Kyzylorda-news.kz Жуырда Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов көпбалалы аналарды қабылдап, құрмет көрсетті.
– Қазіргі таңда елімізде әйелдер қауымының мемлекет және қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Сіздер барлық маңызды салада нәтижелі еңбек етіп, елдіктің жүгін ер азаматтармен бірдей арқалап келесіздер. Шын мәнінде аруларымыздың ақыл-парасаты мен ерік-жігері жұртты әрдайым алға жетелейді. Бүгінде ауданда 1 382 көпбалалы отбасы есепте тұрады. Көпбалалы ана, наградталғандар саны – 1026. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталса, 40-ы Кеңес одағының «Батыр ана» атағына ие болған, 304-і – «Алтын алқа», 638-і – «Күміс алқа» иегері. Сіздер отбасында жас ұрпақты тәрбиелеуде шексіз еңбек сіңіріп келесіздер, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Сондай-ақ ол дүниеге 6 бала әкеліп, тәлім-тәрбие беріп отырған алтынқұрсақты аналарға «Күміс алқа» табыс етіп, құрмет көрсетті. Мұнан кейін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Бектасқызы «Күміс алқа» иелерін құттықтап, бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы болып отырған барша қыз-келіншектерге, аяулы аналарға ризашылығын білдірді.
«Күміс алқа» иегері атанған, өмірі өнегемен өрілген алтынқұрсақты аналар қатарында Жаңадария ауылының тұрғыны Эльмира Еркінбаева, Ақсу ауылының тұрғыны Әсия Күзембаева, Рабиға Қосжанова, Нұрсұлу Махашова, Мақпалкөл ауылының тұрғыны Ләззат Ерпанова, Мәдениет ауылының тұрғыны Тамара Абибуллаева және Жалағаш кентінің тұрғыны Айсұлу Далабаева бар.
