Kyzylorda-news.kz Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған “Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы Жалағаш ауданындағы Жанасовтар әулетінің отбасылық бизнесін дамытуға үлкен көмек болған. Ағайынды Асылжан мен Батыржан бүгінде шағын кәсіпкерлікпен айналысып, тез дайындалатын тағамдар әзірлеу жұмысын жандандырып отыр. Қос азамат бір жағынан жеке табысын еселесе, келесі кезекте өңірде кәсіпкерлік саласының дамуына да өз үлесін қосуда.

Мұндай өнімдер әзірлеу арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейтуді Жанасовтар бұрыннан жоспарлап жүріпті. Десе де іс бастауға қолда бар қаржы жетпеген көрінеді. Осылайша кент орталығындағы жұмыспен қамту орталығының мамандары кеңесіне жүгінген ағайындылар арнайы жоба әзірлеу арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болған. 

– Негізінен кәсіптің бұл түрімен бұған дейін де айналысып көргенбіз. Алайда жұмыстың алға басуына қолда бар қаржы жетіңкіремеді. Бір жағынан біз кәсіпорын орналасқан ғимаратты да жалға алған болатынбыз. Орталыққа құжат тапсырып, әзірлеген жобамызды қорғап шығуымыздың арқасында бүгінде жұмысымыз алға басып жатыр. Тапсырыс әзірге жаман емес. Әсіресе түскі және кешкі астың уақытында бізге көптеп тапсырыс түсіп жатады. Шама-шарқымызша олардың талабына сай өнім әзірлеп, уақытында жеткізіп беруге тырысамыз. Ісіміздің алға басуына мемлекеттік бағдарлама айтарлықтай көмек болды. Сондықтан мұндай бағдарлама әзірлеп, салаға серпін беруді мақсат еткен мемлекетімізге алғысымыз шексіз. Алда басқа да жоспарымыз бар. Бастысы, жұмыс алға басып жатыр, – дейді Жанасовтар әулетінің кенжесі Асылжан.

Айта кетейік, осыған дейін аталған бағдарлама арқылы жұмыссыз азаматтардың кәсіп бастауына мемлекет мүмкіндік бергенін, оның қарапайым халық игілігін көргенін айтқан болатынбыз. Бір қуантарлығы, бүгінде оның игілігін жалағаштықтар да көріп отыр. Бір жағынан жұмыссыздықты ауыздықтауға бұл таптырмас мүмкіндік болса, келесі кезекте кәсіпкерлік саласының өңірде дамуына да оң ықпалын тигізуде. 

555 600 теңгеге ие болған қос кейіпкеріміз аудан орталығынан тез дайындалатын тағамдар әзірлейтін “ZHAN FOD” кәсіпорынын ашқан болатын. Орталықтың бүгінгі жұмысына қарап, іскер азаматтардың мол табысқа кенеліп отырғанын байқауға болады. 35-40 минуттық кәсіпкермен екеуара болған диалог барысында мұнда келушілердің қатары қалың екенін тағы аңғардық. Іскер азаматтар тек тапсырыспен ғана жұмыс жасаумен шектелмейді. Мұнда келіп тамақтанамын деген жандар үшін де жағдай жасалған. Орталық ішінде сыйымдылығы 24 адамдық асхана бар. Түскі астың уақытында мұнда отырған жалағаштықтардың да қатары көп.

Бүгінде Жанасовтар мұнда донер, фри, пицца, суши, чикен, бургер сынды тез дайындалатын тағамдар әзірлеп жатыр. Асылжан мен Батыржан тапсырыс артқан сайын жұмысқа деген шабыттың ашылатынын айтады. Яғни олар күн сайын өз өнімдеріне деген тапсырыстың артуын әзірлеген тағамдарының сапасымен байланыстырады. 

– Тапсырыс артқан сайын біздің жұмыс жасауға деген құлшынысымыз арта түседі. Кәсіпкердің негізгі мақсаты жеке табысты еселеу болса, бұл ретте өз өніміңе деген сұраныс маңызды. Біз жұмыс барысында осыған аса мән береміз. Нәтижесі жаман емес, қазір мұнда әзірленетін өнімдерге сұраныс артпаса, кеміген емес. Бастысы, алға қойған мақсатымыз орындалып жатыр. Біз табысымызды арттыру мақсатында қолға алған жобамыздың жемісін көрсек, тұтынушылар сапалы өнімге қол жеткізуде. Алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібіміздің көкжиегін кеңейту ойда бар, – дейді Асылжан Жанасов.

Мұнда әзірленген өнімдерді кенттің кез келген елді мекеніне жеткізуге жағдай жасалған. Яғни Батыржан мұнда тағамдар әзірлеу ісін жандандырса, інісі оны астындағы көлігімен тұтынушыларға жеткізіп береді. Осылайша кәсіптің берекесін көріп отырған бір отбасының қос азаматы қолға алған жобасының нәтижелі болғанына қуанады. Әрине, бұл ретте мемлекеттік бағдарламаның іскер азаматтар жұмысының жандануына үлкен көмек болғаны анық. 

Тағы да оқыңыз: