Kyzylorda-news.kz Ақын, журналист, қоғам қайраткері Мәлік Аяповтың 80 жылдық мерейтойына орай, аудандық білім бөлімінің іс-шара жоспарына сәйкес Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей базасында «Жүрегі шуақты, ізгі мұратты қаламгер» тақырыбында жас тарихшы ұстаздардың ашық пікір алаңы болып өтті.

Ақынды еске алуға арналған шарада Мәлік Аяповтың күнделігіндегі естелік жазбалар оқылып, тарихи деректер мен ақын өміржолынан сыр шертетін бейне көрсетілім ұсынылды.

Мәлік Аяпов 1944 жылы Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында өмірге келген. Ол Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс алып, өмір бойы шығармашылық жолмен жүрді. Айта кету керек, ол кісі еңбек жолын Жалағаш аудандық газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 40 жыл бойы осында еңбек етіп, редакторы болуға дейін жеткен. Осы жылдары "Көктем тынысы”, "Дала туысқандығы” атты жыр жинақтарын өмірге әкелсе, 2003 жылы Алматыдағы "Үш қиян” баспасынан "Киелі мекен” атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

Шара барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Қопаева және аудан тарихшылары руханият әлеміндегі шоқтығы биік ақын, жазушы, жерлесіміз Мәлік Аяповтың шығармашылығына тоқталды.

Шара соңында Мәлік Аяповтың дүниеден өткен соң ақынның артында қалған әдеби мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, оны жүйелеп, жинақтап, кітап қылып жарыққа шығуына жол көрсеткен, ақынның жары, Жақсыгүл апай барша тілеулес жандарға алғысын білдіріп, аяулы жанның естеліктерімен бөлісті.

Тағы да оқыңыз: