Kyzylorda-news.kz Биыл Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында құрылыс қарқынды, әсіресе жол құрылысы жанданған. Аққұмның әкімі Алтынбек Асанбековтың айтуынша, ауылда 14 ішкі көше бар. 10 көшенің жөндеу жұмыстарына 472 млн теңге мемлекеттен қаржы қаралған. Былтыр оның 2-еуі күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жылдың еншісінде тағы 8 көше бар екен. Бүгінде мердігер мекеме Лекеров пен Доспанбетов көшелерін тегістеу, асфальт төсеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Ауылымызды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жол құрылысы қарқынды жүруде. Ешқандай қиындық туғызатындай мәселе жоқ. Жол құрылысынан басқа жобарларымыз да бар. Айта кетейін, былтыр елді мекеннің аулаішілік су тарату желісінің құрылысын жүргіздік, бүгінде нысан пайдалануға берілді. Еңбек және Аққұм ауылдарының ішкі көшелерінде орналасқан түнгі жарықшамдар заманауи түрлі-түсті кескіндегі шамдармен ауыстырылды. Биыл К.Бекенов көшесін де жарықтандыру жұмыстары бар. Сондай-ақ былтыр «Бірлік-А» ШҚ-ның қолдауымен 2,8 млн теңгеге Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға жарықтандыру жұмыстары жасалды. Осындай демеушілердің есебінен биыл да балалар ойын алаңын салу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі.
Иә, жұмыстың белсенділігі жоғары, мердігер мекеме де ауа райы қолайлы болып, ешқандай қиындықтар туындамаса, құрылыс жұмыстарын тезірек аяқтап, тұрғындардың игілігіне табыстауға ниетті. Өйткені бұл 2 көшеден кейін тағы 6 көшенің құрылыс жұмыстары кезегін күтіп тұр. Бір қызығы, жол құрылысы жұмыстарына ауыл азаматтарын да тартқан, яғни жұмыссыз жүргендер ауылдың көркеюіне үлес қосу арқылы екі қолға бір күрек тапқан жайы бар.
Алдымен жолдың бетін толықтай қырып болған соң көшені әбден тегістеп, топырақ жаяды. Мұнан кейін бетіне қиыршық тас төселеді. Содан кейін асфальт төсеу жұмыстары жүреді. Жалпы 2 көшенің ұзындығы 2 шақырымнан асады, ал асфальттың қалыңдығы төселген тасымен есептегенде 15 см, ал асфальттың өзі 7-8 см қалыңдықта болады.
Құт-берекенің ортасы саналатын ауылды дамыту, тұрғындарға қолайлы орта туғызу ел үшін ең басты қадам екені сөзсіз. Ауыл дамыса, қараша халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Сондықтан болар, өңір басшысы Ардақ Ибраимов ауданға қарасты елді мекендерді көтеретін түрлі жобаларды жүзеге асыруға аса мән беруде. Оның дәлелі бүгінде ауданда ауыл жолдарын жөндеу, әлеуметтік тұрғыдағы маңызды нысандарды жаңарту, инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары қарқын алуда. Айтып-айтпай не керек, ең бастысы, күрежолдың бойында орналасқан Аққұмда көз ұшынан қызу тіршіліктің табы анық байқалады…
