Kyzylorda-news.kz Қазақтың ұлттық би өнері дегенде ең алдымен көз алдымызға Шара Жиенқұлова келеді. Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов  «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі» деп мың бұралған бишінің өнеріне әділ баға берген. Осыған қарап халқымыздың би өнерін ерекше құрметтеп, айрықша бағалайтынын аңғаруға болады.

Би – тілсіз өнер. Өнерлердің барлығын бойына топтастырған бекзада өнер. Себебі би өнерінің ішінде музыка, сурет, актерлік, дизайнерлік өнер түрі бар. Бұл өнердің қыр-сырына қанық болып, ауыл балаларын өнерге баулып қана қоймай, олардың өнерпаз болып қалыптасуына ықпал етіп жүрген жас маманның бірі – Қазақстан Хореографтар Одағының мүшесі Үміт Айтқұлова. Кейіпкеріміз қазіргі таңда аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 2010 жылдан бастап «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің балетмейстері қызметін  абыроймен атқарып келеді.       

Үміт Әшімқызының аудандағы би өнерін дамытуда еңбегі ерен. Ол аудандық мәдениет үйіне келген күннен бастап ұстазы Роза Боранбаева салып кеткен сара жолмен би өнерін дамытудың өзіндік жолын жасады. Жыл сайын үйірме арқылы шәкірт дайындаған Үміттің бүгінде шәкірттері білікті маман болып, аудан, облыс көлемінде жұмыс жасайды. Ол бұл салаға мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейін қызыққан. Алғаш Болат, Алмас Қаржаубаевтар, Төребек Бақтыбаев сынды ұстаздардан білім алған.

– Қазір ансамбльде 70-ке жуық бала бар. Үлкен, орта, кіші топ болып үшке бөлінеді. Дайындықта би қою барысында оқушылар биде кімді немесе нені бейнелеп тұрғанын әуелі өздері түсініп алуы қажет. Сол үшін би қоймас бұрын оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ашық пікір алмасу өткізіледі. Мәселен, «Сырғалым» биін қоюға дайындық барысында қыздың әдемілігін, нәзіктігін, сырғасын, білезігін сол би арқылы көрсету үшін оқушылармен биді толық зерттеп барып қоямыз. Әр бидің өзіндік мағынасы, сюжеті мен аяқталуы болады. Сондықтан би шығаруға атүсті қарамай, көрерменге шынайы жеткізуге барынша күш саламыз. Халық биі жастардың бойына өз ұлтының рухани мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады, сондықтан репертуарымызда көбіне халық биі, – дейді Үміт Әшімқызы. 

Кейіпкеріміз жетекшілік жасайтын би ұжымы бүгінде бірнеше мәрте облыстық, халықаралық  байқаулардың  жеңімпазы атанды. Балетмейстерлік қызметпен қатар Үміт алғаш рет ауданда «Балдәурен» балалар студиясын ашқан. Мұнда студия өнерпаздары әсем ән айтумен қатар мың бұрала билеп, аудан, облыс сахналарында өнер көрсетіп, көрермен ықыласына ие болған. Сонымен қатар жас маман «Жұлдыз», «Нұр-думан», «Үміт», «Эверест» сынды би топтарын жарыққа шығарып, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне сеп болған. 

Үміт Әшімқызы би  жанрынан  бөлек  аудандық  мәдениет үйі  жанындағы  «Арай»  мәдени-үгіт  бригадасының  және  халық  театрының  мүшесі  ретінде  сахнада өнерді басқа  қырынан  көрсетіп  келеді. Иә, Үміт Айтқұлова тек би маманы ғана емес, ол – аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы халық театрының белді мүшесі.

Театр репертуарындағы  бірнеше спектакльде түрлі рөлдерді сомдаған Үміт сахнадағы образымен көрермен көзайымына айналған. Ол Қ.Мұхамеджановтың «Осылай да кездесу болады» лирикалық драмасында Күләннің, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» драмасында Әлиманың, Ә.Тәжібаевтің «Майра» драмасында Айбаршаның, Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясында Күлімкөздің, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасында Фариданың рөлін сомдаған. Өмірін өнермен өрген оның бүгінде жеткен жетістігі көп. Ол осыған дейін бірнеше мәрте арнайы алғыс хат пен «Үздік би қоюшы» номинациясын иеленсе, биыл Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Қазақ қоғамы қайраткері ұйымының комиссия шешімімен «Қоғам қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Ал білікті маманнан сабақ алған шәкірттердің биік белестерді бағындыруы заңдылық.

Тағы да оқыңыз: