Kyzylorda-news.kz. Қаһарлы қыстан кейін көктемді асыға күтетініміз рас. Жер бусанып, тіршілікке жан бітіретін көктем бұл жолы ақтөбеліктерді әбігерге түсірді. Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты елдің он аймағында төтенше жағдай жариялады. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Иә, көктемде асау мінез танытқан су тасқыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Қазақстандықтарға арнайы үндеу жолдап, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болатынын айтты. Сондай-ақ, тасқын салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес барысында бірқатар әкімдердің қызметіне сәйкес келмейтінін тілге тиек етіп, сынға алған-ды. Тиісінше Президент су тасқынынан келген залалды қалпына келтіруді қатаң тапсырды. Тіпті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, жүйелі жұмыстың қажет екенін айтқан-ды. 

"ЖЫЛЫ ЖАУЫП ҚОЯТЫН ЖАЙТ ЕМЕС"

Көктемде ріген қар суының өзі-ақ тасқынға қам-қарекетіміздің қандай шамада екенін айғақтап берді. Бұл – тосын емес, жылда біз қарсы алатын тасқын су. Бірақ биылғысы бұрынғысынан "бөлектеу" болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, белуардан су кешкізді. Енді ғана қалыпқа келе бастаған жолдарды су шайды. Еліміздегі бірнеше ауыл атымен жоқ болып, су астында қалды. Осылайша, бір ғана су тасқыны экологияға, климатқа, жерге, суға қатысты бірнеше шикіліктің шетін шығарды. Дәл қазір бұқараны толғандыратын сауал көп. Соның ең өзектісі – бұрын-соңды дәл осындай қауіппен бетпе-бет келмеген Қазақстанды табан астында топан су неге төпелетті?

Мұңға айналып тұрған мұндай жағдайдың негізгі себебін тәуелсіз сарапшылар, агросарапшылар мен экологтар климаттың өзгеріске ұшырағанымен байланыстырып отыр. Тіпті қыс мезгілінің кеш келуі де сеп. Оның үстіне сол мезетте жауған жаңбыр тоңды қатырып тастағандықтан, еріген қар суы жерге сіңбеуде. Бұл әрине, эколог-сарапшылар пайымы. 

Осы жағдайға байланысты пікір алу үшін Шиелі ауданының "Құрметті азаматы" Жамалхан Баетұлымен байланысқа шықтық. Сонда ол:

– Климаттың өзгергеніне кінәлі – өзіміз. Ауаны мейлінше, мөлшерден тыс ластап жатырмыз. Соның салдарынан қыс мезгілі уақытында келмеді. Бұл жылы жауып қоя салатын жайт емес. Дәл қазір бұқара басындағы үлкен ауыртпашылық болып тұр. Әрине, бұл табиғи апат деп айтылады. Рас, қар да кеш түсті. Қар түскен соң да еріп-қатып, арасында жаңбыр жауды. Қаңтар айының аяғына таман қар өте тығыз болды. Салдарынан осы күйге жеттік. Өткенге шегініс жасасақ. Кеңес үкіметі тұсында кеңшар (совхоз) және ұжымдық шаруашылықтар (колхоз) егінді және басқа да дақылдарды көп екті. Қыста егіс алқабында бірнеше рет қар тоқтатылған-ды. Гидромелиорациялық құрылыстар су қоймалары, дамбалар, плотиналар болды. Арнайы гидромелиорациялық мамандар бақылап отырды. Қазір бұл жүйе толығымен жойылды. Экология министрлігі тегіннен тегін құрылған жоқ. 30 жылдан бері талап-тәртіпке сәйкес біраз тыңғылықты жұмыстар істелді. Облыстарда орталық, аудандарда бөлімдер ашылып, арнайы инспекторлар болатын. Олар үнемі бақылап отыратын. Тек суды ғана емес, халыққа пайдасын келтіріп, зиянын тигізетін экологиялық мәселелердің алдын алатын арнайы бөлімдер бар болатын. Осы сәтті пайдаланып, бір ұсыныс айта кеткім келеді. Осындай табиғи апаттарды алдын ала болжап, тексеріп отыратын экологиялық бөлімдер аудан, ауылдарда қайта жанданса. Иә, барлық нәрсе тыныштыққа, амандыққа байланысты. Одан кейін адамзатқа керегі экологиялық хал-жағдайдың жақсы болуы. Экологиялық тепе-теңдік бұзылса, нағыз апат сонда болмақ, – дейді

МӘСЕЛЕНІ МИНИСТРЛІКТІҢ МОЙНЫНА АРТЫП ҚОЮ, ЖАРАМАС

"Жасыратыны жоқ, жылда қайталанатын су тасқынын Төтенше жағдай министрлігіне жүктеп қойдық". Мұны Water hub халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев енді еріген қар суын өткізуге дайындық жүйесін қайта қарау керек деп есептейді.

– Біріншіден, біз бәрін төтенше жағдай министрлігінің мойнына артып қойдық. Бұл дұрыс емес. Бұл салада 1972 жылдан бері істеп келемін. Бізде бұрын шығын бойынша бюджет бабы да болатын. Тасқын суын апатсыз өткізуге бюджет қарастырылатын. Егер техникалық жабдықтарды уақытында жөндемесеңіз, мұзды оймасаңыз, су жолын дайындамасаңыз, ертеңгі күні су жолды шаяды. Соған дайындалу керек. Бізде жергілікті билік шала-шарпы іс қылады, байыбына бармайды деп ойлаймын. Себебі, кейбір аумақта жыл сайын бір жерді ғана су басады, оны өткеріп алған соң, тағы тосып отырады. Алдын ала дұрыс шара қолданылмайды. Бұл жағы бізде ақсап жатыр, – дейді Анатолий Рябцев.

Тасқынға қарсы жұмыстарға төтенше жағдай қызметінен гөрі сушылар көбірек араласса, жағдай оңалар ма еді?! Неге десеңіз, су қоймалары мен су инфрақұрылымдарының жағдайын олардан жақсы білетін ешкім жоқ. Мұны да су сарапшысы Анатолий айтып отыр. «Тиісінше, бюджеттің бір бөлігі су ресурстары министрлігіне бөлінгені жөн. Сонда ғана тасқынмен күрестің салдарымен емес, себебімен күрес басталады», – дейді ол.

«Қар суын қуаңшылыққа пайдаланса…»

Қазір Үкімет отырыстарында, министрліктер жиындарында тасқын мәселесі қаралып жатыр. Қалың суды қоймаларға барынша сақтап қалып, қуаңшылық кезінде кәдеге жаратсақ деген ұсыныс айтылу үстінде. Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. 

Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай әдіс Кеңес үкіметі кезінде тиімді қолданылыпты. Көктем кезінде еріген қар суын жайылымдық жер, шабындықтарға бұруды көлдете суғару деп атайды. Бұл әдіс су тасқынының алдын алады әрі жерді ылғалдандырады. Бірақ, ол кезде канал, арықтар алдын ала тазартылып, су жүретін жолдар аршылып отырған екен. Соның арқасында еріген су дұрыс бағытпен ағып, елдімекендерді су баспаған. Ал шабындық пен жайылымдық жерге жеткен су топырақты ылғалдандырып отырған. Соның арқасында жер мол өнім береді екен. 

Бұл шаруаны шашау шығармай атқарса, онда аудандағы жайылым, егістік жерлеріне жан бітер ме еді? 

Әрине, мол суды сақтап қалу үшін қоймалардың жеткілікті болуы да маңызды. Қазір тағы да ірі 20 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұған да сарапшылар түрлі пікірін білдіріп жатыр. Тасқын мәселесін шешудің ең тиімді жолы осы десе, енді бірі оған бағытталған қыруар қаржыға технологияны жаңғыртсақ, инфрақұрылымды жаңартсақ деп жатыр. 

Қалай болғанда да, елдің үй-жайы, малы суға кетіп, халықтың да «салы суға кетіп» шаршаған. Үкіметтің де шығыны – бұл. Нидерланд мемлекетіндегідей халықты су тасқынынан қорғайтын ең ауқымды «Дельта» бөгетіндей болмаса да, жаңа инженерлік жобаның қажеттілігі ауадай аңғарылып тұр. 

«Дельта» бөгетінің негізгі ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, көмекші бөгеттер 13 мың шақырымды құрайды. Бөгеттердің көбі теңіз тыныш кезінде ашық тұрады. Ал дауыл тұрып, су деңгейі көтеріле бастағанда автоматты жүйе дабыл қағып, дамбалар жабылады. Тасқынға осылай тосқауыл қойған. Бөгеттер жел энергиясы арқылы жұмыс істейді. 1953 жылы Нидерланд еліндегі тасқыннан 133 елді мекенді су алып, 1835 адам опат болған еді…

«Отыз жылдағы ең ірі су тасқыны»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штабтың отырысында осылай деді. Жұмыстарына немқұрайды қараған бірнеше билік өкіліне қатаң сөгіс және сөгіс берді. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстарын сынға алды. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуді жүктеді. 

Тағы да оқыңыз: