Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары аймақта аяқ су мәселесі күрделеніп келеді. Бұған дария деңгейінің тым төмендігі басты себеп. Олай болатындай реті бар, Сырдария – негізінен трансшекералық өзен. Оның үстіне сағаның соңында Қазақстан тұр. Қазір үстінен өзен өтетін елдер арасында келіссөзге дайындық жұмыстары пысықталуда. Бұған еліміз сырттан мамандар тартуға да құлықты. Ал ол нәтижелі болса, алдағы уақытта диқандар аяқ судан тарықпайды.
Өткен аптаның соңында Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың төрағалығымен көктемгі егін егу және дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мәжіліс отырысы өтті. Оған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнолла Молдағалиұлы, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Әлібекұлы, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының Су шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Жорабек Шаршыбекұлы, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Қуанышұлы қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес жұмысшы топ 2024 жылы Сырдария өзенінің су шаруашылығы жағдайы, егісті әртараптандыру, суды үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану және егіншілік саласын субсидиялаудағы биылғы өзгерістерді түсіндірді. Сондай-ақ 2024 жылы егіс орналастыру жұмыстарын уақытылы, сапалы әрі тиімді ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Шаруашылық төрағаларына егіс орналастыру науқанын ойдағыдай өткізу үшін әлі де дайындық жұмыстарын пысықтап, көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзім ішінде жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолда бар техникаларды толық дайындыққа келтіріп, барынша пайдалану керек екендігі ескертілді.
Айта кетейік, былтыр ауданда 37 079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бүгінде 195 құрылым егін шаруашылығымен айналысуда. Былтыр егінді орналастыру, күтіп баптау жұмыстары барысында су тапшылығы орын алған. Егінді сумен қамтамасыз ету үшін аудан шаруашылықтары 45 су тартқыш насос қондырғыларын пайдаланды.
2023 жылы ауданға келген су көлемі 929,18 млн м3 болды. Бұл нақты жоспардың 89,3 пайызын құрайды. Оның 793,75 млн текше метрі егінге пайдаланылған. Егін жинау жұмыстарына 1 120 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Атап айтқанда, 275 комбайн, 498 трактор, 121 жатка, 58 жүк көлігі, 168 трактор тіркемесі бар. Былтыр аудан шаруашылықтары 659,1 млн теңгеге 20 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Аудандағы суармалы жерде дақылдарды орналастыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бақылау жұмыстары барысында былтыр 1 346 гектар күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталды. Оларға заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.
Былтыр жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жер дайындалып, 921 отбасы 217,3 га картоп, 63 га көкөніс, 219,7 га бақша дақылдарын орналастырды. Орын алған су тапшылығына қарамастан шаруашылықтар мен тұрғындар тарапынан орналастырылған егінді уақытылы, толығымен жинап алды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл бекітілген сызбасына сәйкес 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарда бар. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 18 500, бидай 770, күздік бидай 129, арпа 40, сүрлемдік жүгері 700, мақсары 530, қант құмайы 90, соя 65, сұлы 5, жаңа жоңышқа 4 850, ескі жоңышқа 7 825, картоп 650, көкөніс 1 115 және бақша өнімдері 1 296 гектарды құрайды.
Биыл 199 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлануда, оның ішінде күріш дақылын орналастыратын шаруашылықтар саны – 152. Су тапшылығын ескере отырып, күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1 300 гектарға қысқартылып, тиісінше суды аз қажет ететін бидай, қант құмайы, мақсары, жоңышқа дақылдарына басымдық берілген. Сонымен қатар жеке тұрғындар тарапынан 500 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру биыл да жалғасады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай