Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменов сала қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік қабылдау өткізді.

«Тәуелсіз еліміздің рухани байлығын арттырып, ертеден келе жатқан асыл мұраларымызды ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуде, төл өнеріміздің халықаралық деңгейде танытуда зиялы қауымның, оның ішінде мәдениет және өнер саласы өкілдерінің алар орны ерекше.Бүгінде мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Сондықтан бүгінгі кәсіби мереке иелерінің мерейін асқақтату, рухани – мәдени, жасампаздық мүмкіндіктерін әрі қарай нығайту жолындағы толағай еңбектеріне құрмет көрсету мақсатында жиналып отырмыз», – деді аудан әкімі.

Жалағаш ауданының мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелерінің желісін 6 аудандық және 31 ауылдық мәдениет ұйымдары құрайды.

Биылғы жылы екі ауылдық клуб – Аққыр, Мырзабай ахун елді мекендерінде 150 орындық клуб үйі құрылысын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шежірелі Жалағаш», «Дәстүр мен таным», еңбек адамдарын насихаттау мақсатында «Тұлғатану» жобалары іске асырылды. Балалар шығармашылығын арттыру мақсатында биылғы жылы сала бойынша жаңадан 11 үйірме ашылды.

2021 жылы ауданымызға танымал әнші, жас сазгер Руслан Бурабай Американың Техас штатында өткен Халықаралық көпжанрлы онлайн конкурс-фестиваліне өзінің “Талас” күйімен қатысып, “Халықтық орындау” жанры бойынша І орынды және Мәскеу қаласында өткізілген Халықаралық “Шабыт ырғағы” онлайн өнер конкурсында жүлделі І орынды иеленіп, лауреат атанды.

Салтанатты шарада аудан басшысы Асылбек Шаменов мәдениет және өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала мамандарына марапаттар табыстады.Атап айтқанда, Қазақстандық салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатымен, «Жаңақорған» шипажайына жолдама, 10 ынталы жасқа туристік саяхатқа жолдама табысталды.

Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық сала қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтаса, мәдениет саласының ардагері, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, әлі күнге дейін мәдени шаралардың белсенді қатысушысы болып жүрген Роза Оспанқызы әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, аудан басшысына көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: