Kyzylorda-news.kz Аймақта командалық сайыста жалағаштық аяқдоп шеберлері оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары футболдан ауданның аяқдоп шеберлері жеңіс тұғырынан көрінуді дәстүрге айналдырды. Әрине, мұның әр жағына үңілсек, үлкен еңбектің жатқанын аңғара қоямыз. Алайда өңірде команда жасақтауда және оның құрамындағы спортшылардың қабілетін шыңдауда салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар Жанқожа Қаниевтің қолтаңбасы барын бірі білсе, бірі білмейді.

1999 жылдан бері футболға шәкірттер баулыған бапкердің нәтижелі ісі көп ұзамай жемісін бере бастады. Дайындыққа қажетті ғимарат пен қаржы тапшылығына мойымаған ол бүгінде шәкірттерінің еңбекті ақтағанына қуанады. 

– Біздің кезімізде спорттың бұл түріне бала тәрбиелеу жұмыстарында мәселелер көп болды. Қазір ол күндердің бәрі артта қалды. Футболдан өтетін сырттағы сайыстарға көбіне біз  аяқдоп шеберлерін жиі қатыстыра алмаймыз. Себебі команда құрамында бірнеше адам болғандықтан, оның жол шығыны, формасы, барлығы бюджетке салмақ салатын. Тіпті өз қалтамнан қаражат жұмсап та жарысқа шәкірттерімді алып барған күндер болды. Қазір шүкір ғой, қайда барып дайындаламын десең де ғимараттан мәселе жоқ. Олардың қатысатын жарыстарына да уақытылы қаржы қаралып тұр. Біздің ауданда спорттың бұл түрінің алға басуына «Наркескен» спорт клубының көп көмегі болды. Мұнан бөлек, мектептерде де футзалға балалар дайындау жұмыстары бір ізге түсті, – дейді  Жанқожа Сағынбайұлы. 

Кейіпкеріміз 20 жылдан астам уақыттан бері футболдан ерлер және қыздар командасын жаттықтырып келеді. Бүгінге дейін ұйымдастырылған түрлі сайыстарда шәкірттерінің жеткен жетістігі көп. Мәселен, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Теңбіл доп» облыстық  спартакиадасында жалағаштықтарға үздік үштіктен төбе көрсету арман болған. Ал бапкерлікті Жанқожа Қаниев қолға алған жылы қыздарымыз көш бастап, туған жерге жеңіспен оралыпты. Сол уақыттан бері қаракөз қарындастарымыздан құралған оқушылар командасы қатарынан 4 жыл кубокты жеңіп алды. Мұнан бөлек, 2 мәрте Шымкент қаласында және 1 рет елордада өткен республикалық сайыста да Жанқожа шәкірттері өнер көрсетті. Республикалық сайыста 2016 жылы жалағаштықтар ерлер арасында үздік үштікті түйіндеген болатын. 

Қазіргі таңда кейіпкеріміз баулыған аяқдоп шеберлері елімізге танымал клубтардың жастар құрамасында және академияларында өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі таңда ағайынды Батырбек, Бақытбек Мұқашовтар футболдан облыс құрамасында өнер көрсетсе, Сағымбай Диас «Байқоңыр» футбол клубында тер төгеді. Жанқожаның соңғы жылдары оң нәтижелерге қол жеткізіп жүрген шәкірттерінің қатарында Мақсат Әбжәли де бар. Ол жергілікті «Қайсар» футбол клубының жастар құрамасында әріптестерімен бірге бірнеше мәрте жеңіске қол жеткізді. «Оңтүстік» футбол академиясының құрамында өнер көрсеткен Төлепберген Әнуар да жалағаштық бапкердің шәкірті болатын. Аталған футбол академиясының шабуылшысы жуырда әріптестерімен бірге Қазақстан кубогын иеленді. Сол ойыннан кейін Жанқожа Сағымбайұлының шәкіртін «Қайрат» футбол академиясы сатып алды. 

Жалпы футболдан жетістігі мол жалағаштық тәжірибелі ойыншылар көп. Мұның бәрі – Жанқожаның ұстарасынан өткен кәнігі спортшылар. Кейіпкеріміз қарапайым адамнан шыңдалған ойыншы шығарудың да өзіндік тәсілі барын айтады. Мәселен, жалағаштық бапкер алдымен жаттығу барысында балаға ойынды емес, алаң көруді меңгертеді екен. Яғни басы салбырап, тек көзін доптан алмайтын адамнан тәжірибелі ойыншы шығару мүмкін емес. Мұнан кейін барып әріптесімен пастасу, байланыс орнату маңызды. Бапкер өз шәкірттерін дайындық барысында қатты пас беруге, оны тоқтатып алуға баулиды. Себебі ойыншы үшін үлкен жарыстарда қатты келген допты уақытылы тоқтатып алу маңызды. 

Қазіргі таңда Жанқожа Қаниевтің сөзінше, спорттың бұл түрін ауданда әлі де жетілдіруге жабық алаңдардың жоқтығы кедергі келтіретін көрінеді. Мәселен, мұндай алаңдардың көршілес Сырдария ауданында бір емес, екеуі бар көрінеді. Есесіне Сырдарияда қазір спорттың бұл түрі алға басып келеді. Мұнан бөлек, аймақта футбол академиясы ашылса деген арманы бар. Себебі, қазіргі таңда Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында ашылған академиялардың арқасында ол өңірдің жастары соңғы жылдары қай сайыста да жеңіс тұғырынан көрінуді дәстүрге айналдырған.

Тағы да оқыңыз: