Kyzylorda-news.kz  85 жылдық тарихы бар Жалағаш кенттінің келбеті күннен-күнге көркейіп, көгалданып келеді. Күрмеуі шешілмеген түйіткілді мәселер де кезең-кезеңімен оң шешімін табуда. Солардың бірі – құрылыс жұмыстарының қарқынды түрде жүруі.  Иә, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. 

Соңғы жылдары жалағаш ауданында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бірнеше құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, жұртшылық үлкен қуанышқа бөленуде. Биыл да бұл жарқын жобалар жалғасын тауып, жалағаштықтардың қуанышын еселемек. Аудандық құрылыс бөлім басшысының айтуынша биыл алғашқы тоқсанда 3 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 2 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Олардың бірі – Есет батыр елді мекенінің тұрғын үй секторларының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу жұмысы. Яғни ауылдағы электр желілерін жаңғыртуға 338,8 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ Темірбек Жүргенов елді мекенінің электр желілерін жаңғыртуға 435,1 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме – «Энергомера» ЖШС.  

– Үшінші нысан бойынша келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталынан түзетулер енгізілуде. Ол – Мырзабай ахун елді мекенінің тұрғын үй секторларының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу жұмыстары. Яғни ауылдың электр желілерін жаңғыртуға 148,4 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме – «Нұрай Ақжол РГ» ЖШС. Құрылыс монтаждау жұмыстарының мерзімі – 6 ай. Яғни барлығы да қыркүйек айында толық пайдалануға беріледі, – деді құрылыс бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров. 

Жалағаш ауданындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары 2021 – жылдан бері сақалды құрылыс болып тұрғаны аудан тұрғындарына аян. Осыдан 3 жыл бұрын бастау алған құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған.Осы тұста бөлім басшысы жақсы жаңалығымен бөлісті. Яғни спортсүйер қауым асыға күткен ғимарат осы айда ел игілігіне беріледі. Азаматтарды баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсарту үшін былтыр Ұлттық қордан 538,5 млн теңге бөлінген. Оған ауданнан 51 тұрғын үй сатып алынып, кент әкімі аппаратының теңгеріміне өткен. Биыл Ұлттық қордан тағы 5 тұрғын үй сатып алуға 63,5 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда жер телімін орналастыру бойынша жұмыстар жүруде. Облыстың мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы қаңтар, ақпан, наурыз айларында конкурстар жарияланған. Олардың қатарында ауданнан емдеу мекемелерінің жаңадан кәріз жүйесі құрылысы бар. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 290 млн теңге. Мұнан бөлек «Ақтерек» учаскесіндегі 170 гектарға тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылым құрылысы да бар. Жоба құны – 1 млрд 72 млн. теңге. Алдағы уақытта мердігер мекемелер анықталса, мұнан бөлек Есет батырда ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту, жалпы ауылды дамыту және құрылысын салу схемасына түзету енгізу, Аққырда «Аққыр» каналын қазу, Мәдениет, Бұқарбай батыр елді мекендерін дамыту және құрылысын салу схемасына түзету енгізу, кенттің бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары жүргізіледі. 

Бөлім басшысы тиісті сала басшыларымен бірге кенттің келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған жеке меншік және кәсіпкерлік нысандарды қалыпқа келтіру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғанын және олар әлден нәтижесін беріп жатқанын айтады. Яғни аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында, меншік иелеріне бөлім тарапынан әзірленген эскиздер ұсынылған. Мұнан бөлек ретсіз жатқан құрылыс материалдарын алып тастау барысында 30 меншік иесіне ескерту беріліп, ішкі істер бөлімі қызмектерлері арқылы 5 меншік иесіне айыппұл салынған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Ғалымжан Қайназаров әлден меншік иелері оларды реттеуге ниет білдіріп жатқанын айтады. 

Тағы да оқыңыз: