Kyzylorda-news.kz Әлемде ешқашан өшпейтін, даму үстінде жүріп отыратын мамандықтың бірі – медицина саласы.  Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақхалатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі екені айтпаса да белгілі. Бүгін біз де жыл бойы науқас үзілмейтін Жалағаш аудандық ауруханадағы «Терапия» бөліміне барып, ақхалаттылардың тынымсыз еңбегін, қарапайым халықтың дәрігерлерге деген ризашылығын көріп қайттық.

Біз барғанда дәрігерлер палаталарды аралап, науқастардың хал-жайын білсе, мейірбикелер дәрі-дәрмек пен укол уақытына дайындауда. Науқастардың бірі сондағы мамандар кеңесіне жүгінсе, енді бірі аурухана ішіндегі қалпына келтіру кабинетінде арнайы аппараттармен ем қабылдауда. Жатын бөлмелері тап-таза, кіреберісінде бір жағында әжетханасы, бір жағында суға түсетін бөлмесі орналасқан. Барлық палатадағы бұл бөлмелер түгелдей іске қосылған. Палатаға кіргенде емделушілермен азын-аулақ сұхбаттасқан болатынбыз. Мұндағы кісілер «Бөлімнің дәрігерлері – жан-жақты өте білікті мамандар. Науқастардың диагнозын қоюда, емдеу шараларын жүргізуде көңілімізден шығады. Ауырып күрделі халде келіп, қазір біраз қалыпқа түсіп, аяққа тұрып жатырмыз. Енді бірнеше күн ем қабылдасақ, құлан таза айығып, отбасымызға оралатынымызға сенеміз» дейді.

«Терапия» бөлімінің меңгерушісі – Әзизбек Жәмкеев. Жалпы бұл бөлімде 2 пост бар, 3 дәрігер, 1 аға медбике, жалпы 18 медбике, 14 кіші аяжан бар. Бөлімше 33 төсек орыннан тұрады. Оның ішінде 10 кардиологиялық, 10  неврологиялық, 10 терапиялық, 3 ревматологиялық төсек орын. Ал терапияның күндізгі стационарында 15 төсек орын бар. Ақылы палатада 2 орын қарастырылған. Барлық бөлмелер кең, таза, жылы сумен қамтамасыз етілген. Палаталар 2 және 4 орындық болып бөлінеді. 

– Менің қызмет етіп жүргеніме 15 жыл болды. Емханада жалпы 3 терапевт маман бар. Әрқайсысымыз күніне кем дегенде бес, тіпті кейде он шақты науқас қабылдап, ауруханада барлық тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Осылайша күнде науқас қабылдағандықтан ба, бір жыл бойы бөлімшеде бір бөлме де науқассыз қалмайды. Кейбір науқастар естен танып, есін жоғалтып келеді. Негізі ол – ең қиын аурулардың бірі, себебі адам өз есін жоғалтып, өзін-өзі игере алмай қалады. Сол кездері іштегі барлық мейірбикелер, аяжандар бәріміз жұмылып тыныштандыруға тырысамыз, – деген бөлімнің меңгерушісі Әзизбек Жәмкеев ақхалатты абзал жандар деген атқа лайықты болу әр медицина қызметкерінің міндеті екенін айтады. 

«Дені сау адам – қоғамның басты байлығы» деп ғалымдар айтып кеткен. Осы жолда қазірдің өзінде дәрігерлер белсенді кірісіп жұмыс жасауда. Соның бірін мысалға алсақ, «Терапия» бөлімі осы кезде халық денсаулығын сақтау және қорғау барысында айтарлықтай жақсы жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. 

Өткен жылы бұл бөлімге  1 547 науқас түскен.  Емделіп жазылып шыққан науқастар саны – 1 532. Ал биыл 5 айда осы бөлімге түскен науқас саны 783 болса, емделіп шыққаны – 753.

Жалпы «Терапия» бөлімінің жұмысы күрделі. Мұнда көптеген диагноздағы науқастар емделеді. Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы, артераильды гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, бронх демікпесі, қант диабеті, анемияның ауыр дәрежелі түрлері, ревматологиялық аурулар, цереброваскулярлы ауру мен дисциркуляторлы энцефалопатия, ми қан айналымының жедел бұзылысының салдары, эплепсия, бел омыртқаларының остеохондрозы, протрузиясы, грыжасы және созылмалы пиелонефрит, созылмалы холецистит пен созылмалы панкреатит сияқты көптеген ауру түрлері бойынша ем-дом жасалады. Алайда бөлімде білікті дәрігерлер де, жұмысына жауапты медбикелер де жеткілікті болғандықтан науқастардың аман-есен үйіне оралуына көмектесіп, ауруханадан шығарда тек алғыс алатын көрінеді.

– Мен емханаға қатты ауырып, жағдайым күрделі күйде түстім. Қазір осы «Терапия» бөлімінің дәрігерлері мен қызметкерлерінің арқасында аяққа тұрып, жағдайым жақсарып қалды. Әр қызметкер өз жұмысын тиянақты әрі ұқыпты атқарады. Халықпен сөйлескен уақытта да жылы сөйлесіп, көңілімізді тауып отырады. Жалпы ақхалаттыларға деген алғысым шексіз, – дейді ем алушы Қарлығаш Қолтайқызы.

Уақытпен санаспайтын дәрігерлер кез келген шақта науқас жағдайы нашарласа, бүкіл жұмысын ысырып, ауруханаға жетіп келеді. Тіпті сенбі, жексенбі күндері де демалуы екіталай. Себебі адамдар өзінің шексіз байлығы денсаулығын дәл осы дәрігерлерге сеніп тапсырады. Ақхалаттылардың халық арасында абзал жандар деген атауға ие болуы да содан болар.

Қазір медицина қарқынды дамыған. Диагностикалық мүмкіншілігі де артқан. Дәрігерлер жүргізіп жатқан ем-дом шипа болып, тіпті ағзаларды алмастыру оталары өмірімізге батыл түрде енгізілді. Көптеген қатерлі инфекциялық аурулардың елімізде мүлдем жойылғандары да бар. Өйткені қазіргі дәрігерлер ол аурулардың шығу себебін, зерттеу жолдарын, клиникалық белгілерін, емдеу тәсілін және профилактикалық іс-шараларды жақсы біледі.

 

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Тағы да оқыңыз: