Kyzylorda-news.kz Осыдан үш ай бұрын еңбек демалысын асыға күткен Арман шетелге демалыс сапарын жоспарлаған еді. Ел аралап, шетелге баруға асыққан ол туристік компаниядан Грузия мен Түркияға баруға тур сатып алады. Десе де сенім білдірген туристік компания бір-ақ сәтте сенімін аяққа таптады. Өзге мемлекетте жүріп, алданып қалған кейіпкеріміз енді туристік агенттіктерге сенбейтінін жеткізді.
Кейінгі кездері елімізде осыған ұқсас жағдайға тап болғандардың қатары көбейіп барады. Арзан турдың азабын тартып, қалтасынан қағылған азаматтар жалған туристік компаниялардың интернет кеңістікте емін-еркін сайран құрып жүргеніне ашынады. Өкінішке орай, дәл қазір олардың мұндай іс-әрекетіне «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұрған секілді. Жыл басынан бері Қазақстанның туризм саласында қанша алаяқтық оқиғасы тіркелгені жөнінде нақты ақпарат жоқ. Бірақ құқық қорғау органдарына шағымын жеткізіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырған азаматтар санының көптігіне қарап, көрсеткіштің кемімей тұрғанын аңғаруға болады.
Жоғарыда айтылғандай кейіпкеріміздің басынан өткерген оқиғасы да осыған дәлел.
– Негізі бұл демалысты жұбайыммен бірге жыл басынан бері жоспарлап жүрдік. Әртүрлі туристік агенттіктердің әлеуметтік желідегі парақшаларын қарап, зерттедік. Негізгі жоспарымыз Грузия мемлекетінің Батуми қаласына бару болды. Әйгілі Әли мен Ниноның мүсінін көргіміз келді. Сөйтіп наурыз айында Instagram әлеуметтік желісінен бір туристік компанияны көзім шалды. Қарасам тур бағдарламасы біздің іздегенімізден де өзгеше болды. Біз бір ғана елге баруды жоспарласақ, әлгі туристік компания Грузияның Тбилиси және Батуми қаласына, сонымен қатар Түркияның Стамбул және Трабзон қалаларына тур ұйымдастырып, орын санының шектеулі екенін жазыпты. Бағасы да айтарлықтай қымбат болмағандықтан сол сәтте бірден байланысқа шығып, анық-қанығын сұрап білдім. Тур жайлы толыққанды ақпарат берген соң бірден шешім қабылдап шілде айына тур сатып алдық. Барлығы заңды түрде орындалып, екі жақты онлайн келісім шарт жасалды. Солай 10 күнге арналған турымыздың бағдарламасымен таныстырды. Сөйтіп, еңбек демалысын алып, сапарға дайындалдық. Келісім-шарт жасалған кезде бізге Астанадан ұшатынымызды айтқан. Ал кейін сапар күні жақындаған кезде ұшу бағыты өзгеріп, Алматыдан ұшатынымызды хабарлады, – деді Арман.
Әзірге ештеңеден сезіктенбеген ерлі-зайыпты жұп Алматыға жолға шыққан. Арман жол бойы шетелге ұшу билетін бермегендеріне сезіктене бастаған.
– Негізі турмен шетелге саяхаттап жүрген достарымыз бар. Олар әдетте бару-қайту билетті 1 апта бұрын жіберетінін ескертті. Ал біз Алматыға жеткенше билетті ала алмадық. Билетті сұрап хабарласқанымда әртүрлі сылтау айтатын. Алматыға барғанша уайымдап, қайта-қайта WhatsUp желісіндегі ортақ чатқа жазып, сұрай бердім. «Билетті береміз, уайымдамаңыздар» деп жауап беретін. Солай ұшу билетін 2 сағат қалған кезде электронды түрде жіберді. Билетті қолымызға алған соң күдігіміз сейілді. Сөйтіп, 5 сағатта Грузияның Тбилиси қаласына бардық. Барған кезде тағы бір күдікті жайт орын алды. Бізді алып келген туристік компанияның қызметкері Қазақстаннан ұшып келген барлық туристердің жеке куәлігін алып, қонақ үйден номер алып келемін деп кетіп қалды. Қателеспесем бір жарым сағат күтіп қалдық. Кешіккен соң хабарластық. Ол барлығына бірдей номер алып үлгермей жатқанын алға тартып, сәл сабыр сақтауымызды сұрады. Сөйтіп бас-аяғы екі жарым сағат күтіп, қонақ үйге орналастық. Қысқасы екі күн Тбилисидің әдемі жерлерін аралап, суретке түсіп, жақсы демалдық. Бәрі керемет болып көріне бастады. Бірақ екі күннен кейін біз елестеткен әдемі саяхат аяқсыз қалды , – дейді кейіпкер.
Грузияның Тбилиси қаласының әдемі табиғатында демалып, ерекше көз тартатын ғимараттарын көріп, керемет әсер алған жұп Тбилисиден Батуми қаласына барған кезде жарнамадағы жазбаның барлығы жылтыр уәде екенін түсінген. Батумидегі қонақ үйге барған сәтте сол жақтағы қызметкерлер сапар мерзімінің аяқталғанын айтқан.
– Шынымды айтсам не істерімді білмей абдырап қалдым. Барлығы бір-ақ сәтте өзгеріп кетті. Сол сәтте турды ұйымдастырған компанияға хабарластық, ешкім жауап бермеді. Бізден басқа 20 шақты адам барды. Барлығы аң-таң күйде қалды. Жан-жақтан бәріміз әлгі компания мамандарымен байланысқа шыға алмадық. Солай көбісі өз қалталарынан ақша шығарып, Түркияға ұшып кетті. Ал біз Батумиде бір күн қалдық. Ертесі әйгілі Әли мен Ниноның ескерткішіне бардық. Негізі бару себебімізде сол еді. Сөйтіп, келесі күні Астанаға билет алып, кері қайттық. Қысқасы турға берген ақшамыз бір сәтте ауаға ұшты, – деді Арман.
Кейіпкеріміз турды сатып алған кезде ақшасын толық төлеп қойған. Бару-қайту билеті, 4 қалаға барған кезде орналасатын қонақ үй одан бөлек гид мамандарының қызметі бар барлығын есептегенде миллиондаған қаражат жоқ. Астанаға қайтып келген кезде компания өкілдері байланысқа шығып, түсініспеушілік орын алғанын хабарлап, ақшаларын толық қайтарып беретіндерін айтқан. Бірақ кейіпкеріміз үш айдан бері қайтара алмай әуре-сарсанға түстік дейді. Ең ашынатын тұсы, олар өз іс-әрекеті үшін кешірім де сұраған жоқ. Тіпті жағдайды түсіндіріп бермегендерін алға тартты.
Қазір бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Арзан турдың азабын тартқандар саны күн сайын өспесе, кеміген емес. Әлеуметтік желіні жаулаған өтірік компанияларға қашан тұсау салынады? Халықтың соңғы тиынына дейін ойланбай жымқырғандарға ешқандай жаза қолданылмайды ма? Осы мәселе турасында туризм мамандарының пікірлерін сараптап көрдік.
Эксперт маман Жансая Меңілбаева алаяқтардың айласын оңай іске асыруына қаржылық сауаттың төмендігі, жарнаманың бақылаусыз қалуы және азаматтардың тек бағаға қарап шешім қабылдауы әсер ететінін айтады.
– Кейінгі жылдары нарықта көлеңкелі қызмет көрсетушілердің саны күрт артты. Қазір қайда барсаңыз да, туристердің қарасы қалың, ал олардың көп бөлігін заңсыз жұмыс істейтін турфирмалар тасымалдап жүр. Пандемиядан кейін халықтың саяхатқа деген қызығушылығы артты. Әрине, барлық адам қолжетімді бағаны іздейді. Осыны пайдаланған алаяқтар әлеуметтік желіде «ерекше жеңілдікпен тур» ұсынып, адамдарды алдап жүр. Жауапкершілік тек мемлекетке немесе тек тұтынушыға жүктелмейді. Мемлекет лицензиялау мен бақылауды күшейтуі керек, ал әр азамат компанияның сенімді екенін тексеріп, өзін қорғауды үйренуі тиіс, – дейді маман.
Сарапшы турфирманың алаяқтар екенін айғақтайтын негізгі белгілерді тізіп өтті. Олар өте төмен баға, ресми құжаттың болмауы, төлемді жеке шотқа сұрау, сондай-ақ офис пен лицензияның жоқтығы. Егер сіз таңдаған турда аталған белгілердің бірі бар болған жағдайда, бірден бас тартқан жөн.
– Олар ең алдымен «арзанға» сүйенеді. Мысалы, басқа компаниялардан екі есе төмен бағада «бәрі қосылған» турды ұсынады. Толық алдын ала төлем сұрайды, келісімшарт жасамайды, ал жасаса жалған құжатпен шектеледі. Әдетте, кеңселері болмайды, тек әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатады. Ал заңды туроператордың лицензиясы, кеңсесі, ресми сайты мен жұмыс телефондары болады. Клиентпен міндетті түрде келісім шарт жасасады және туристік сақтандыруды ұсынады, – деді Жансая Меңілбаева.
Әлеуметтік желідегі жарнаманың шынайылығын бірнеше жолмен анықтауға болады. Сарапшылар бұл тұста турдың рас-өтірігін 100 пайыз анықтау мүмкін емес екенін айтады. Дегенмен ең алдымен компанияның ресми мәртебесін тексеріп, кеңсесінің бар-жоғын анықтау, оқырмандар жазған пікірлерге мән беру, төлем жасау тәртібі мен жарнамалау стиліне назар аудару қауіптің алдын алуға көмектеседі.
– Egov порталы немесе Туризм индустриясы комитетінің сайтынан компанияның лицензиясы бар-жоғын көруге болады. Бұл – ең сенімді әдіс, өйткені заңды оператор міндетті түрде мемлекеттік тізілімде тіркеледі. Егер мүмкіндік болса, компанияның кеңсесіне барып көру маңызды. Шынайы туроператорлар жасырынбай нақты мекенжайы мен байланыс нөмірін көрсетеді. Керек болса бұрынғы туристердің де пікірлерін оқыған дұрыс. Бірақ жалған пікірлердің көптігін ескеру керек. Сол себепті бір дереккөзге ғана сенбей, бірнеше тәуелсіз платформадан тексерген дұрыс. Ең негізгі ереже – төлемді тек компанияның ресми есепшотына аудару. Егер ақша жеке адамның картасына түсіп жатса, ол компанияның заңды түрде тіркелмегенін көрсетеді. Сондай-ақ, «тек бүгін», «арзан баға», «соңғы орын» сияқты асықтыратын жарнамалар – көбіне алаяқтардың әдісі. Бұл тұтынушыны ойланбастан шешім қабылдауға итермелейді, – деді туристік агенттік жетекшісі Гүлдана Иманбай.
Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Еуропада туристерді қорғау үшін арнайы «қорғаныс қоры» құрылып, агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда тұтынушыға ақшаны қайтарып беру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, Данияда пандемия уақытында туристік агенттіктерге қолдау көрсету мақсатында Travel Guarantee Fund жүйесі енгізілген. Осының арқасында туристік агенттік қарызға батса да, туристерге ақшаны қайтару немесе өтемақы беру қамтамасыз етілген. Ал Францияда туристік агенттік банкрот болған жағдайда арнайы қорға жүгіну мүмкіндігі бар. Мәселен, FTI France банкрот болған кезде, APST туристерге қайтарым жасау немесе балама қызмет ұсыну тетігін іске қосқан. Ал Қазақстанда туристің ақшасы қайтарылмай қалған жағдайда тұтынушы құқығы қалай қорғалады?
– Егер туроператор ресми лицензиясы бар заңды компания болса, турист Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне немесе сотқа шағым түсіре алады. Қазақстанда туроператорлардың жауапкершілік қоры бар, сондықтан белгілі бір жағдайда туристің шығыны өтеледі. Алайда егер турист жалған компанияға алданып қалса, өкінішке қарай ақшаны қайтару өте қиын. Мұндай жағдайда тек полицияға арыз беріп, қылмыстық іс қозғауды талап етуге болады, – дейді Ж.Меңілбаева.
Жалған турдың салдары – жеке адамның қаржылық шығыны ғана емес, бүтін бір қоғамның сеніміне әсер етуші фактор. Бақылаусыз қалған әрбір арзан жарнама – жаңа құрбандықтың алғышарты деп қаралуы тиіс.
Аружан ЕРАЛЫ
Сурет: freepik.com
