Kyzylorda-news.kz Бүгінде Жалағаш ауданының жасөспірімдері қай спорт түрінен болсын қарсыластарына дес бермей, мықтылығын мойындатып жүр. Жуырда өңір спортшыларының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің волейболдан жаттықтырушысы Ләззат Әбдіқалықованың шәкірттері облыстық командалық жарыста аудан абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Нақтырақ тоқталсақ, облыс орталығында 2011-2012 жылғы оқушылар арасында өткен облыстық чемпионатта жалағаштық волейболшы қыздар жүлделі бірінші орынды иеленді. «Жеңімпаз атану оңай, сол тұғырды ұстап қалу қиын» демекші, волейболшылар облыс біріншілігіне тыңғылықты дайындалған. 

Аталған жарыста аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген командалар бақ сынаған. Волейболдан ауданның құрамасына ену оңай шаруа емес секілді. Ол үшін спортшы бірнеше жарыста бой көрсетіп, әдемі ойын мен чемпиондық мінезді көрсету керек. Жастарымыз бірде-бір жарысты қалдырмай қатысып, қысқа уақыттың ішінде мол тәжірибе жинақтаған. Жаттықтырушы да, спортшы жастар да жеңістің еңбекпен келетінін осыдан-ақ байқауға болады. Бәрінің мақсаты – чемпион болу. Сондықтан өрендерге жеңіс оңай келмегені белгілі.

20 жылдан аса жаттықтырушы ретінде еңбек етіп келе жатқан Ләззат Әбдіқалықова ауданымызда бірнеше қайсар да қабілетті спортшы қыздарды, чемпиондарды тәрбиелеп, аудан спортының дамуына елеулі үлес қосып келеді. 

– Шүкір, ауданымыз мықты спортшыдан кенде емес. Спорттың тілімен айтсақ, өсіп келе жатқан жүйріктерге тәртіп пен төзімділік керек. Оның барлығы үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстазды сыйлаудан басталады. Оған спортта жүрген бапкерлерді де қоса аламыз. Әрбір жаттықтырушы шәкіртінің жаман болғанын қаламайды, бұрыс қылыққа баруына жол бермейді. Сосын әрбір спортшы алдына мақсат қойып, әрдайым өзін бабында ұстап, бос уақытты құр өткізбей, жаттығу жасап, залда болуы қажет. Өйткені барлық жетістік, жеңіс төккен тердің, еткен еңбектің арқасында келеді. Санадағы қорқынышты алып тастап, психологиялық тұрғыдан мықты болуы шарт. Сонда ғана барлығы оңынан болады. Айналып келгенде жаттықтырушымен тығыз байланыста болып, берілген тапсырманы артығымен орындау қажет. Соның барлығы тәртіппен келеді. Көріп тұрғаныңыздай, бүгінде еңбегім елеусіз емес, жетістігіміз жетерлік, шәкірттерім жүлдемен оралып жүр, – дейді өз ісінің маманы Ләззат Әбдіқалықова.

Айта кетейік, 2019 жылы Жаңақорғанда өткен 2006-2007 жылғылар арасындағы сайыста воллейболшы қыздар үздік үштікке ілінді. Ал Ақерке деген шәкірті облыс құрамасына еніп, Петропавл қаласындағы республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған. Сондай-ақ екі жыл бұрын Талдықорған қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің ойындарында облыс құрамасына енген шәкірті Нұрсұлу Мырзашта жүлделі І орынды иеленген. Осылайша Нұрсұлу спорт шеберіне кандидат дәрежесін қорғап, аудан тарихында волейболдан бірінші рет осындай үлкен жетістікке жеткен қыздың бірі болды. Ақпейіл Маратқызы мен Назым Қанибай да жеңімпаз тәтелерінің жолымен жүруді мақсат етіп, тек аймақтық емес, еліміздің көк туын әлемдік аренада желбіретуді меже етіп қойған. 

– Волейбол командалық ойын болғандықтан, әр ойыншының өз орны бар. Сондықтан әркім физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Жалпы біріншілік тартысты өтті. Өйткені қарсыластардың мықты дайындықпен келгені ойындарынан көрініп тұрды. Біз де тыңғылықты дайындықпен бардық. Нәтижесінде үздік ойын көрсетіп, жүлделі бірінші орынды иелендік, – дейді волейболшы Ақпейіл Маратқызы.

Кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы тұратыны анық. Жеңіс пен жеңілісті спортшымен бірдей көтеретін мамандар көп жағдайда көзден тасада қалып жатады. Жаттықтырушы спортшының спортқа деген алғашқы қадамын басқызып, кәсіби спорттағы жолын бағдарлап, нағыз спортшы ретінде қалыптастыруға негіз болады. Түптеп келгенде, спортшыны жеңіске де, жеңіліске де жетелейтін жаттықтырушы болып табылады. Тәлімгерлік – көзге көріне бермейтін жұмыс. Осы орайда біз таудай жауапкершілік, асыл үміт пен мықты сенімді бірдей арқалаған Ләззат Әбдіқалықова мен талапты да талантты шәкірттері өңіріміздің абыройын әлі де асқақтатарына сенеміз.

Тағы да оқыңыз: