Kyzylorda-news.kz Былтыр шілдеде Жалағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жалағаш аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Онда бүгінде 16 адам жұмыс жасайды.         Орталықтың негізгі функциясына келсек, жағдайы төмен отбасыларды толық сүймелдеу, қиын жағдайдан шығару және қажет болған жағдайда әйелдерге уақытша тұру үшін орын беру. Бір сөзбен айтқанда, аудан көлемінде отбасыларға қолдау және көмек көрсетуге бағытталған қызметті жүзеге асырады. Осыған дейін орталық мамандарына аудан тұрғындары қандай сұрақтармен келді? Оның шешіміне қандай жұмыстар жасалды? Осы және басқа да бірқатар сауалымызға жауап алу үшін орталық директоры Ғалым Жанашевпен сұхбаттасқан едік... 

– Ғалым Ерболұлы, қазір орталық мамандарына өздерін толғандырған сауалдармен келіп жатқан тұрғындар бар ма? Алдымен әңгімемізді осы сауалдың жауабымен бастасақ... 

– Біз негізінен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына психологиялық қолдау, кеңес беру бойынша қызметтер көрсетеміз. Өз құзыреті шегінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырамыз. Бізге түрлі сауалмен келіп жатқандар жоқ емес. Барлығына орталық мамандары сапалы қызмет етуде. 

– Жалпы ауданда қанша отбасы бар? Олардың әлеуметтік жағдайына сараптама жасайсыздар ма? Жағдайы төмен отбасылар қандай мемлекеттік шаралар арқылы қолдауға ие болуда? 

– Жалағаш ауданы бойынша 7075 отбасында 36063 халық есепте тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 14646 адам. Жұмыссыздар –  750, оның ішінде тіркелгендер – 1859, мүгедектігі бар адамдар – 972. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрайды. 

Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатындар да жоқ емес.  2023 жылы 224 отбасының 1313 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып,  69214,6 мың теңге қаржы жұмасалған. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 565 құрайды. Оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балар – 90, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ  1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар – 185, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 206, мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік ұйым қызыметкерлерге 77, жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар 7 отбасын құрайды. Жер учаскесіне есепте тұрған азаматтардың саны 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша  2902-ге жетті. 

– Орталық құрылғалы қандай жұмыстар атқарылды? 

– 2023 жылдың 5 айында және ағымдағы жылдың 22 наурызына дейін орталық қызметкерлерімен бірқатар іс-шаралар атқарылды. Тарқатып айтсақ, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдар, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарымен  бірлесіп, мектептер мен оқу орындарда (45) кездесулер ұйымдастырылды. Отбасы құндылығын айқындайтын «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында билбордтар орнатылды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында аудан әкімдігімен ішкі істер органдарымен бірлесіп бейнероликтер мен хабарламалар дайындалып, телеарна мен әлеуметтік желіде (17) мақала жарияланды.

Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары аясында Жалағаш АПб ЖПҚб ӘЗЗҚт инспекторымен Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылық мәселесiн зерттеу мақсатында Жалағаш ауданының отбасын қолдау орталығының психологымен бірлесіп, халық көп шоғырланатын орындарда 15 рет жаднамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Профилактикалық шара кезінде тұрғындарға заң тұрғысынан толыққанды түсіндіріп, қандай да бір кұқық бұзушылық дерегі орын алған жағдайда полицияға хабар беру ескертілді. 

– Ауданда мұндай қолдауға мұқтаж балалар бар ма? 

– Бүгінгі күні аудан бойынша 20 мектепте оқитын 7063 оқушының 10-ы қолайсыз отбасында тәрбиеленуде. Мектепішілік және есебінде 27, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 43, аз қамтамасыз етілген отбасында 2073 (29%), көпбалалы отбасында 2043 бала тәрбиеленуде. Толық емес отбасының ішінде ата-анасының бірі қайтыс болғаны – 312, ажырасқан – 437, Толық емес отбасының ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін – 214 оқушы бар.

Жоғарыдағы оқушылардың Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар мен Зорлық зомбылықтың алдын алу бойынша мектеп оқушыларымен орталық мамандары арнайы дәрістер мен семинар кеңестер өткізілді, онда 1650 оқушы қамтылды. Бұл бағытта тұрақты түрде жұмыстар жүргізілетін болады. «Отбасын қолдау» орталығының мамандарымен кент ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік карталары жасалды. 

– Жаңа тұрмысы төмен отбасыларға зерделеу жұмыстарын жүргіздік дедіңіз. Оларды анықтағаннан кейін қандай қолдау көрсетілуде? 

– «Отбасын қолдау» орталығының мамандары көмек сұрап келген өмірлік қиын жағдайда қалған 76 кент тұрғындарына қайырылымдық іс шаралары және Жалағаш ауданы бойынша ұйымдармен кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының  демеушігі есебінен 2000 балаға оқу құралдарымен киім-кешек алып беру жұмыстары ұйымдастырылды. «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» және Наурыз мерекесіне орай  «Ардагерлер – алтын қазық» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Орталық мамандары жалғыз басты және көпбалалы 21 қарт отбасылардың үйіне барып, мерекелерімен құттықтап, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізілді.

Орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және аудандық АХАТ бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, аудандық перзентханада босанған аналарды салтанатты түрде шығару және шаңырақ көтерген жас жұбайларға неке куәліктерімен сыйлықтар  беру жұмыстары жүргізілді. Тұрмысы төмен 56 отбасына «Азаматтарға арналған үкімет» Жалағаш аудандық филиалында құжат рәсімдеуге және мемлекеттік қызмет алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» Республикалық акция барысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін кент ішіндегі 4 мектепке барып, орталық қызыметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ана – отбасы тірегі» және «Әйелдерді қорғау – парызымыз» тақырыбында дөңгелек үстел, семинар-тренингтер өткізілді. Орталық психологымен 31 тұрмысы төмен отбасындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық тест, тренингтер өткізіліп, жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар табысталды. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағы да оқыңыз: