Kyzylorda-news.kz Жалағаштық жұмыссыз азаматтар бірнеше жылдан бері кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келеді. Өз жобасын ауданда жүзеге асырамын деп талап қылғандардың қатарында кент тұрғыны Айгерім Ермахан да бар. 

Бұған дейін үйінде тек арнайы тапсырыспен кондитерлік өнімдер өндіріп келген кейіпкеріміз бүгінде өз ісіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алу арқылы дүкендерге де өнімін ұсынуға қол жеткізіп отыр. Бұл ретте Айгерім Бақытжанқызы бұрынғысынан көп табысқа жетуге мемлекеттік бағдарламаның үлкен көмек болғанын айтады. 

– Бұрын үйде тек тұрғындардың тапсырысы бойынша жұмыс жасайтынмын. Ол кезде өнімнің бұл түріне сұраныс көп. Алайда маған көп табыс табуыма құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі қолбайлау болды. Себебі ондай мол өнім шығаруға көп уақыт кетеді. Ал оны тиімді пайдаланудың оңай жолы – құрал-жабдықтардың жеткілікті болуы. Бұл ретте мемлекеттік бағдарлама менің мәселемді шешуге көмек болды. Өз жобамды ұсынып және оны комиссия мүшелері алдында қорғап шығып, қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Қазіргі таңда тиісті қаражатқа арнайы құрал-жабдықтар сатып алдым. Енді тұрғындардың тапсырысына да, аудан орталығындағы сауда дүкендеріне де өз өнімімді сатылымға шығаруға мүмкіндік бар. Тіпті кейде аудан іргесіндегі Ақсу, Бұқарбай батыр секілді бірқатар ауылдық елді мекеннен де тапсырыс түсіп жатады. Оның бәріне қазір үлгеріп жатырмын. Болашақта кәсібімнің көкжиегін кеңейтіп, үлкен кондитерлік өнім шығаратын цех ашу жоспарымда бар. Ал ол жұмыстар алдағы күннің еншісінде. Қазір кәсіп бастаймын деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау басым. Оның игілігін өзім де көріп, көз жеткізіп отырмын, – дейді А.Ермахан. 

Айгерім Бақытжанқызы өз ісін бастауына бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан берілген 555 600 теңгеге мұздатқыш, шағын пеш пен түрлі кондитерлік өнім шығаруға қажетті басқа да құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады. Қазіргі таңда ол бұлардың көмегімен бір жағынан уақытты үнемдесе, келесі кезекте өндірілген өнім көлемін де ұлғайтуға қол жеткізіп отыр. Алдағы уақытта өзінің цехында өндірілетін өнімнің түрлерін әлі де көбейту жоспарында бар екен. 

– Ұзақ уақыт үйде жұмыссыз отырғаннан кейін кәсіп бастауды жөн деп таптым. Бірақ қорда қосымша қаражатым болмағаннан кейін мүмкін емес деп ойладым. Десе де мемлекеттік бағдарламаның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздім. Алдағы уақытта өзім өндіретін өнім түрлерін де ұлғайту жоспарда бар. Қазір оған еш кедергі жоқ. Карантиннің уақыты дегенмен, тұрғындар түскі асқа қажетті тәттілерге тапсырыс беріп жатыр. Сондықтан бұл салада қазіргідей уақытта табыс табу мүмкін емес деген бос сөз, – дейді кәсіпкер. 

Айта кетейік, былтырдың өзінде аудандағы жұмыссыз 300-ге жуық азаматқа мемлекет тағайындаған грантпен 1 млн 380 мың теңгеден үлестірілген еді. Қазіргі таңда олардың көбісі өз жобаларын жүзеге асыруда. Бірі мал шаруашылығын дамытса, енді бірі кәсіптің басқа да түрлері бойынша табыс табуға кірісіп кетті. Бір жағынан бұл жұмыссыздықты болдырмауға оң әсерін тигізсе, келесі кезекте өңірде кәсіптік нысандар қатарының артуына да сеп болып отыр. 

Тағы да оқыңыз: