 2370 мың дана, оның 1750 мың данасы стандартқа ілінген. Мәселен, 2021 жылдың күз айында егілген сексеуіл тұқымынан 750 мың дана, 2022 жылдың күз айында егілген сексеуіл тұқымынан 1620 мың дана сексеуіл көшеті бар. Шығымдылығы 30 пайызды құрайды. 2023 жылдың қарашажелтоқсан айларында 20 гектар жерге сексеуіл тұқымбағы ұйымдастырылды әрі Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 16945 килограмм қарабарақ, 705 килограмм сексеуіл тұқымдары жиналып берілді, – деді Ж.Әлиев. 

Біз өз кезегінде сексеуілді заңсыз кесетіндерге қандай тосқауыл қойылып жатқанын сұрадық. Мекеме басшысы аудан аумағында және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде өсіп жатқан сексеуіл ағашының заңсыз кеcілуіне тосқауыл қою бағытында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында арнайы мобильді 2 топ құрылғанын жеткізді. 

ОРМАНДА ӨРТ БОЛДЫ

Өздеріңізге мәлім, әлемде орман өрті белең алуда және бұл апат мамандарды да, халықты да алаңдатады. Ғаламтордағы ақпараттарға сүйеніп қарайтын болсақ, 2019-2020 жылдарда болған Аустралиядағы орман өрті барша елдің осы мәселеге назарын аудартты. Елімізде де жыл сайын орман өрті көбейгенін байқаймыз. Сәйкесінше, жылдан-жылға өрттен келтірілген шығын көлемі де ұлғайып жатыр. 2021 жылы 700-ден аса өрт орын алса, 2022 жылы оның саны 800-ге жетіп, 20 миллиард теңгеден астам шығын әкелді. Мәселен, 2023 жылы Абай облысындағы өртті бағамдап көрейікші. Осы жылдың мамыр айында Абай облысындағы 3 ауданда өрт болды. Ресей аумағынан шыққан өрт «Семей орманы» табиғи резерватына таралған. Бұл кезде өрт аумағы 3500 гектарға тең еді. Бірақ 6-10 м/с қатты желдің әсерінен өртті өшіру қиындады, жалын өршіп, сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлердің жануына қауіп төнеді деген. 8 маусымда орман резерватында еліміздің тарихындағы ең алпауыт өрт орын алды. 9 маусымда оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшты. «Семей орманы» табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. 

Міне, осылай сараптай келе, 2010 жылдан бері болған дала өрттерінің біршамасы адами фактор мен қасақана әрекеттен болғанын көреміз. Осындай келеңсіз жағдайлардан кейін орман шаруашылығының мекемелері қарқынды жұмыс істеуге кірісті. Шиеліде орман өрті орын алған ба? Орман өртін болдырмау үшін қандай шаралар жүріп жатыр? Бұл сауалымызға біз мекеме басшысымен әңгіме өрбітіп, өтімді жауап алдық. Оның айтуынша, жалпы шаруашылықта тұқым даярлаудан басқа орманды өрт қауіпсіздігінен сақтау, санитарлық тазалау жұмыстары қарқынды жүруде. 2023 жылы аудан көлемінде шаруашылық жерлер мен мемлекеттік орманды алқаптарда өрт болдырмаудың дайындық жұмыстарын жүргізу жайлы іс-жоспары бекітіліп, ауылдық округтер мен елді мекендерге орман өрттерінің алдын алу мақсатында ескерту хат таратылды. Сонымен қатар мекеме қызметкерлері мен аудандық №13 өрт сөндіру бөлімімен бірлескен 2 өрт сөндіру тактикалық жаттығуы өтті. 

Айта кетейік, 2024 жылы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде 1 орман өрті орын алды. Нақтырақ айтсақ, өрт шалған аумақ 3,7 гектар, табиғатқа келген залал 24882, 55 теңгені камтыды. Жыл басынан бері орманды қорғау жөнінде 18 рейд жүргізіліпті. 

– Ауыл тұрғындарының, қаладан келген қонақтардың далада заңсыз ағаш кесу, орман заңдылығын бұзу әрекеттері де азайды. Мәселен, қоқыстарды қадағалаусыз қалдыру, демалушылар, аң аулаушылар мен малшылардың жаққан оттарын сөндірмей кетулерінен дала өртінің шығуына себеп болатын жағдайларға ескерту жасалды. Жаздың соңы мен күз айларында дала өрттері көп орын алады. Оның басты себебі – адамдардың далалық жерде, орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамауынан болады. Жаққан оттарын толықтай өшірмейді, қураған шөпке шеккен темекі тұқылдарын тастай салады. Кейбір жағдайда тракторлардың мұржасынан шыққан ұшқын да өртке себеп болады, – дейді мекеме директоры. 

ЗАҢСЫЗ АҢ АУЛАҒАН 2 АДАМҒА ШАРА КӨРІЛДІ

Шиелі ауданында маңызы бар 40 су айдыны орналасқан. 9 су айдыны табиғат пайдаланушыларға 10 жылға кәсіптік бағытта, 18 су айдыны 49 жылға тауарлы балық шаруашылығы бағытында бекітіліп берілген, 4 су айдыны резервте. Сонымен қатар резервтегі көлдер Ханқожа, Соркөл, Иіркөл, Құмкөл су айдындары бар. Мекеменің арнайы бұйрығымен резервтегі көлдер орман қызметкерлеріне бекітіліп, күзету, қорғау жұмыстары жүргізілуде. 

Расында, елімізде жан-жануарларға браконерлер жиі қиянат жасайды. Мәселен, балықты заңсыз тоқпен ұстау, жануарларды рұқсатсыз өлтіру фактілерін де қаншама жазып та, естіп те, айтып та жүрміз. Бұл жайлы арнайы мекеменің мамандарынан сұрап та көрдік. Олардың айтуынша, дамыған заманда екінің бірі аңшы, екінің бірі балықшы болып кетті. Мұның барлығына сала мамандары теріс көзқараста екенін жеткізді. Биыл ауданда жан-жануарларды заңсыз ұстау фактісі бойынша, аң аулаған екі адамға тиісті хаттама толтырылған. Бұл тақырып бойынша халыққа үнемі түсіндірме жұмыстары айтылып келеді. 

Тағы бір айта кететін жайт, облыс әкімінің бірінші орынбасары бекіткен 2024 жылдың 1 наурыз-31 мамыр аралығында балық шаруашылығы су айдындарына «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы жариялануына байланысты, резервтегі су айдындарының жағалауына «Таза су айдындары» және «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар» атты іс-шара ұйымдастырылып, су айдындарының жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта аталған мекеме резервте тұрған аңшылық және балық шаруашылығындағы маңызы бар су айдындарына тексеріс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. 

ШИЕЛІ АУДАНЫНДА 12 АҢШЫЛЫҚ АЛҚАП БАР

Әмбеге аян, Шиелі ауданы – бір жағынан Қаратау, екінші жағынан Сырдария аралығындағы шөбі, суы мол, тірлікке өте қолайлы өңір. Тауды қарақұйрық, арқар, киік жайлаған. Дария жағасындағы қалың тоғай сан алуан аңға, құсқа толы. Шиеліде қарақұйрық аңы ғана «Қызыл кітапқа» енген. Қарақұйрық – сүтқоректілер класының қуысмүйізділер тұқымдасына жатады. Басқа тұяқты жануарлардан өзінің әсемдігімен және көркемдігімен бірден ерекшеленеді. 

Бүгінде Шиелі ауданында 12 аңшылық алқап бар. Оның төртеуі резервтік қорға кіреді. Қоса кеткен жөн болар, «Жануарлар дүниесін қорғау» бағдарламасы биотехникалық шаралар бойынша 300,3 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы баға ұсынысы жарияланды. Соның нәтижесінде техникалық ерекшелікте көрсетілген ақпан айында 119,1 мың теңгеге 100 кг жемді мекеме қызметкерлерімен Жөлек орманшылығының 68,69, орамдары жеріне жеткізді. Сала басшысы астық қалдықтарын жабайы аң-құстарға қосымша қоректендіру жұмыстары да қолға алынғанын тілге тиек етті. 

АЛДА АСҚАРАЛЫ МІНДЕТТЕР ТҰР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған маңызды міндеттердің бірі – экологиялық жағдайды жақсарту. Яғни еліміздегі бар орман алқаптарын кеңейту және елді мекендерді көгалдандыру – халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатындағы экономикалық-әлеуметтік дамудың басым бағыты болады. Ал Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі де бұл бағытта жақсы шараларды ұйымдастыруда. Алда атқарылатын міндеттер де жүйелі және ауқымды. Мәселен, 107 9187 гектар мемлекеттік орман қорын қорғау мен сақтау жұмыстарын жүргізу мен 1 гектар жерге мектеп(қаламша) бөлімі мен уақытша тұқымбақ ұйымдастыру және өртке қауіпті аумақтарда 108 шақырымға минералды белдеулерді күтіп-баптау жұмыстары жоспарланып отыр. 

Түйін: Аспанмен таласып өсіп тұрған қарағайлар мен көктеректер қаулаған орман-тоғай арасында серуен құрсаң, әр түп тал өткеннен сыр шертіп тұрғандай күйде қалдырады. Мәселен, Шиелі іргесіндегі Ақмаядағы «Адам ата ағашын» алып көрейікші. Қарасаңыз, көз тоймайды. Осындай жасыл желектердің жайқалуына басымдық берсек, айналамыз әсем баққа айналмас па еді?! 

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: