Kyzylorda-news.kz Жақында күллі мұсылман қауымға ортақ қасиетті Құрбан айт мерекесі өткізілді. Енді мал  сату, сою бекеттерінде және  мұсылман қауымның басы қосылып үй жағдайында, мешіттерде немесе қоғамдық тамақтану орындарында «құдайы тамақ» беру ұйымдастырылады. Осындай іс-шаралар барысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың, жаппай тамақтан уланудың және жедел ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында Жалағаш аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, тұрғындардың бірқатар талаптарды сақтау қажеттігін қаперге салды.

Ол мал сату, сою бекеттерінде құрбандыққа шалынатын малды сату мен сою арнайы орындарда және әрбір жануардың тиісті ветеринарлық құжаттары болған жағдайда ғана іске асырылуы керек деп есептейді. Сондай-ақ мал сою орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталып, шыққан қалдықтар уақытылы залалсыздандырылуы керек екенін айтады. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі және медициналық кітапшаларының болуы, жеке бас гигиенасын сақтау да үлкен маңызға ие. 

– Үй жағдайында қонақтардың қол жууына жағдайдың болуы, тамақтану бөлмелерінің ауасын жиі алмастыру, шикізат пен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алынуы керек. Үй жағдайында дайындалған өнімдерді пайдаланбас бұрын 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу керек. Ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану, сақтау талабы бұзылғанда келесі күні пайдаланбау керек. Терінің іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы болған жағдайда тамақ әзірлеуге қатыспау керек, – дейді ауданның бас санитары. 

Спикер қоғамдық тамақтану нысандары мен мешіттерде түрлі жұқпалы індеттердің, топтасқан тамақтан уланудың алдын алу да маңызды екенін ескертті. Ауыз су, ыстық су, лас су жүйелерімен, келушілер мен персоналдарға арналған орындар қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдарымен жарақталуы керек. Желдету және ауа баптау жүйелерінің болуы маңызды. Қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық-түлік шикізатының, тамақ өнімдерінің және қосымша материалдардың әрбір партиясын қабылдау, сақтау, тасымалдауын қадағалау және қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттары бар орындардан сатып алынуы тиіс. Үй жағдайында дайындалған консерві өнімдерін қоғамдық тамақтану орындарында, мешіттерде пайдаланбау керек. Ал тез бұзылатын тамақ өнімдері үшін тауардың ілеспе құжаттамасына өнімнің шығарылған уақыты мен күні, сақтау шарттары, соңғы жарамдылық мерзімі көрсетілуі керек және олар тоңазытқышта сақталуы тиіс.

Ауданның бас санитары азық-түлік шикізаты мен дайын тамақ өнімдерін  бөлшектеу үшін  өңделетін тамақ өнімдеріне сәйкес әріпті және түрлі-түсті таңбалауды пайдаланып, таңбаланған жеке бөлшектеу мүкаммалдарды мақсаты бойынша пайдалану керек деп есептейді. Ал жабдықты пайдалану,  жуу және дезинфекциялау оларды пайдалану, жуу және дезифекциялау жөніндегі  өндіруші нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Тамақ қалдықтарын жинауға арналған  жарамды жағдайдағы бөлек контейнерлер оларды тазалауды, жууды және жануарлардың кіруінен қорғауды қамтамасыз ететін қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинауға арналған шаруашылық алаңының көзделуін, персоналдың арнайы киімдермен қамтамасыз етілуі мен жеке бас гигиенасын сақтау, тексеріп қараудан, гигиеналық оқытудан өткені туралы белгісі және жұмысқа  рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасының жұмыс орнында сақталуы керек. 

– Терінің  іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы бар, инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдікті адамдар жұмысқа жіберілмеу керек. Жоғарыда аталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда халық арасында улану, аса қауіпті, өткір ішек жұқпалы ауруларының тіркелуіне себепкер болатынын еске саламыз, – дейді спикер.

Тағы да оқыңыз: