Kyzylorda-news.kz Жалағаш аудандағы білімімен бақ сынап жүрген жастар биыл жылды жақсы жетістікпен бастады. Соның бірі – №123 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Асыл Жақсылық.
– Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математика бағыты бойынша жеңімпаз атанып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім беру грантын иелендім. Марапаттау рәсімінде дәл осы сөзді естіп, жүрегім толқып кетті. Себебі 11 сынып оқушысы үшін ҰБТ-дан бұрын грант иегері атану ең үлкен жетістік деп ойлаймын. Бұл олимпиада биыл алғаш рет болып жатыр. Жалпы пәндік олимпиадаларда әсіресе физика-математикадан тереңдетіп оқитын қалалық жердің оқушылары І орын иеленіп кетуші еді. Ал бұнда тек ауыл мектептеріндегі оқушылар бақ сынайтын болғандықтан, біз үшін үлкен мүмкіндік, - дейді кейіпкеріміз.
Асылдың бұдан басқа да жетістіктері көп. Мұғалімдері мектептегі әрбір оқушыға үлгі етіп айтатын оқушылардың бірі. Физика пәнінен аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардан бірнеше рет І орын иеленіп, мектептің абыройын асқақтатқан. Одан бөлек мектепте белсенділік танытып, кез келген іс-шараларда бой көрсетеді.
Отбасында анасы мұғалім болғандықтан ба, кейіпкеріміз кішкентайынан ұстаз болуды армандайды екен. Қазіргі дәрежеге жеткізген ұстазы екенін және болашақта өзі де осындай білімді оқушылар тәрбиелегісі келетінін айтады.
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек қой. Ал барлық жігер, қайрат, еліміздің болашағы тек жастардың қолында. Асыл да осы жастардың қатарында дер едім. Кез келген тақырыпта сабақ түсіндіргенде де өзінің қабілеттілігін көрсетіп, оқушылардан оқ бойы озық тұрады, – дейді жетекшісі Нұрбол Құдабаев.
Расында ұрпағың білімді болса, болашағың жарқын. Ал болашақ бүгінгі жастардың қолында. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келісті келбеті. Сондықтан бәсекеге төтеп беретін білімді, алғыр, бастамашыл жастардың көп болуы ертеңіміздің берекелі, озықтығын дәлелдейді.
