Kyzylorda-news.kz Былтыр саланы оң нәтижемен қорытындылаған жалағаштықтар көктемгі дала жұмыстарын наурыздың алғашқы онкүндігінде-ақ бастап кетті. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Жалпы ауданда 200-ге жуық шаруашылық егінмен айналысса, оның 150-ден астамы Сыр күрішін себеді.

Аяқ су тапшылығы жыл сайын ша­руаның ширауына айтарлықтай қол­байлау болуда. Мәселе жыл сайын күрделенбесе, шешімін тапқан емес. Ал жаңадан құрылған министрлік тек «суды үнемдеу керек» дегеннен әрі аса алмай отыр. Осы ретте су тапшылығын ескере отырып, ауданда күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектарға қысқарып отыр. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жо­ңыш­қа дақылдарының көлемі 625 гек­тарға артады.

Ауданда ақегіс жұмыстары 10 нау­рызда басталды. Қазіргі таңда жос­парланған 530 гектар мақсарының 230 гектары, 4850 гектар жаңа жо­ңыш­қаның 2035 гектары, 770 гектар жаз­дық бидайдың 470 гектары орналас­ты­рылды. Мұнан бөлек 129 гектар күздік бидай күтімге алынған.

Жергілікті шаруашылықтар тара­пынан биыл егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 154 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 8 тонна арпа, 4 тонна соя, 18 тонна жүгері, 48 тонна жоңышқа тұқымын дайындалуда. Қазірдің өзінде биылғы егіске қажетті 4 625 тонна күріш тұқымының 4100 тоннасы дайын. 

Мұнан бөлек шаруашылықтар тара­пынан егінді күтіп баптауға қажетті 10 400 тонна минералдық тыңайтқыш, 22 мың литр гербицид дайындау жос­парланған. Бүгінде 7029 тонна мине­рал­дық тыңайтқыш және 1 950 литр гербицид жеткізілген.

Шарушылықтар техникалық ба­за­сын нығайтуға әлі де басымдық беріп отыр. Биылдың өзінде жалпы құны 207 млн теңгеге 2 ауыл шаруашылығы алынған. Ал көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына 955 ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Оның ішінде 520 трактор, 115 соқа, 52 тұқым сепкіш, 100 автомашина, 168 трактор тіркемесі бар. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары егін орналастыру жұмыс­тарына сақадай сай десе де болады.

Шаруашылықтар тарапынан көктем­гі егін орналастыру жұмыстарына «Гос­Агро» порталы арқылы 1 685 тонна же­ңілдетілген дизель жанармайына өті­нім берілген. Қазіргі таңда 12 ша­руа­шылық 245 тонна дизель жанар­майын алып, егін орналастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Дизель жанармайының 1 литрі 248 теңгеден жеткізілуде.

Биыл су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін ауданда егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары әзірленген. Су тапшылығының алдын алу мақ­са­тында инженерлік жүйедегі егістік жер­лерде дақылдарды кезектестіру кестесін қатаң сақтау, ауыспалы егіс жүйесіндегі және биік жерлерге күріш дақылын орналастыруға тыйым салу, қашыртқылардағы суды қайта пайдалану үшін су айдайтын насос қондырғыларын орнатуды ұйым­дас­ты­ру, ішкі шаруашылық су жолдарын механикалық тазалау және су құрылыс нысандарын уақытылы жөндеу, егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қондырғыларын дайындау қажет. Бұл жайында шаруашылықтарға алдын ала ескертілген. Былтыр орын алған олқылықтарға көз жүгіртсек, кейбір шаруашылықтардың бұл талаптарды сақтамағанын аңғару қиын емес. Мәселен, өткен жылы ауданда 1 346 гектар күріш артық егілген. Осы ретте ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Биыл егінді күтіп баптауда 32 су тартқыш насос қондырғысын пай­далану жоспарланып отыр. Оның ішінде 13 насос «Казсушар» өндірістік учас­кесі тарапынан шаруашылықтарға бе­рілсе, 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Насос қондыр­ғыларын қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасын табуда.

Себілген дәнге су толық баруы үшін жердің тегістігі маңызды рөл атқарады. Бұл бір жағынан өнімнің шығымына да айтарлықтай оң әсер етері анық. Биыл 20 мың гектар инженерлік әзірленген жер­лерде лазерлік тегістеу жұмыстары атқарылған. Мамандар оның суды үнем­деуде де үлесі басым екенін айтады.

Ауданда тұрғындар тарапынан кар­топ, бақша дақылдарын орналас­тыруға жер дайындау жұмыстары біз ізге түсті. Бүгінде аймақ басшысының бұл бастамасы халықтың бақша өнімдерін өздері егуіне қолғабыс болып отыр. Осы ретте айта кетейік, шаруашылықтар тарапынан жер аршылады, қоршалып, аяқ су жеткізіледі. Ал халық тек салған бақшасының күтіміне жауапты. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі биыл да осы бағытта жұмыстары жалғасатынын айтады. Яғни 500 гектар жаңадан жер дайындалып, оның 235 гектарына картоп, 192 гектарына басқа да бақша дақылдары, 73 гектарына көкөніс орналастырылады. Қазіргі таңда 610 тұрғын картоп, көкөніс, бақша да­қылдарын орналастыруға өтінім біл­дірген. Мұнан бөлек Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 10 гектар жерге тамшылатып суару әді­сімен картоп, бақша дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл жұ­мыстарды аталған шаруашылық дәс­түрге айналдырған. Оның да ел игілігін көріп отыр десе де болады. Себебі төраға Әліби Бекжанов күзде жиналған бақша өнімдерін жалағаштықтарға ар­зан бағада ұсынуда. 

Былтыр аудандағы 172 шаруашылық «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 474,9 млн теңгеге су жеткізу қызметіне келісім-шартқа отырған. Бүгінде оның 427,6 млн теңгесі төленген. Шаруа­шы­лықтардың пайдаланған су жеткізу қыз­­метіне әлі де берешек қарызы 47,3 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда қал­ған берешек қарыздар сот арқылы өндірілуде.

Айта кетейік, былтыр ауданда 37079 гектарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дары орналастырылған. Былтыр да егін орналастыру, күтіп баптау жұмыс­та­рында су тапшылығы орын алған. Егінді сумен қамтамасыз ету үшін аудан шаруашылықтары 45 сутартқыш насос пайдаланған болатын.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: