Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ «Қызылорда КВН» филиалы, аудандық жастар ресурстық орталығы және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жалағаш аудандық Жайдарман лигасының финалдық ойыны және облыс әкімінің кубогіне арналған іріктеу кезеңі өтті. 

Ойынның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, жастар бойындағы өнерге деген қызығушылықтарын дамыту, эстетикалық талғам мен сахна мәдениетіне тәрбиелеу, жастар арасында көшбасшы, талантты жастарды дайындау. 

Қазылар алқасында «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Қызылорда КВН филиалының атқарушы директоры, Qosyl жастар орталығының қызметкері Тәксібай Руслан, «БМК» құрамасының белді мүшесі, жайдарманшы Ералы Ақтан, №33 орта мектептің тарих пәні мұғалімі, белсенді жас Жанибай Сымбат, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Амандық Нұржан және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исатай Ербатыр болды. 

Жалпы ойынға 5 команда қатысып, 3 кезең бойынша (сәлемдесу, биатлон, видеосайыс) өзара бақ сынасты. Ойын қорытындысы бойынша жүлделі І орынды З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп «Дәуімбай» құрамасы, ІІ орынды М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп «Мардан ұландары» және №188 орта мектеп «Аққыр жастары» құрамалары иеленді. Сонымен қатар, «Үздік команда» номинациясын №124 орта мектеп «ЖМИ» құрамасы иеленсе, «Үздік ойыншы» номинациясы мен 10 000 теңге қаржылай сыйлықты №118 орта мектеп «Таң жастары» құрамасының ойыншысы Алтынбай Рүстем иеленді. 

Аудан орталығындағы З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің «Дәуімбай» құрамасы облыс әкімінің кубогіне арналған Жайдарман ойындарына жолдама алды.

Тағы да оқыңыз: