Kyzylorda-news.kz Апта басында Жалағаш аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов Жалағаш кентіндегі қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Наргиз Нұрбекті қабылдап, құрмет көрсетті. Наргиз Сұлтанқызы – АҚШ Мемлекеттік департаменті толығымен қаржыландыратын Future Leaders Exchange (FLEX) бағдарламасының 2023 жылғы жеңімпазы.

Наргиз Сұлтанқызы 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың маусым айына дейін америкалық отбасында тұрып, сондағы мектепте 1 жыл тегін білім алуға қол жеткізген. Республика бойынша 100 оқушы, облыс бойынша 7 оқушының ішінде аудан тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған Наргиз АҚШ-тың Джорджия штатында Thomas County Central High School мектебінде білім алып, 11-сыныпты жақсы нәтижемен аяқтады. 

Ол Thomas County Central High School Marching Band & Blue Band оркестрінің мүшесі болып, флейтада ойнап, бірнеше мәрте концертте өнер көрсеткен. Сонымен қатар бос уақытында еріктілік қызметтер атқарып, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқан.

– Мен бұл бағдарламаны 7 сыныпта оқып жүргенімде білдім. Ол кезде  олимпиада және басқа да сайыстарға қатысатынмын. Бұл бағдарламаға 10 сыныпта қайта ден қойып, осы бағдарламаға қатысып, жеңімпаз атануды мақсат еттім. Тамыз айынан қазан айына дейін дайындалып, тіркелу жұмыстарын жүргіздім. Алғашқы кезеңде 3 тақырып бойынша эссе жаздық. Эссенің тақырыптары мінез-құлық, салт-дәстүр, мәдениеттілік, қиындықтан шығу туралы болды. Яғни бұл бағдарлама аясында тек ағылшын тілін білу жеткіліксіз. Эссе барысында басқа отбасыда 1 жыл тұратындықтан оқушыны жан-жақты зерттеп, өзге ұлт өкілдерімен жақсы қарым-қатынас орната алатынына көз жеткізеді. Ал 2 кезеңде ағылшын тілінен тест тапсырдық. Ең қиыны 3 кезең болды. Біз бұл кезеңде шетелден келген қонақтармен сұхбат құрдық. Сонымен қатар топтық ойын болды. Бұл ойында әркім өзін барынша жақсы жағынан көрсету керек. Біздің топта үш-ақ адам болды. Ойын біткен соң қатты қобалжып, «өтпей қаламын-ау» деген ой болды. Шынымды айтсам, «осы кезеңнен кейін бағдарлама жеңімпазы атанамын» деген үмітім де болмады. Алайда ақпан айында 4 кезең ретінде қайта тест тапсырдық. Наурыздың 16 күні ұйымдастырушылар бағдарлама жеңімпазы атанғанымды хабарлады. Сол кезден бастап бізге америкалық отбасы іздей бастады. Менің мектебім – Thomas County Central High School. Ол жақта 2 мыңға жуық оқушы бар. Мен америкалық отбасыммен Джорджия штатында Томасвилл қаласына орналастым. Мен көпбалалы отбасымен тұрдым. Менің америкалық ата-анам өте мейірімді жандар болды. Олар менен бөлек Тайландтан келген қызды да өз үйлеріне тұрғызды. Бізге дейін де әр жыл сайын бірнеше оқушыны қанатының астына алған. Мен бұл отбасыға Қазақстаннан келген 4-ші қызбын, – дейді кейіпкеріміз. 

Наргиздің айтуынша, америкалық отбасы оған барынша қолдау көрсетіп, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Америкалық әкесі кезінде әскерде қызмет еткен. Бірде тайландтық құрбысы екеуіне әскери ұшақты көрсетіп, көп нәрсені үйреткен. Басқа да елдердің тағамдары мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен таныстырған. 

– Негізінен Наргиз – ағылшын тілінен олимпиадаға қатысып жүрген оқушы. Бұл бағдарламаға дайындықты 9-сыныптан бастадық. Өзіңіз білетіндей, №123 мектеп-лицей тереңдетіп оқытады. Наргиздің бұл пәнге деген қызығушылығы әуел бастан өте жоғары болды. Ата-ана, достарының қолдауымен ұстаздарының жетекшілігімен, өзіңнің білімділігімен бұл бағдарламада жеңімпаз болды. Наргизді мен ғана емес, барша ұжым, аудан жұрты мақтан тұтады. Оның жеңісін көрген мектеп оқушылары «апай, мені де осы бағдарламаға дайындаңызшы. Мен де Наргиз сияқты АҚШ-та білім алғым келеді» дейді. Бұйыртса, олар да осындай мүмкіндікке ие болады, – дейді ұстазы Гүлдана Сайлыбекқызы.  

Қабылдауда аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов мәслихат депутаттары атынан Наргиз Сұлтанқызына және ағылшын тілінен сабақ берген ұстазы Гүлдана Сайлыбекқызына алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы  Қаншагүл Шоңмұрынқызы мен мәслихат депутаты Гүлзат Ердәулетқызы Наргизге жылы лебізін білдіріп, ата-анасы мен ұстазына алғысын жеткізді.

Жиын соңында Наргиз де қолайлы сәтті пайдаланып, ұстазына алғысын жаудырып, ата-анасына АҚШ-та оқимын деген арманына қолдау білдіріп, 1 жыл шетелде білім алуға жібергені үшін ризашылығын білдірді. Кездесуді мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов қорытындылап, Наргиз Сұлтанқызына алдағы уақытта алған білімін одан әрі жетілдіріп, қалаған жоғары оқу орнында жалғастыратынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Future Leaders Exchange (FLEX) – Армения, Әзірбайжан, Эстония, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Моңғолия, Черногория, Польша, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түркіменстан және Украинадан келген орта мектеп оқушыларына арналған АҚШ мемлекеттік департаментінің бағдарламасы. FLEX 1992 жылы құрылды және АҚШ Мемлекеттік департаментінің білім және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросымен қаржыландырылады. Бағдарлама бұрынғы сенатор Билл Брэдлидің АҚШ пен басқа елдер арасындағы ұзақмерзімді бейбітшілік пен түсіністікті қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі және Еуразия елдері жастарының АҚШ туралы білу мүмкіндігі, америкалықтарға өздері туралы және америкалықтардың өздеріне өз елдері туралы үйрену жолы деген тұжырымынан туған. FLEX бағдарламасының негізгі мақсаты өзара түсінушілікті жақсарту, АҚШ пен Қазақстан азаматтары арасындағы ұзақмерзімді қатынастарды дамыту және нығайту болып табылады. Мемлекеттік департамент FLEX және басқа бағдарламалар арқылы 50-ден астам елден келген орта мектеп оқушыларымен алмасуды қолдайды. 

Бағдарлама жеңімпаздарды АҚШ-қа баруға және қайтуға билет пен ай сайынғы шәкіртақымен, америкалық отбасында тегін тұру, сондағы мектепке орналасу, бағдарлама алдындағы дайындық және медициналық сақтандырумен толық қамтамасыз етеді. 

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Тағы да оқыңыз: