Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылыныңтұрғыны Меруерт Құдайберді қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жастардың бірі. Ол арнайы бағдарламаның аясында арманын іске асырып, кондитерлік саладағы білімін пайдасына жаратуда. 1 млн 200 мыңнан аса қайтарымсыз қаржыға ие болған келіншек қажетті құрал-жабдықтарын толықтай түгендеп алыпты. 

– Қазір бәрі жақсы, бәрі дайын. Мен бір әулеттің келіні, екі баланың анасымын. Әркез ізденіп, ойымдағы кәсіпті ашуды, оның көкжиегін кеңейтуді ойладым. Ол үшін алдыма мақсат қойдым, өзіме не қажеттігін және немен айналысқым келетінін анықтап алдым. Осындай нақты жоспарлар құрылған соң, ісім алға баса бастады. Алғашында болашақтағы кәсібімді қалай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ойландым. 

Қайтарымсыз грантқа ие болған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім кондитерлік кәсібім жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзімнің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де тәттілер пісіруде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Астана қаласындағы ауқымды кондитерлік өнімдер ұсынатын жерде жұмыс істедім. Осында тұрмысқа шыққан соң да бұл қолымнан келіп тұрған қабілетімнен қол үзіп қалғым келмеді. 

Үй шаруасымен, баланың күтімімен және келіндік міндеттеріммен шектеліп қалатын болсам, армандарым жүзеге аспас еді. Тәуекел еттім, енем де, жолдасым да мені қолдады, қолымнан келетініне сенді. Осылайша мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, кәсібімді бастаған жайым бар. Енді мұнымен тоқтап қалуды ойла-маймын, мүмкіндік болып жатса, облыс орталығынан болсын, ауылдан болсын кафетерий ашуды мақсат етіп отырмын, – деген кәсіп иесі алдағы уақытта бұл істі де қолға алып, сұранысқа қарай кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді. 

Иә, қазіргі таңда кәсіптің сан алуан түрі бар. Әр адам өзінің қабілет-қарымына қарай бейімделіп, сүйікті  кәсібін дөңгелентіп отыр. Әсіресе жастар қауымы. «Жас келсе, іске» демекші, кейіпкеріміз де ойында жүрген арманына біртабан жақындауды ойлап, алдына мақсат қойып, жаны қалаған әрі пайдалы жұмысты бір арнаға тоғыстырған жан. 

Ол ерте жасынан бастап асханаға жақын болғанын айтады. Отбасында асүй тірлігіне қолғабыс ете жүріп, түрлі тәттілерді пісіруді де, тамақ дайындауды да, дастарқан жасауды да жақсы меңгерген. Меруерттің кондитерлік өнімдерінің қа-тарынан түрлі торттарды, бәліш пен тәттілерді, самса, пицца және нан өнімдерін де таба аласыз. Тәтті тортқа тапсырыс берген адам үшін бірінші сыртқы безендірілуі, екінші тіл үйірер дәмі маңызды. Ал көздің жауын алардай әдемі әрі дәмі аузыңнан кетпейтін тортты дайындау кезеңі бірінші қамырының құрамын, мөлшерін дәл есептеп салу, екінші күлшелерін пісіріп алу, үшінші тортты жинап сәндеуден тұрады. Осы үш кезеңнен соң тортты жинап, әдемілеуге көшеді. 

Бүгінде жас кәсіпкердің тәттілеріне сұраныс та баршылық. Ауыл көлемін айтпағанда, Меруерттің өнімдеріне көрші ауылдардан, тіпті облыс орталығынан тапсырыс түсіп жатады. Бастысы, халықта сұраныс бар, кәсіпкерде ынта-жігер бар, тек кәсіпті кеңейту жұмыстары күтіп тұр. 

Айта кетейік, тың идеясы мен нақты мақсатқа құрылған бизнес жобасын ұсынғандар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант түрлерінің берері көп. Тек кәсіп бастаймын деген ниет пен бағдарламаның тиімді тетігін таба білсе болғаны. Ауданда, ауылдық жерлерде осындай жан-жақты адамдардың кәсіпке бетбұруы бізді қуантады. Бір жағынан жұмыссыздық саны азаяды, екінші жағынан өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына серпін болмақ. Бастысы, халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсетсе болғаны. Ал жас та болса үлкен істі дөңгелентіп отырған Меруерттің ісіне береке берсін дейміз.

Тағы да оқыңыз: