Kyzylorda-news.kz 2024 жылы Жалағаш ауданында барлығы 22 жоба жүзеге асады деп күтілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен, яғни ҚР Ұлттық қоры мен республикалық және жергілікті бюджеттен 3,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ұлттық қордан 1,0 млрд. теңге, республикалық бюджеттен 119,4 млн. теңге, облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге және аудандық бюджеттен 33,1 млн. теңге қаралған.
Нақтылап айтқанда биыл ауданда 2 елді мекен газдандырылады. Жобалардың жалпы сметалық құны 1,2 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде Ақсу елді мекені мен Мөрәлі Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары басталып кетті.
Сондай-ақ, 3 елді мекеннің электр желілері қайта жаңғыртылады. Жобалардың жалпы сметалық құны 929,3 млн теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта Мырзабай ахун ауылдық округі, Аламесек елді мекені мен Мақпалкөл елді мекендерінің электр желілері толық жаңғыртылып, халықтың игілігіне берілмек.
Жиырма екі жобаның ішінде 3 аудандық маңыздағы жол құрылысы бар. Яғни алдағы уақытта Таң-Самұрат, Таң-Жаңақоныс, Мөрәлі Шәменов ауылына кіреберіс және 3 елді мекеннің, яғни Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі 11 көше, Аққұм ауылдық округіндегі 10 көше, Аламесек ауылдық округіндегі 5 көше, барлығы 26 көшесі күрделі жөндеуден өткізу де осы жылдың еншісінде Жобалардың жалпы сметалық құны 2121,1 млн теңгені құрайды.
– Былтыр да бірқатар жоба жүзеге асқан, бүгінде халық олардың игілігін көріп отыр. Қуантарлығы, биыл да жарқын жобалар жалғасын тауып жатыр. Мұның барлығы елдің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы аяқталуы басты назарда болады. Мұның барлығы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бюджеттің әрбір тиынына дейін мақсатты жұмсалуы керек. сондықтан біз сапасына және әрбір жобаның уақытылы аяқталуына басымдық береміз, – дейді Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы.
Аудан әкімінің орынбасары соңғы жылдары әсіресе ауылдық елді мекендердегі тұралаған мәселелерді шешуге басымдық беріліп жатқанын айтады. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың ауылдарға жасаған сапарында, халықпен есепті кездесулерінде тұрғандардың талап-тілегіне арқау болған мәселелердің көбісі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына арқау болған.
Айта кетейік, биыл Жалағаш кентіндегі 2 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылады. Жалпы сметалық құны 5,8 млн теңгені қрап отыр. (Т.Үркімбаев №1, Т.Үркімбаев №2); Сондай-ақ, Таң елді мекеніндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы сметалық құны 377,4 млн теңгені құрайды. Дәл осы ауылда шаруашылық ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларын өндіруге арналған №2-Т барлау-пайдалану ұңғымасы бұрғыланады. Жалпы сметалық құны 47,3 млн теңгеге жетіп отыр.
– Жалпы ауданда ауылдық елді мекендердің ішінде Таң ауылы ерекше дамудың даңғыл жолына түсті. Әлбетте, мемилекет тарапынан да ауылда дамытуға қолдау басым. Бірақ ауылдағы жергілікті шаруашылық «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев та туған жерін түлетуге ерекше ден қоюда. Бүгінге дейін шаруашылық төрағасы ауылды абаттандыруға, әлеуетін арттыруға ерекше басымдық беріп, жеке қаржатынан қыруар қаражат жұмсады. Алдағы уақытта да Имамзада ағамыз игі бастамаларды жалғастыруға ниетті, – дейді Арұр Әлібекұлы.
Расында Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі – 5236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Шаруашылық биыл егісті әртараптандырып, 74 гектарға жүгері, 82 гектарға мақсары, 20 гектарға бақша салған. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер. Шаруашылықтағы төрт түлік саны 600-ге жуықтаған. Іскер азамат бүгінде шаруасын ширатып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны. 2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жылы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қамтамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды. Кәсіпкер осыған дейін жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Былтыр іскер азамат Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, биыл 5 мың тонна өнімді шет мемлекеттерге сатуды көздеп отыр. Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Оны кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады. Ол тапқанын «тек өзіме болсын» дейтіндердің сұрпынан емес.
Қай жерде кәсібін бастаса, сол өңірдің халқының әлеуметтік жағдайы оны бейжай қалдырмады. Туған жерін түлету мақсатында да ауылынан ілкімді жобаларды қолға алып, елдің игілігіне жұмыс жасады. Осыған дейін Таң ауылдық округіне жалпы құны 1 млрд 56 млн теңге, Ақжар ауылына 100 млн теңге демеушілік етті. Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен байрағымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды әлемдік додаларда шырқататын жастардың шықпасына кім кепіл.
Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуетіне ғана емес, жастардың да болашағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес. Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн теңгеге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің қос бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді. Шаруашылық еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр былтыр да жалғасын тауып, серіктестік еңбеккерлері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері биыл аудандағы әлеуметтік аз қамтылған бірнеше отбасына тұрғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Осындай игі істердің нәтижесінде И.Шағыртаев былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленген болатын. Иә, ол қандай жетістікке жетсе де аймақ жұрты қуанады.
Жалағаш ауданында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алынады. Бөлінген қаржы көлемі 63,6 млн теңгені құрайды. Биылғы жылдың еншісінде жұмыстар қатарында мұнан бөлек Таң елді мекеніне кіреберіс Бозарық каналы көпірі қайта жаңғырту жобасы да бар. Жалпы сметалық құны 350,6 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ 2 әлеуметтік нысан газ отынына қосылады. Жалпы сметалық құны 28,1 млн теңге (жұмыспен қамту бөлімі, кент әкімі аппараты). 2 елді мекенде, яғни Ақсу ауылдық округі мен Мәдениет елді мекенінде балалар ойын алаңдары ағымдағы жөндеуден өткізілсе, Жаңаталап елді мекенінде 1 балалар ойын алаңы орнатылады. Жобалардың жалпы сметалық құны 19,4 млн теңгені құрап отыр.
