Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және өткізу бағытында «Жан-Арай» ЖШС жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірістік қуаттарды арттыруға және өңірдегі агроөнеркәсіптік әлеуетті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
Кәсіпорынның Агроиндустриялық кешеніндегі күріш ақтау зауыты 2016 жылы іске қосылған. Жобаның құны – 895 млн теңге. Өндірістік қуаты тәулігіне 150 тонна күріш жармасын өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өнімді сақтау және тұтынушыға жеткізу бағытында көтерме тарату орталығы жұмыс істейді. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метр болатын заманауи қоймада әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өнім сақталады. Қойманың жылдық сақтау қуаты шамамен 10 мың тонна. Мұнда 10 адам еңбек етеді. Заманауи технологиялық басқару жүйесі өнімдерді қажетті температуралық режимде сақтап, олардың сапасын қамтамасыз етеді.
Биыл кәсіпорында тәулігіне 300 тонна күріш ақтайтын жаңа өндірістік қондырғы орнатылуда. Жаңа қондырғы іске қосылғаннан кейін күріш өңдеу көлемін екі есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында сыйымдылығы 4 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталып, қазіргі таңда толық жұмыс істеп тұр. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.
Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті Жаңақорған ауданында да кеңейіп келеді. Қожамберді ауылының маңында «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриялық кешені жұмыс жасауда. Кешенде алма, жүзім, қызанақ, қияр, баялды және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеуге мүмкіндік бар.
Кешен құрамында 1200 тоннаға арналған көкөніс сақтау, өңдеу және сату қоймасы, техника жөндеу орны, көлік жуу орны, май құю бекеті, 350 орындық тойхана, 150 орындық асхана және 150 орындық шипажай жұмыс істейді.
Кешен аумағында 50 гектарға жуық жерге шие, шабдалы және басқа да жеміс ағаштары өсірілуде. Өнімдерді сақтау және өңдеу бағытында 1500 тоннаға дейінгі қуат қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Кешен аясында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Жан-Арай» ЖШС-нің өндірісті жаңғырту, сақтау және өңдеу қуаттарын арттыруға бағытталған жобалары өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, жергілікті өнім көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде. Өңірде өндірілген өнім – өңір экономикасының тұрақты дамуының маңызды негізі.

