Kyzylorda-news.kz Өткен сенбіде Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің қатысуымен Жалағаш ауданының 85 жылдығына және мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясы күніне орай «Марафон – 2024» атты ұзақ қашыққа жүгіруден аудандық жарыс өтті. Оған аудан бойынша 400-ге жуық адам қатысып, жүлделерді сарапқа салды. 

Марафон ереже бойынша Дәуімбай елді мекеніндегі «Рәміздер» аллеясынан бастау алды. Одан кейін марафоншылар кент көшелерімен жүгіріп өтіп, орталық стадион алдындағы мәре сызығына келіп тоқтады.

Жалпы бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы спорттық шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты. 

– Нағыз біліктіліктің образы – тек жақсы маман ғана емес, жан-жақты дамыған адам. Ал спорт – теңдестірілген дамудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Аудан жастары спорттан ада емес. Олар тек ауданның ғана емес, облыс, тіпті республика көлемінде көк байрағымызды желбіретіп жүр. Бүгінгі марафонның басты мақсаты – сол мамандар арасындағы қашыққа жүгіретін төзімділерін анықтау. Марафонға ауданның әр ауылынан, кент мекемелерінен 400-ге жуық қызметкер қатысуда. Ендеше салауатты өмір салтын ұстануды мақсат еткен әрбіріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары. 

Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Бұқарбай батыр ауылынан келген  Бекнұр Толыбайұлы жеңіп алды. ІІ орынды да дәл осы ауылдан келген Нұржан Шаймырзаұлы иеленсе, Жалағаш кентінің тұрғыны Асқар Бисембай үздік үштікті түйіндеді. Одан бөлек IV-V орын иеленген қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздар қаржылай және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Тағы да оқыңыз: