Kyzylorda-news.kz Төтенше жағдайлармен күресу тек сала мамандарының жұмысы деген – қате түсінік. Шындығында, жұмыс барысында болсын, қарапайым үй шаруасында да қауіпсіздік талаптарының сақталмауы үлкен апаттарға сеп болуы мүмкін. Сорақысы, оның соңы кей жағдайларда адам шығынымен аяқталуда. Міне, осы ретте әрбір адам әрбір жерде қауіпсіздік ережелерін сақтаса, кез келген мәселенің алдын алуға жол ашылады. Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Еркін Назарқұловтың да айтары осы. Салаға жауапты бөлім басшысымен сұхбаттастық...
– Еркін Есетұлы, енді бір аттасақ, жаңа жылға да аяқ басамыз. Осы ретте үш тоқсанның қорытындысын сараласақ, жалпы ауданда 9 айда қанша төтенше жағдай орын алды және оған басты себеп не?
– 9 айда ауданда 12 төтенше жағдай тіркелді, былтыр 41 жағдай орын алған болатын. Биыл орын алған 41 төтенше жағдайдың 9-ы техногенді, 3-еуі табиғи төтенше жағдайларға жатады. Былтыр 1 жағдай адам шығынымен аяқталған.
– Жалпы осындай жағдайлардың алдын алуда қандай шаралар қабыл-дайсыздар?
– Жыл басынан бері 4 рет комиссия отырысы өтті. Оның 3-еуі жоспарлы, 1-еуі жоспардан тыс ұйымдастырылды. Жоспарлы өткен комиссия отырыстарында 12 өзекті мәселе қаралып, 42 жауапты тұлғаға нақты тапсырмалар берілген. Ал жоспардан тыс комиссия отырысында 1 мәселе талқыланып, тиісті мекемелерге хаттамалық тапсырмалары жолданды. Комиссия отырыстарында төтенше жағдайлардың алдын алу пысықталып, нақты шаралар қабылданады. Биыл соның барлығы өз жемісін берді деп толық айта аламын. Себебі өткен жылмен салыстырғанда төтенше жағдайлар саны азайды. Бірақ бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Сондықтан әлі де жұмыс қарқынын бәсеңдетпейміз.
– Тілсіз жау өрттің шығу себептеріне тоқталсаңыз?
– Биыл 9 айда 12 өрт оқиғасы орын алды. Былтыр дәл осындай 38 жағдай тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғалары 68 пайызға азайған. Тіркелген өрт оқиғаларын талдасақ, нысандарда 1, автокөліктерде 1, тұрғын үй секторларында 7, далалық жерлерде 3 өрт оқиғасы орын алды. Былтыр да, биыл да осы өрт салдарынан 1 адамнан қаза тапты. Сондай-ақ биыл 1 адам жарақат алды.
Енді жаңағы сауалыңыздың түйінін тарқатсақ, тек өрт оқиғасы ғана емес, осыған дейін орын алған барлық төтенше жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алып отыр. Еріншектік дейміз бе, әлде немқұрайлықпен байланыстырамыз ба, көбінесе адамдар қауіпсіздік ережесіне бейжай қарайды. Ал салдары үлкен шығынға әкеледі. Мұны жете түсінгенде ғана біз мәселенің алдын аламыз. Бұл бойынша түсіндірме жұмыстарын да ұдайы жүргізіп келеміз. Оның барлығы өз нәтижесін беріп келеді. Бірақ бізге әлі де қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет.
– Жаңа үлкен шығын деп қалдыңыз, мәселен, осы 9 айғы өрттен қанша шығын келді?
– Өрттен келген шығындарды талдасақ, биыл 9 айдағы шығын 4 млн 497 мың теңгені құрады. Ал былтыр 18 млн 211 мың 900 теңге шығын келген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылык туралы кодексінің 410 бабы 1 бөліміне сәйкес, өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын сақтамағаны үшін 10 жеке тұлғаға ескерту шарасы, 410 бабы 3 бөліміне сәйкес, 1 заңды тұлғаға 36 920 теңге әкімшілік айыппұл шарасы, 4 өртке жатпайтын жану оқиғасы бойынша жеке тұлғаларға 336 бабына сәйкес 147 680 теңге айыппұл шарасы көрілді. Өткен жылмен салыстырғанда өрт бойынша көрілген әкімшілік шаралар 72 пайызға көбейген. Тұрғын үйлердегі өрт және көмірқышқыл газынан улану жағдайларының алдын алу мақсатында аудан әкімдігіне ұсыныс беріліп, 160 көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер алынып, 116 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасына орнатылды.
Жалпы материалдық шығын да адамға оңай емес, бірақ адам шығынын толтыра алмайсыз. Міне, осы ретте біз селқостық пен еріншектікті ысырып, немқұрайлықтан ада болуымыз керек. Сондықтан үгіт-наихат жұмыстарын тоқтатпаймыз. Осыған дейін аудандық «Жалағаш жаршысы» және «Сыр дидары» газетіне 52 мақала жарияланды. Барлығы қауіпсіздік талаптарына негізделген. Телеарнада 4 рет сұхбат та ұйымдастырдық. Қызылорда облысы ТЖД-ның әлеуметтік желісіне және ауданның «Facebook», «Instagram» парақшаларында 164 мақала жарық көрді. Мұның барлығы өз жемісін беруде.
– Жеке тұрғын үйлердің қауіпсіздік талаптарын түсіндірме кезінде көретін шығарсыздар, ал әлеуметтік нысандар бақылаудан тыс қалып жатқан жоқ па?
– Өрт қауіпсіздігі саласындағы профилактикалық бақылау мен қадағалау тізімінің негізінде Жалағаш ауданының білім бөліміне қарасты 11 мектеп, Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме, Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану жөніндегі өндірістік учаскесі ғимаратына өрт техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған 160 кемшілікті жою туралы ұйғарым берілді. Аудан прокурорының қаулысымен ауданда орналасқан 20 орта мектеп ғимаратына өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерге сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабының 1 бөлімімен 20 лауазымды тұлғаға ескерту шарасы көрілді. Сондай-ақ мектеп асханаларының кәсіпкерлеріне ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабының 2 бөлігіне сәйкес 73 840 теңге айыппұл салынып, уақытылы өндірілді. 11 жеке балабақша мен №203 орта мектеп ғимаратында орналасқан «Береке» шағын орталығы, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі ғимаратына тексеру жүргізіліп, 11 балабақша мен 1 шағын орталыққа заңды тұлға ретінде ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабының 1 бөлігіне сәйкес, әкімшілік ескерту түрінде шара, 1 колледж бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 359 бабының 1 бөлігіне сәйкес, 36 920 теңге айыппұл салынды. Жалағаш аудандық №11 ӨСБ-нің шығу ауданында 704 өрт гидранты орналасқан. Аудан орталығында 163 өрт гидранты бар, елді мекендерде 532 өрт гидранты және нысандарда 9-ы бар. Қазіргі таңда күзгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.
– Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде төтенше жағ-дайлардың дер кезінде алдын алу қиынға соқпай ма? Әсіресе орман өртінің алдын алуда нендей шаралар қабылдайсыздар?
– Ауданда мемлекеттік орман қоры 769 482 гектарды құрайды. Жалпы Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 660 шақырым ескі минералды жолақтары толық жаңартылып, 150 шақырым минералды жолақ жаңадан жүргізілді. Жыл басынан бері орман шаруашылығының аумағындағы өрттердің алдын алу және шұғыл ден қою мақсатында 4 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Орман қоры аумағында жергілікті атқарушы органдар мен аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары бірлесіп, күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізді. Сонымен қатар облысы әкімінің елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру туралы жоспарына сәйкес былтыр Қаракеткен мен Бұқарбай батыр ауылында өрт сөндіру бекеттері ашылды. 2021 жылы Мәдениет пен Аламесекте ашылған. Сырдария ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің теңгерімінен 1 негізгі өрт сөндіру автокөлігі алынып, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы әкімі аппаратының теңгеріміне алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта бұл мәселені де кезең-кезеңімен шешеміз.
– Бір жылдары суға түсу маусымында ауданда адам шығыны көп тіркелді. Мұны сол кезде мамандар ауданда су түсуге арналған арнайы орындардың болмауымен байланыстырған. Биыл маусымында төтенше жағдайлар орын алды ма?
– 9 айда ауданда су айдындарында қайғылы жағдайлар тіркелген жоқ. Былтыр 9 айда 3 жағдайадам шығынымен аяқталған. Оның 2-еуі – бала. Әлбетте сіз айтқан жағдайлар да өз әсерін тигізеді. Бірақ мен бұл шешімге толық келіспеймін. Бағана сөз басында айтқанмын, тағы да қайталап айтайын, кез келген төтенше жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алады.
Су айдындарындағы адам қазасының алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылуда. Бұл ретте біз БАҚ-пен тікелей жұмыс жасаймыз, елді құлақтандырамыз. Осыған дейін басылымдарда 7 мақала жарияланды, теледидарда 1 рет сұхбат берілді, әлеуметтік желілерде және интернет мессенджерлерінде 104 мақала және 4 бейнеролик таратылды. Бөлім қызметкерлері мен №11 өрт сөндіру бөлімінің кезекшіліктен бос қызметкерлері кешегі маусымда су айдындарында 124 рейд жүргізді. Рейд жұмыстары барысында балық аулап, мал іздеп жүрген және басқа да жеке шаруаларымен жүрген 438 адамға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы үнпарақтар таратылды. Соның нәтижесі болар, биыл ешқандай адам шығыны орын алған жоқ. Биыл шомылу маусымы басталғалы аудандағы су айдындарында 150 ден астам патрульдеу және рейд жүргізілді. Сонда ҚР ӘҚБтК 412-бабына сәйкес белгіленбеген орындарға суға түскен жеке тұлғаларға 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 51 688 теңге айыппұл салынды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ