Kyzylorda-news.kz Жуырда Жалағаш ауданына облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімдігінде Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданның құрметті азаматы Шыңғыс Айбосыновты қабылдап, қарымды қаламгерге құрмет көрсетті.

Айта кетейік, Шыңғыс Айбосынов 1936 жылы 8 мамырда Арал ауданы Сарбасат ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөл ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Сексеуіл станциясындағы №423 орта мектепті бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың физика-математика факультетіне түсіп, 1960 жылы тәмамдаған. 1960-1965 жылдары өзі оқыған №423 орта мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1965-1973 жылдары Арал аудандық партия комитетінде нұсқаушы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. 1968 жылы Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебін  бітірген. 1973-1986 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарған.

Ол 1988-1998 жылдары Жалағаш кенті кеңесінің төрағасы, кейін әкімі болып қызмет атқарды. 1998-2003 жылдары «Жалағаш мұнайы» АҚ-ның президенті болды. 1968-1991 жылға дейін Арал қалалық, Жалағаш аудандық, Жалағаш кенті кеңесіне 23 жыл депутат болды. 15 жыл Жалағаш аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, 15 жыл бюро мүшелігіне сайланған.

Осыған дейін қарымды қаламгердің «Қазантаев мектебі», «Тынарбай Төлегенов», «Сыр елінің қайраткер қызы», «Қаламгерлік», «Зейнеткерлік», «Егемендік» атты еңбектері жарыққа шыққан. Сондай-ақ оның шығармалары «Армандап өткен ғұмыр», «Мардан», «Таңдамалы топтама», «Жалағаштың жаршысы», «Елу жылда ел жаңа», «Жұлдызды ғұмыр», «Өнегесімен өркен жайған», «Туған өлке – тұнған шежіре», «Жалағаш жаршысы жаңа белесте», «Қызылқұмды түлеткендер», «Сайын даланың сарбазы», «Қызылордалық қаһармандар» кітабында жарық көрген.

Оның егемен елдің ертеңіне жасаған еңбегі еленіп, бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Тарқатып айтсақ, «Құрмет белгісі» ордені,  «Лениннің 100 жылдық», «Ұлы Отан соғысының 50, 60, 65, 70 жылдығы», «Тыңның 50 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдығы» медальдары ағамыздың кеудесінен орын алды. Қарымды қаламгер әлі күнге дейін аудандық басылыммен шығармашылық байланыста. 

Жиында Шыңғыс ағамыздың өнегелі өмір жолына тоқталған Өмірбек Шәменов атпал азаматтың тағылымды ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол абыз ақсақалды «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапаттап, иығына шапан жапты.

Тағы да оқыңыз: