Жалағаш ауданында кәсіпкерлік саласында серпін бар. Бізді салада жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар санының артқаны қуантады. Мәселен, бүгінге дейін 3001 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, қазіргі таңда оның 95,2 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта салада қандай тың жобалар жұмысын бастамақ? Қарапайым халық кәсіп ашу мақсатында мемлекеттік қолдауға ие болуы үшін қайтпек керек? Осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін Жалағаш аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеевпен сұхбаттасқан едік. 

– Жасұлан Талғатұлы, жалпы ауданда жұмыс істеп тұрған кә­сіпорындар қатары артып жа­тыр. Бұл да жүйелі жұмыстың жемісі деп білеміз. Әрбір елді мекенде шағын және орта кә­сіпкерлік субъектілерінің ха­лық санына шаққандағы үлесін 9 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы меже ойдағыдай орындалып жатыр ма? 

– Былтыр бұл меже Жалағаш кенті, Жаңадария және Таң ауыл­дық округтерінде орындалды. Қал­ған елді мекендер бойын­ша кәсіпкерлік субъектілерінің ха­лық санына шақ­қандағы үлесі 9 пайыз­дан төмен. Бірақ жалпы ол елді мекендерде де ілгерілеу жоқ емес. 

– Жоспарға сәйкес жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъек­тілерінің үлесін 95 пайызға жет­кізуге қатысты меже орындалып жатыр ма?

– Аталған көрсеткіш Жалағаш кентінде 94,3, Мәдениетте 93,3, Жаңа­дарияда 92,3, Бұқарбай ба­тырда 92,3 пайызға орындалды. Ал қалған ауылдық округтер бойынша жоспар 95 пайыздан жо­ғары орындалды. Енді кент, ауыл­дық округ әкімдері тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің санын азайту арқылы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілердің үле­сін арттыру қажет. Жоспарға сәйкес кент және ауыл­­дық округтерге халық санына байланысты жаңадан 530 кәсіп­керлік субъектісінің тіркелуін қамта­масыз ету тапсырылған. Был­­тыр мемлекеттік кірістер бас­қар­масының мәліметіне сәйкес ауданда 1 173 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. 

– Макроэкономикалық көрсет­кіштер қалай? 

– Былтыр негізгі капиталға тар­тылған инвестиция көлемі 17 млрд 433 млн теңгені құрады. Өткен жыл­дың тиісті кезеңімен са­лыс­тыр­ғанда 144,4 пайызға орын­далды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші ме­ке­мелері мен кәсіпорындары және жеке секторлар арқылы былтыр 31 млрд 912 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Бұл көр­сеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 па­йыз­ға орындалып отыр. Оның ішін­де өңдеу өнеркәсібінің көлемі 100,3 пайызға орындалып, 7 млрд 377 млн теңгенің өнімі өндірілді. Соны­мен қатар ауданда бөлшек сауда ай­налымының көлемі былтыр 3 млрд 947,8 млн теңгені құрады. 

– Аудан кәсіпкерлері мемле­кет­тік бағдарламаларды тиімді пайдалана ма? 

– Мемлекеттік және өңірлік бағ­дар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау, жұмыс іс­теп тұрған кәсібін әрі қарай да­мы­ту бағытында былтыр 206 жоба 4 млрд 809,3 млн тең­геге қар­жыландырылды. Оның ішінде «Ұлт­­тық жоба» бағдарла­масы­мен 12 жоба 868,7 млн теңге қаржы­лай қолдау тапты. «Аграрлы Несие Кор­по­рациясы» АҚ-ның облыстық фи­лиа­лымен 28 жоба 715,2 млн, «Микробизнес Қызылорда» бағдар­ламасы аясында 28 жоба 273,5 млн, «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 34 жоба 2377,4 млн, «Каз Агро Қаржы» АҚ және «КомТранс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жоба 16,5 млн, «Ауыл аманаты» жо­ба­сымен 22 жоба 179,7 млн, «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның жастарға берілетін 2,5 пайыз­дық несие бағдарламасы ар­қылы 80 жоба 378,3 млн теңгеге қар­жыландырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 149, егін шаруашылығында 11 жоба бар. 

– Жалпы саланың дамуында жас­тардың үлесі қандай? 

– Былтырдан бастап жастарды қолдау және олардың кәсібінің да­муына жағдай жасау мақсатында 2,5 пайызбен несие беру басталды. Осы бағдарлама бойынша ау­дан жастарының 80 жобасы ма­құл­да­нып, 378,3 млн теңге несие бе­рілді. Бағдарламаға Аққыр, Жа­ңа­­талап ауылдық округтерінен бір жобадан қаржыландырылды. Бұ­дан ауыл жастарының да кәсіпке ын­тасын аңғаруға болады. Алдағы уақытта да оларды мемлекеттік бағ­дарламалармен жан-жақты қол­дауға дайынбыз. Жалпы аудан жас­тарының салаға серпін беруде өзіндік қолтаңбасы бар. 

– Жергілікті жұрт «Ауыл ама­на­ты» жобасының игілігін көріп отыр ма? 

– Бағдарламаның тиімділігі мен қаржы ұйымының талаптарын тү­сін­діру үшін аудан әкімінің орынба­сарлары мен тиісті сала басшылары тарапынан былтыр Жалағаш кенті және ауылдық округ тұрғындарымен 30 кездесу ұйымдастырылды. Ау­дан әкімінің хаттамалық тапсыр­масында кент және ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кемінде екі жобадан қар­жыландыру тапсырылған. Бүгін­де кент пен 8 ауылдық округ бо­йын­ша «Байқоңыр ӘКК» АҚ ар­қылы өн­діріс, асыл тұқымды мал ша­руа­шы­лығы, қызмет көрсету, өсім­дік ша­руа­шылығы бағытында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қар­жыландырылды. 

– Жалпы саланың дамуы өз ал­­­дына, енді осы кәсіпкерлікке дем беру арқылы біз аудандағы жұ­­­мыс­­сыздық мәселесін шеше алдық па? 

– Былтыр мемлекеттік бағ­дарла­малар арқылы және жеке қара­жат­тар есебінен жалпы құны 1 млрд 701 млн теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 86 адам жұмыспен қамтылды. Мәселен, жеке кәсіпкер А.Ермекбаевтың антифриз өндіру цехында 2 адам жұмыспен қамтылған. Б.Айбекованың 120 орын­­дық «Жеті қазына» балабақ­ша­сында 18 адам жұмыс жасайды. И.Күзе­ковтың 50 орындық «Арун KIDS» балабақшасында 9 адам жұ­­мыспен қамтылған. «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақ­тау және жем өндіру зауытында 8 жаңа жұмыс орны ашылды. Б.Қошқарбаевтың көлік жуу ор­та­лығында 3 адам жұмыспен қам­тыл­­ған. Б.Алдабергеновтың кө­лік жуу орталығы да 3 адамды жұ­­мыспен қамтып отыр. Ау­дандағы жұ­мыс­сыз­дық мәселесін бір ғана саламен түбегейлі шешу мүм­кін емес те шығар. Бірақ біз жұмыс­сыздық дең­­гейін мейлінше төмен­детуді де на­зардан шығармаймыз. 

– 2024 жылдың да бес айлығы түгесілуге жақын. Жалпы 5 айға жуық уақытта са­лада басқа да қандай жобалар жұ­мысын бастады?

– 2024 жылдың 3 айында ау­данда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2863-ке жетсе, нақты жұмыс жасап тұр­ған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2726. Негізгі капиталға тар­тылған инвестиция көлемі 5 млрд 429,4 млн теңгені құрайды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 111,1 пайызға орындал­ды. Ауданның өнеркәсіп өнім­де­­рін өндіруші мекемелері мен кә­­сіп­орындары және жеке сектор­лары арқылы 3 айда 5 млрд 775 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Сонымен қатар бөлшек сауда айналымының кө­лемі 3 айда 780 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясын­да шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында жыл басынан бері 21 жоба 587,7 млн тең­геге қаржыландырылды. 2024 жылға жос­парланған жалпы құны 441 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске қо­сылса, 23 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде Жеке кә­сіп­кер М.Бисеновтың наубайхана, «Баба» ШҚ-ның ешкі сүтін өңдеу цехы, С.Әбдікеровтың 3 мың басқа арналған тауық фермасы, Ш.Се­рі­ков­­тың мың басқа арналған құс фер­масы, Е.Кайповтың және Б.Ахме­то­ваның сауда орталықтары бар.

Мұнан бөлек Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес құ­рылған Бірыңғай Жалпыұлттық, Өң­­деу өнер­кәсібіне бағытталған жо­ба­лар пулы, Бірыңғай индустрияландыру кар­тасы аясында биыл 1 млрд тең­гені құрайтын екі жоба іске асы­ры­лады. Оның бірі – жеке кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қа­ра­жаты есе­бінен құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтайтын және жем өндіру зауыты. Жоба іске қо­сылғанда тәулігіне 30 тонна ақ кү­ріш шығарып, 5 тонна жем өндіреді. 20 адам жұмыспен қам­тылады деп жос­парлануда. Қа­зіргі таңда жер құ­жаттары толықтай рә­сім­деліп, техни­калық шарттар жасалуда.

Екіншісі, «UNO-PROF Строй» ЖШС-ның «Асфальт өндіру зауыты». Жоба құны – 500 млн теңге. Кә­сіп­орын толықтай іске қосылған уақыт­та тәулігіне 800 тоннаға дейін өнім өн­діріледі. Жаңадан 15 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Қазіргі таңда жобаны іске асыру бойынша аудан әкіміне жер сұрау бойынша өті­ніш жазылып, аудандық ауыл шаруа­шы­лығы мен жер қатынастары бө­лімі тарапынан алдын ала зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. 

Жалпы жыл соңына дейін ауданда жалпы құны 1 млрд 241 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясын­да биыл 1 млрд 30 млн теңгені құ­райтын екі жоба іске асырылды. Оның бірі – «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын күріш ақтау цехы. Кәсіпорын тәулігіне 30 тонна күріш ақтап, 5 тонна жем өн­ді­ретін болады. Бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Енді бірі – «Бағдаулет-57» фер­мер қожалығының жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3 тонна сүт өңделеді. 

– Салаға қатысты кәсіпкерлер­ге, жалпы іс бастауға ын­талы аза­маттарға қандай кеңес бересіз? 

– Бұл жерде әркім өзінің ыңғайына қарап жұмыс бастайды, кәсіп ашады. Олардың көзқарасына, табысына қа­тысты ештеңе дей алмаймын. Бірақ біз түсіну керек бір жайт бар, мемлекет қазір салаға ерекше қолдау көрсетіп отыр. Біз тек соны тиімді пайдалануымыз керек. Кәсіпорындар қатарын көбейту арқылы елдің өз-өзін жұмыспен қамтуына жағдай жасауымыз қажет. Себебі бұл – елді мекендерде жұмыссыздықты тұсаудың тиімді тетігі. Қарапайым халықта кәсіпке ынта болуы керек. Міне, осы мақсатта сол қолдаудан үмітті аза­маттар мен үйлестірушілердің ойы тоғысқанда ғана біз нәтижеге қол жет­кіземіз. Ал кәсіпке деп бөлінген қаражат тек сол мақсатқа ғана жұмсалғанда жұмыстың жүйелі жүретіні айтпаса да түсінікті. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Тағы да оқыңыз: