Kyzylorda-news.kz 20 сәуір күні Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Роза Оспанқызы Боранбаеваның «Өнерден тапқан бақытын» атты шығармашылық кеші өтті. Әуезді-сазды кеште мерейтой иесі әсем әндерден шашу шашып, тыңдармандардың қошеметіне бөленді.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, аудан әкімінің Құттықтауын табыстады.

  • Өңірімізде өнер айдынында аққудай қалықтаған қыздарымыз, апа-қарындастарымыз аз емес. Олар саналы ғұмырын аймақ өнеріне арнап, ел үшін еңбек етіп, туған жеріміздің, туған еліміздің көркейуіне, мәдениетінің дамуына айтарлықтай сүбелі үлес қосып келеді.

Солардың бірі, мәдениет саласында айқын қолтаңбасы қалған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, биші Роза Оспанқызы Боранбаева. Роза Оспанқызы қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да аймақ мәдениетін дамыту жолында аянбай еңбек етті. Өнерім – өмірім деген Роза Оспанқызының жүріп өткен жолы өнер саласында жүрген кейінгі жастарға үлгі, өнеге боларлықтай. 

Сіз – өнегелі өміріңізбен баршаға үлгі бола білген, ел үшін дара туған тұлғасыз. Біз Сізді мәдениет өнердегі өресі биік тұлға деп бағалаймыз. Қазір зейнет демалысында болсаңызда өзіңізден кейінгі өнер адамдарына бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесіңізбен бөлісіп, қоғамдық шараларға белсенді қатысып келесіз. Алдағы уақытта да елдің еркесі, өнердің тау тұлғасындай болып халықтың алдында жарқырап жүре беріңіз! Бүгінгі шығармашылық кешіңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына аманшылық тілеймін! Мерейлі мерекеңіз құтты болсын, – деп мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді Ғани Кенжеғараұлы.

Роза Оспанқызы – Қаракеткен ауылында өмірге келіп, бала жасынан нәзіктікті, сұлулықты қалап, өнер жолын таңдады. Ол кеңес хореография өнерінің дәстүріне сүйеніп қоймай, өз халқының мәдениетімен, тарихымен және бүгінгі тыныс тіршілігімен тығыз байланыста болды. Оның туындылары қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, әдет ғұрпы мен салт-дәстүрін жетік білуімен ерекшеленіп тұрды. Мәскеу қаласында өткен КСРО құрамындағы одақтас республикалардың халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, «Алтын-арай» ән би ансамблінің алтын құрамында өнер көрсетіп, бірқатар тұлғамен етене араласа жүріп еңбек етті. Аталған ансамбль құрамында гастролдік сапарлармен біраз ел –жерді аралап, Қазақ мәдениетін асқақтатты.

Роза Оспанқызының өнер мен руханиятқа сіңірген еселі еңбегі ескеріліп, 2002 жылы «Сырдария - жыр дария» өнер фестивалінің арнайы төсбелгісімен, 2014 жылы республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Құрмет грамотасымен» және «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» медалімен марапатталса, 2011 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды.

Еңбегінің бақытын би өнерінен тапқан, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген ауданымызға белгілі биші, хореграф, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Роза Боранбаева бүгін 66 жасқа толып отыр. Мәдениет қайраткерінің мерейтойына арналған шығармашылық кеште «Алтын-арай» ән би ансамблі, өнер майталманының шәкірттері, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары халық сүйсініп тыңдайтын әндерді шырқап, өнер сүйер қауымға рухани кеш сыйлады.

Тағы да оқыңыз: