Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары Жалағаш ауданында кәсіпкерлік саласы бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, бұрын кәсіп тек егін мен мал басын көбейтуге бағытталса, қазір түрлі инновациялық жобалар бар. Соның ішінде қап шығару кәсібі бүгінде қарқынды дамып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Иә, Жалағаштықта қайтарымсыз грант алып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен іскер азаматтардың үлкен шоғыры қалыптасқан. Соның бірі – аудандағы қалдықсыз өнім шығаратын «Нұр» қап зауытының иесі Асылхан Нұрасылов. Өндіріс ошағынан бір демде күріш, жем, қоқыс салуға арналған 10 мың қап шығарылады. Бүгінде зауыттың жұмысын жүйелеуге 4 адам жұмылдырылған. Сол арқылы аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізіп отыр. 

Кәсіп иесі Асылхан Нұрасыловтың айтуынша, шикізат көршілес Өзбекстан елінен келеді. Бұл кәсіп түрі Өзбекстанда қарқынды дамыған. Нақтырақ тоқталсақ, ала тақиялы ағайындарда 50-ден аса қап өндіретін зауыт бар көрінеді. Ал зауыттың басты техникасы Қытайдан арнайы жеткізілген.

– Қаптар бізге Қытайдан келеді. Сосын осы қаптарды өзімізде де шығаруға болады ғой. «Неге шағын зауыт ашпасқа?» деген ой келді. Жобасын жасап, ғимаратқа жер іздей бастадым. Жобаны дайындап, мемлекеттен қаржылай қолдау таптым. Қытайдан құрылғылар сатып әкелдік. Сөйтіп шағын зауытты іске қостық, – дейді кәсіпкер.

Алдымен полимер шикізатынан жіп иіріледі. Дайын жіптен қап тоқылады. Одан әрі қапты өлшеміне қарай кесу, тігу, тапсырыс берушінің логотипімен басып шығару жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмыс тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Зауытта түрлі-түсті логотипті басып-шығару цехы да іске қосылған. Одан бөлек бұл жерде қаптың ішіне целофан қосып тігетін цех жұмыс жасайды.

Іскер азамат бұл кәсіпті бастауды көптен бері ойға түйіп жүрген. Ойға алған жұмысынан өнім алып отырған ол алдағы уақытта өнімін тек облыс көлемінен ғана шектелмей, шетелге экспорттауды мақсат етіп отыр. Бұл игілікті істің барлығы «Ауыл аманаты» жобасы аясында алған несиенің арқасында жүргізіліп отыр. 

Айта кетейік, бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданға қарасты кент пен 8 ауылдық округ бойынша «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы өндіріс, асыл тұқымды мал шаруашылығы, қызмет көрсету, өсімдік шаруашылығы бағытында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған.

Тағы да оқыңыз: