Kyzylorda-news.kz Өткен аптада Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бастамасымен, Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде Бозторғай XXVІ облыстық балалар шығармашылығы байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Болашақ жұлдыздарды бала күнінен өнерге баулып, үлкен сахнаға дайындайтын «Бозторғай» байқауы талай таланттың шығармашылығын шыңдап, жаңа есімдердің жарыққа шығуына жол ашып келеді. Бұл жолы байқауда өнерпаздар вокал, хореография, халықтық орындау мен ұлттық аспапта ойнау жанры бойынша өнер көрсетті.
60-тан аса талапкер қатысқан өнер додасында 24 жас өрен іріктелініп алынды. Жас ерекшеліктеріне қарай талапкерлер baby тобы, кіші, орта және үлкен топтарға бөлініп, сайыс көркін қыздырды.
Жас өрендерге облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының музыка және балалар бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі Руслан Бурабай төрелік етті.
Вокал жанры бойынша байқауға тыңғылықты дайындалып келген 35 талапкер сахнада әсем әнді әуелетіп шырқады. Ал сахнаға екі конкурстық би дайындап келген мың бұралған бишілерден құралған 6 би тобы сахнаның сәнін келтіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық аспапта ойнау жанры бойынша 8 балғын бүлдіршін өнерлерін ортаға салды. Одан әрі сайыс халықтық орындау жанры бойынша жалғасты.
Бұл байқауға алғаш рет қатысып тұрған ең жас қатысушылардың бірі – Мұрат Айсұлтан. «Өнерге әркімнің ақ бар таласы» демекші, кішкентай қатысушымыз бұл байқауға тыңғылықты дайындықпен келгенін айтып, облыстық кезеңге жолдама жеңіп алуды көздейтінін жеткізді. Ол ұлттық аспапта ойнау жанры бойынша сахнада халық күйі «Келіншекті» орындап, көрерменнің қошеметіне ие болды.
– Аудандық өнер мектебіне былтырдан бері барып, домбыра үйірмесіне қатысамын. Арманым, бұл байқауда жеңімпаз атанып, ұлттық аспаппен шетел сахнасында өнер көрсету. Қазіргі таңда 10-ға жуық күй білемін, – дейді Мұрат Айсұлтан.
Осылайша бірнеше сағатқа созылған байқау да өз мәресіне жетті. 60-қа жуық бүлдіршін өнер көрсеткен сайыс соңында облысқа жолдама алған сахна үздіктерінің есімдері аталды. Әділқазылардың шешімімен вокал жанры бойынша 9 қатысушы, аспапта ойнау жанры бойынша 8, жыр терме бойынша 2, хореография жанры бойынша 5 топ облыстық кезеңге жолдама алып, 6 сәуір күні облыста аудан намысын қорғайды.
